26 Маусым, 2010

ТYЗУ ЖОЛ

543 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Өмірде күтілмеген жайлар бо­лып жатады. Кейде адам тағдырын күрт өзгертіп жіберетіндері бар. Біз­дің әңгімелемек кейіпкеріміздің өмір жолы басын­да­ғы жәйт те осындай. Оны айтар болсақ, Ақмо­ла­ның түбіндегі Анар стансасы мектебінің түлегі бір­қатар құрбы-құрдастарындай әуелде қандай шаруаға бет түзерін білмей дағдар­ған. Сондай шақта Темір­тау­дағы ағайы келе қалған еді. Дене бітімі құрыштан құйылғандай, жанары­нан от ұшқыны жарқыраған жасөс­піріммен дағдылы әңгіме үстінде: “Байқаймын, сенің металлург бол­ға­ның жөн сияқты. Жара­тылысың соған икемді көрінеді. Төзімділік, табандылық боса болмасын біз­дің әулет қанына сіңген қасиет”, деуі ойландырған-ды. Іргедегі өндіріс оша­ғындағы еңбек дүбіріне өзі де құлағы түрік-тін, тартатынын сезінетін. Ішкі бұлқынысты бұл кеңес одан сайын шоқтандырып, сөзге келместен келіскен. Қарап отырса, оған да біраз уақыт өтіп қалыпты. Содан беріде металлург атанғанына 37 жылдан асыпты. Соның ішінде №1 қаңыл­тыр қақтау цехында табан аудар­мастан еңбек етіп келе жатқанына ширек ғасырдай екен. Бір ғажабы, Виктор Ткаченко-ның мұнда жұмысқа кірісуі Қазақ­стан Магниткасы тарихын­дағы елеу­лі оқиғамен тұспа-тұс болған-ды. “1700” салқын прокат станы­ның құрылысы аяқталып, тынысы кеңейе бастаған шақ еді ол. Ресей, Украина, Қазақстан аумағында өндірілетін жұқа қаңылтырдың тең жартысын шығаруға лайықталған стан кешеніне жас жұмысшылар мен мамандар тың леп естіріп келіп жатқан. Маңдайының бағы бар шығар, Николай Схоромахов, Вла­ди­мир Жэн сияқты тәжірибелі тә­лім­герлер қамқорлығына тап болуы мамандықты тез меңгеріп, шебер­лік­ті жеделдете шыңдауға итерме­ле­ген. Сәл түсіндірсе, іліп алып әкетер қасиеті бір жағынан бұған зор сеп болды. Сөз орайында аталған өндіріс буынының өзіндік ерекшелігін түсіндіре кеткенде, мәселен, домна пешінде шойын алынса, мартен пешінде болат балқытылады, сля-бингте болат құймалар сығым­далады, ал прокат цехтарында қаңылтырға айналдырылып, жұқар­тылады. Осылайша бір-бірімен ұштасып, ұласқан іс комбинатқа ортақ кеуде соқтырады. Бұл күнде В.Ткаченко салқын металды көлденең кесетін агрегат жұмысын жүйелеуші бригада же­тек­шісі. Құрамында алты-ақ адам бар ұядай ұжым. Бәрі де осынау міндеттің ұңғыл-шұңғы­лына жете қанық. Мұның өзі сырт көзге күрделілігі байқала бермес қиын іс. Болат білемдерін 12 миллиметрден 4 миллиметрге дейін жұқарту, оны дәл кесу қандайлық шеберлік қажет ететіндігі тек металлургтерге мәлім сыр. Одан металдық құрылғылар жасалады. Тұрғын үйлер, ғимараттар құры­лысында кең қолданылатын заттар осылар. Бүгінде кезіндегідей алдын-ала белгіленіп қойылатын құрысқан жоспар жоқ. Жан-жақтан түскен тапсырысқа сәйкес жобаланады. Көп болғаны тәуір, әрине. Бұрын сондай еді. Аяқ астынан киліккен дағдарыс салқыны соны шарпы­ғандай болғанымен, өте шығып барады. Биылғы іс ауқымы был-тырғыдан әжептәуір қомақты. Тіленген ой оңғарылуына қуа­нышты бригада қандай да тап-сырма көлемін тындырымды көмкеріп тастайды. – Бұған дейінгі уақытқа қарағанда жұмыс айтарлықтай жеңілдеді. Есесіне жауапкершілік жүгі аса салмақты. Автоматтан­дырылған, компьютерлендірілген озық техника түрлерін басқару дәлдікті, сақтықты талап етеді. Жүргізуге, күтімге кінәмшіл. Сәл кемістікті сезе қояды. Сондықтан бабында жұмыс істеуі үшін барынша тырысамыз. Орта арнаулы және жоғары білімді бригада мүшелері бұл жағынан ұятқа қалмай келеді. Сонымен бірге іс сапасының жоғары талапқа сай болуы қазықты міндеттің бірі. Есеп, ақыл алдымен алға тартылған уақытта сандық көрсеткіштен гөрі сапалық деңгей басты мақсат, – дейді Виктор Павлович. Айтса айтылғандай, ол бастаған жігіттердің міндеттеріне мүлтік­сіздігін цех басшылары да риза-лықпен атайды. “Мамандығының үздігі” атағына көптен ие Виктор Ткаченконың көмекшілері соған қол жеткізуге құштар. – Өтпелі кезең дүрбелеңінде кейбір ұжымдар берекесі қашып, ыдырап жатқанда біз ұйымшыл-дығымызды сақтай алдық. Бұл ретте ұстаздық, ағалық мейір­бандықпен жұбымызды жаздыр-маған, ертеңгіге сенімімізді сейілтпеген Виктор Павловичке разылығымыз бөлек. Түптің түбінде жағдай түзелетіндігіне, өндіріс қайыра күшіне енетіндігіне үміт сәулесін еңбектегі үлгісімен шоқтандырды. Ақыры солай болды, айтқаны келді. Қазір басқа басқа, ай, жыл сайынғы өзгерістерге өздеріміз де таңбыз. Айналада­ғының бәрі танығысыздай. Ал алы­бымыздың келешегі тіпті қуантады. Мұның бәрі Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың түлеп ұшқан туған еңбек ортасына деген ұдайы қамқорлығының арқасында екенін білеміз. Іс-қызметіне қолайлы мүмкіндікке айқара жол ашылған инвестордың комбинат қуатын күшейтуге алаңдаусыз бетбұрыс жасап отыруы экономикалық дамуды басым бағытта ұстанған Елбасы саяса­тының ықпалына байланыстылығы даусыз. Солай бола беруін құптаймыз, – деп толықтырды жетекшілері сөздерін олар. Теміртаулық металлургтер арасында қалыптасқан бір тамаша дәстүр бар. Осы мамандыққа тұтас әулет болып тамыр жайдыру көбіне үйреншікті үрдіс. Ол Ткаченко отбасына да тән. Ұлдары ком­бинатқа бірге барып, бірге қайтады. Әртүрлі буындарда жұмыс істегендерімен, жүректеріне қадірі ыстық кәсіп мақтаныш. Қазақстан Магниткасы қашанда еңбек тарландарына кенде болған емес. Бүгінде де Арғын Жүнісов, Сергей Дрожжин сынды майтал­мандар ізбасарлары жетіп-артыла­ды. Рас, енді бұрынғыдай көпші­лікке танымал еместіктері өкінтеді. Аз жазылады, сирек айтылады. Адам ғұмырының елу аталатын белесінің бел ортасындағы кейіп­керіміз туралы бүгінгі қалам тер­бе­ту­дің себебі де бар. Енді бірер күн­де тұңғыш қазақстандық шойын алынуына 50 жыл толады. Еліміз индустриясының бас шаңырағы өміріндегі айтулы оқиға бұл, бар­ша­ға ортақ мерейлі мереке. Аға тол­қын бастап берген істі жасам­паз­дықпен жалғастырушылар ара­сы­нан Виктор Ткаченконың есімі мен еңбегі айырықша аталары анық. Өйткені, соған лайықтығын дәлел­де­ген жолы түзу, жастайынан серік ет­кен сүйікті кәсібіне берік металлург. Айқын НЕСІПБАЙ, ТЕМІРТАУ.