Шымкент • 05 Наурыз, 2025

Бұл кесел қатаң бақыланғаны жөн

41 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғасыр дерті аталған адамның иммун тапшылығы вирусы – (АИТВ) инфекциясы әлі күнге дейін емі табылмаған қауіпті кеселдің бірі. Статистикаға жүгінсек, Шымкент қаласында 1 917 адам АИТВ-мен диспансерлік есепте тұр. 1884 науқас вирусқа қарсы арнайы терапия қабылдайды.

Бұл кесел қатаң бақыланғаны жөн

Жұқтырылған иммун тапшы­лы­ғы синдромының (ЖИТС) алдын алу және оған қарсы күрес орталығы диспансерлік қадаға­лау бөлімінің меңгерушісі Жанат Сапарованың айтуынша, ем та­ға­йындау тек науқастың келісімімен ғана жүргізіледі. Вирусқа қар­сы пре­параттар өмір бақи ішіледі және үздіксіз қабылдануы керек. Сонда нау­қастың иммунитеті төмендемейді, басқаға жұғу қаупі азаяды. Егер дәріні ішпей қойса, керісінше им­мунитеті әлсіреп, инфекцияның жұғу қаупі жоғарылайды. Осы пре­параттардың арқасында отбасын­да ерлі-зайыптылардың біреуі АИТВ-мен ауырса да, жұбайына вирус жұқтырмайды. Сонымен бір­ге дәрі жүктілік кезінде баланың инфек­цияға шалдығуын болдырмайды. Яғни науқас ана сау бала туады. Ол үшін әр жүкті әйел емханада туғанға дейін екі рет АИТВ-ға қан сынамасын тапсырады. Жылына Шымкентте вирусқа шалдыққан 35–40 жүкті әйел өмірге сау бала әкеледі. Сәбиден төрт рет – туғанда, 1 жарым, 9 айлығында, 1 жарым жасында АИТВ-ға қарсы қан сынамасы алынады. Егер нәтиже теріс болып шықса, диспансерлік есеп­тен шығарылады.

Жыл өткен сайын науқастар іше­тін дәрілер де жеңілденіп, жанама әсері азайып келеді. Мәселен, осыдан он жыл бұрын пациенттер күніне екі рет дәрі қабылдауы керек болса, бүгінде күніне бір рет қолданатын препараттар шыққан. Есепте тұрған 1884 науқастың қазір 1300-і осы жаңа препаратты қабылдап жатыр. Оның бір артықшылығы – үш түрлі препарат бір таблеткаға біріктірілген, жанама әсері өте төмен, 3-4 жылдан кейін білінетін теріс әсері де аз.

АИТВ-ның симптомдары сырт көзге білінбейді. Вирус қанға түскен соң да бірден анықтала қоймайды. Кемі 3–6 айда ғана көрінуі мүмкін. Сол себепті иммунитеті күшті адам вирус жұқтырса да, оны білмей жүре береді. Сондықтан қауіпті топ өкілдерін тұрақты түрде тексеріп отыру керек.

Вирустан құлантаза айықты­ратын препараттар ойлап табу бағы­тында көп жұмыс атқарылып жатыр. Соның бірі – вакцина салдыру. Дегенмен мұндай екпенің тиім­ділігін ескерген жөн. Өйткені вирус әр кез құбылып, түрленіп отырады. Соған қарамастан, тұмау мен коронавируста да жыл сайын екпе алып отыру шарт. Себебі вирустар көп мутацияға ұшырайды. Жай вируста адам организмі одан толық құтылса, АИТВ-да ДНҚ деңгейін­де еніп кетеді, АИТВ вирустарын жасушаның ішінен қуып шығару мүмкін болмай қалады. Вирус адам ағзасын өзіне жұмыс істеткізіп қояды. Яғни көзі байланған организм инфекциямен күресудің орнына вирустар жасап шығара бастайды. Қазіргі қабылданып жатқан АИТВ-ға қарсы терапияның пайдасы сол, вирустардың ағзада көбейіп кетпеуін қадағалайды.

2005 жылға дейін орталықта есепте тұрған науқастар ешқандай вирусқа қарсы дәрі қабылданбаған, қай жері ауырса, соны емдеумен шектелген. Мәселен, туберкулезге шалдықса, оны емдеген, болмаса пневмониямен ауырса, сол кеселді жазуға тырысқан. Ол кезде пациенттердің өмір сүру ұзақтығы 10–15 жылдан аспайтын. Көпшілігі АИТВ-дан кейінгі ЖИТС-тің әртүрлі сатыларында өліп кететін. Адам иммунитеті әлсіреген соң, ағзада­ғы бактериялар күшейіп шыға ке­леді де, түрлі ауруды қоздырады. Иммунитет мықты кезде бактериялар адамға ешқандай қауіп тудырмайды.

Бір өкініштісі, қауіпті инфек­цияны жұқтырғандар саны жыл­дан-жылға өсіп келеді. Мәселен, 2023 жылы ЖИТС орталығына тіркелгендер 200-ге жетпесе, өткен жылы бұл көрсеткіш 214 адамды құрады. Вирусты таратып жатқандар негізінен ер-азаматтармен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер болып тұр. Осыдан 4-5 жыл бұрын олардың саны өте аз болса, қазір Шымкент­тегі ЖИТС орталығында анықталып жатқан АИТВ жұқтырушылардың 80%-ы – гомосексуалистер, олар­дың басым көпшілігі жастар. Маман­ның мәлімдеуінше, бір жыныстылармен төсек қатынасына бару еліміз­­де ешқандай заңбұзушылық бо­­лып табылмайтындықтан, мұндай әрекетке тосқауыл қоюға құзырлы органдардың да, жергілікті атқа­ру­шы биліктің те еш құқы жоқ. Сондық­­­тан орталық мамандары оқу орындарына барып, жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізумен ғана шектелуге мәжбүр.

«Дәрі ішу-ішпеу – адамның өз еркі. Бірақ маман ретінде жүкті әйелдерді мәжбүрлеп емдететін заңның болғанын қалар едім. Өйт­кені ертең вируспен туатын кіш­кентай сәбиге обал. Ондай бала қырқынан шықпай жатып вирус­қа қарсы дәрі қабылдай бастайды. Сондықтан өзімізді ойламасақ та, періште сәбилердің денсаулығына жанымыз ашу керек», дейді Жанат Ілиясқызы.

Сондай-ақ маман шетел азаматтарына қатысты еліміздің заңы тым жұмсақ екенін де айтады. Мәсе­лен, елімізде шетел азаматынан АИТВ анықталса, оған ешқандай шара қолданылмайды, қажетті кеңестер берумен ғана шектеледі. Басқа елдерде бұған қатысты заң қатал. Айталық, көршілес Ресейде қа­уіпті инфекция табылған шетел аза­маты бірден депортацияланады, оған ешқашан азаматтық берілмейді.

 

ШЫМКЕНТ