Еуразиялық экономикалық одақ күшіне енді, жұмысына кірісті. Бұл одақтан біз көп нәрсе күтеміз. Әрине, бәрі бірден жіптіктей бола қалады деуге болмас. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмысты жетілдіріп, кездескен қиындықтарды қатысушы елдердің мүддесі тұрғысынан шешу экономиканың дамуына серпін беретініне сенім мол. Айта кету керек, бұл қатысушылар үшін нақты пайдасы бар таза экономикалық құрылым. Оған еуразиялық кеңістіктің ашықтығы, дамудың эволюциялылығы, барлық шешімдерді қабылдаудағы тең құқықтылық, экономикалық прагматизм, егемендікті сыйлау, еріктілік жатады.
ЕАЭО-ның Қазақстан кәсіпкерлері үшін тауарлар мен қызметтердің, капиталдың, жұмыс күшінің үш ел арасындағы еркін қозғалысы, бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне кәсіпкерлер үшін қолжетімділік, бәсекелестіктің тең шарты, біртұтас нарықты құру есебінен инвестициялық шығындардың азаюы сияқты артықшылықтар мен мүмкіндіктері бар екенін айта кету керек.
Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанға дағдарыстарға тұрақтылықты арттыруға, тарифтік және тарифтік емес кедергілерсіз біртұтас нарыққа шығуға, өндіріс пен технологияны жаңарту және өндірістік қуатты ұлғайтуға, сыртқы сауданың өсуіне, неғұрлым жоғары талаптар есебінен өнім сапасын арттыруға, адам ресурстарын дамытудың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл одақ әлемдік дағдарысқа қарамастан ел экономикасын жаңа белеске көтереді деп есептеймін.
Қай-қай елдің де экономикасы алыс-жақын шетелдермен интеграцияланбай дербес дами алмайды. Бұл жекелеген кәсіпорындарға да тән. Біздің бейметалл құбырлар зауытында алыс-жақын шетелдердегі әріптестерімізбен іскерлік қарым-қатынастар бұрыннан қалыптасқан. Зауыт елімізде бірінші болып пайдалануға берілген композиттік материалдардан шыны талшықты құбырлар шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Зауыт 2005 жылы іске қосылды. Бұл материал алғаш рет Америкада, кейіннен Еуропа мен Азия елдерінде ертеден пайдаланылып келеді. Қазір біздің елде де кеңінен игерілуде. Композиттік материалдан дайындалған құбырларды елу жыл бойы қауіпсіз пайдалануға әбден болады. Зауытта екі жоғары технологиялық желі іске қосылған. Бұл технологиялық желілер муфтамен жалғанатын әртүрлі өлшемдегі шыны талшықты құбырлар шығаруға мүмкіндік береді. Италиялық бірінші қондырғы диаметрі 300 миллиметрден 2600 миллиметрге дейінгі құбырлар шығарады. Қазір осы желімен GRР маркалы барлық құбырларды өндіруге болады. Бұл құбырлар 40 және одан да жоғары атмосфераға шыдас береді.
Біз өндіретін бейметалл құбырлардың осындай ерекшеліктерінің арқасында посткеңестік кеңістікте бірегей жобаны жүзеге асыруға, яғни Ставрополь өлкесіндегі Невинномысск ГРЭС-інің су айдағыш екі желісіне санация жасау кезінде зауыт өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Ол кезде тендерге Түркия, Польша, Финляндия қатысқан-ды. Алайда, таңдау біздің кәсіпорынға түсті. Акционерлік қоғам мамандары алға қойған тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Біздің мамандарымыз ескірген темір құбырларды алмастан бейметалл құбырларды ішінен жіберу арқылы жүзеге асырды. Мұның өзі өте тиімді әрі пайдалы болды.
Қазіргі таңда біздің кәсіпорынға Жезқазғаннан осындай тапсырыспен шықты. Осындағы жер асты құбырларын санациялау кезінде сондай бірегей технологияны пайдалану көзделуде. Біздің өнімдерге деген сұранысты ескере отырып, бұдан бірнеше жыл бұрын жоғары қысымға шыдас беретін шыны талшықты құбыр шығаратын екінші желіні іске қостық. Онда әртүрлі жалғау элементтерімен диаметрі 80 миллиметрден 1000 миллиметрге дейінгі құбырларды орайды. Бұл құбырлар өнеркәсіптің көптеген салаларында пайдаланылады.
Қазіргідей нарықтық жағдайда сұранысты зерттеп отыру қажет. Акционерлік қоғам сумен қамтамасыз ету жүйесі үшін әртүрлі сыйымдылықтар химия, мұнай саласы үшін, агрессивті өнеркәсіптік қалдықтарды тасымалдау үшін 75 текше метрге дейінгі резервуарларды шығаруды жолға қойды. Кәсіпорынның бұл өнімдері нарықта өтімді болып тұр, сұраныс бар. Зауыт жұмысын үйлесімді жүргізудің нәтижесінде кәсіпорын күрделі нарықтық жағдайда бәсекелестікке төтеп беріп, қазір өнім өндіру бірте-бірте артып келеді.
«Ақтөбе бейметалл құбырлары» АҚ шығаратын құбырлардың басым бөлігі ауыз сумен қамтамасыз етуге пайдаланылады. Өткен жылы зауыт бұл салаға жалпы сомасы 30 миллион теңгеге резервуарлар жөнелтті. Мысалы, Өзен стансасынан Түрікменстан шекарасына дейін теміржол тарту кезінде кейбір телімдерге біздің құбырлар пайдаланылды.
Біз өз әріптестестерімізбен әрқашан тығыз байланыс жасап тұрамыз. Зауыт өнімдерінің басым бөлігін ресейлік тұтынушылар сатып алады. Кезінде өндірілген құбырларымыздың 85 пайызы Ресейге, нақтырақ айтсақ, Санкт-Петербургке, Красноярскіге, Кавказға, Повольжеге жөнелтілетін. Бұхарадан, Екатеринбургтен, Саратовтан, Самарадан үлкен тапсырыстар түсетін. 2009 жылы тауар айналымы 4 миллиард теңгеге жуықтады. Кейін тапсырыс көлемі күрт түсіп кетті. Қазір бірте-бірте өнім өндіру көрсеткіші көтеріліп келеді. Бұрынғы байланыстарымызды қалпына келтіруге бағыт ұсталуда.
Бәрі тапсырысқа тәуелді. Бүгінгі таңда өзбекстандық әріптестеріміздің тапсырысын орындауды жалғастырудамыз. 10-12 түрлі композиттік материалдарды Еуроодақ елдерінен, Қытайдан, Араб Әмірліктерінен жеткіземіз. Біздің елде олар өндірілмейді. Кварц құмының өзін Омбыдан жеткіземіз. Еліміздегі кварц құмының сапасы төмен.
Зауыт маусым бойынша жұмыс істейді. Қысқа қарай құрылыс қарқыны баяулайды, тапсырыс азаяды. Ол кезде бізде де жұмыс көлемі азаяды. Сондай-ақ, біз қоймаға жұмыс істемейміз, себебі, ертеңгі күні тапсырысшының қандай өлшемдегі құбырларды қажетсінетінін тап басу қиын. Ал, өнім өтпей тұрып қалса, одан пайда болмайды. Қазіргідей экономикалық жағдайда осылай жұмыс істеген тиімді.
Инновациялық кәсіпорынның жұмыс істеген кезеңінде мұнда ұйымшыл ұжым қалыптасты. Қазір бізде 200-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың еңбек етуіне қолайлы жағдай туғызылған. Сондықтан да жұмысшы- мамандарымыз тұрақты. Зауыт мамыр айының екінші жартысынан тапсырыс көлемінің артуына байланысты тәулік бойы жұмыс істеуге көшеді. Қысқы кезеңде технологиялық желілерді жөндеу, реттеу жұмыстары жүргізіледі. Тапсырыс болып жатса, қысқы кезеңде де құбырлар мен сыйымдылықтар шығарамыз.
Еуразиялық экономикалық одақ біздің кәсіпорын өнімдерінің көршілес елдердің нарығына шығуына жол ашады деп ойлаймын. Бұл зауыттың жобалық қуатына шығуға алғышарт жасайды деп күтілуде. Кәсіпорында композиттік материалдан жаңа өнімдер шығару бағытында ізденістер жоқ емес. Әрине, ол болашақтың еншісіндегі шаруа. Бәрін нарық реттейтіні белгілі, сұранысқа сай өнімдер ұсынуға бағыт ұстанған кәсіпорынның келешегі кемел болар деген үмітіміз бар.
Ян ТАМПАЕВ,
«Ақтөбе бейметалл құбырлары зауыты» акционерлік қоғамының бас директоры.
Ақтөбе облысы.