Қытайда қылмыстық топ құрғаны және адам өлтіргендері үшін өлім жазасына кесілген миллиардер Лю Хань мен оның інісі Лю Вэйге, сондай-ақ, қылмыстық топтың тағы үш мүшесіне қатысты шығарылған үкім орындалды.
Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Лю Хань 1993 жылы өз інісімен бірге қылмыстық топ құрған. Қылмыстық топ мүшелері негізінен Сычуань провинциясындағы жергілікті кәсіпкерлер қызметін бақылауларына алыпты. Сонымен қатар, олардың тоғыз адамды өлтіргендері дәлелденген. 2014 жылдың мамырында Лю Ханьмен бірге, банданың төрт мүшесі өлім жазасына кесіліп, қылмыстық топтың 30-дан астам қатысушысы әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылған болатын. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, Лю Ханның ісі ҚКП ОК саяси бюросы тұрақты комитетінің бұрынғы мүшесі Чжоу Юнканмен байланысты болуы мүмкін. Қылмыстық іс қозғалғанға дейін Лю Хань «Ханьлун» тау-кен өндіру корпорациясын басқарған еді.
Басқа жол қалмағанын мәлімдеді
АҚШ федералдық резервтер жүйесінің бұрынғы басшысы Алан Гринспен Грекия еліне еуроаймақтан шығудан басқа жол қалмағанын мәлімдеді. Мұны ол жексенбі күні «BBC Radio 4» радиостансасының эфирінде айтқан.
Алан Гринспеннің мәлімдеуінше, Грекия солшыл үкіметінің қарыздарды төлеу шарттарын қарауға тырысатын басқа жолдары жоқ. «Мен Грекияның еуроаймағына қатысуы жағдайға көмектесетінін көріп отырған жоқпын. Қазір бөліну – ең дұрыс стратегия», депті ол. Сонымен бірге, экс-төраға осы елдің валюталық одақтан шығуы Еуропаның қаржы нарығында тұрақсыздық тудыратынын да атап өтіпті. Осы жылдың қаңтарында өткен сайлауда жеңіске жеткен СИРИЗА партиясы «несиешілер үштігінен» Грекияға берген 320 миллиард еуроны құрайтын қарызды қайта құрылымдауды немесе есептен шығаруды талап еткен болатын. Бұған Еуропа одағы да, Еуропалық орталық банк те қарсы болып отыр.
Жеті мыңдай содырдың көзі жойылды
Соңғы апталарда Сирия мен Ирактағы халықаралық коалиция күштерінің терроршылдыққа қарсы жүргізген операцияларының нәтижесінде «Ислам мемлекетінің» ең кемінде 7 мың содырының көзі жойылған. Бұл деректі Иордания әскери әуе күштерінің қолбасшысы, генерал Мансұр Салех әл-Жабур келтірді.
«Біз ойлаған мақсатымызға қол жеткізудеміз. Содырлардың логистикалық орталықтарын, қару қоймалары мен олардың паналайтын жерлерін талқандадық. Біздің ең басты мақсатымыз – «Ислам мемлекетін» жер бетінен толықтай жою», – деп атап өтіпті генерал. Сонымен қатар, қолбасшы халықаралық коалицияның ендігі мақсаты – «Ислам мемлекетінің» жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің көзін жою, олардың командалық орталықтары мен содырлардың жаттығу базарларын талқандап, заңсыз мұнай сатудың жолын кесу екендігін де айтқан. Себебі, заңсыз мұнай операцияларын жасасу экстремистерді қаржыландырудың негізгі көзі болып отыр. Өткен үш күнде халықаралық коалиция күштері содырларға қарсы 56 әуе шабуылын жасаған.
Тәртіпсіздік салдарынан ажал құшты
Каирдің шығыс жақ бөлігінде полицейлермен болған қақтығыс кезінде жиырмадан астам футбол жанкүйері ажал құшқан. «Новости» ақпарат агенттігі Мысырдың бас прокуратурасына сілтеме жасай отырып, осылай деп хабарлады.
Қақтығыс ел астанасының Тагамму Хамис ауданындағы «ПВО» стадионында мысырлық «Замалек» клубы мен «Инби» футбол клубының кездесуіне шамалы ғана уақыт қалғанда орын алған. Қаза тапқандардың барлығы «Замалек» клубының жанкүйерлері екен. Елдің ішкі істер министрлігі өкілінің айтуына қарағанда, билеті жоқ жанкүйерлер стадионға баса-көктеп кірмек болыпты. Ал полицейлер оларға қарсы көзді жасаурататын газ қолданған. Қаза тапқандар осы газдан уланған.
Елу төрт жылдан соң...
Чилиде осыдан 54 жыл бұрын апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағының сынықтары табылды. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, ұшақ сынықтарына альпинистер кез болған.
Экспедицияға қатысушылар ұшақ сынықтары ел астанасы – Сантьягоның оңтүстігінде жерден 3200 метр биіктіктен табылғанын айтады. Альпинистердің бірі – Леонардо Альборностың мәлім етуінше, ұшақ фюзеляжінің үлкен бөлігі бүтін күйінде жатыр. Сондай-ақ, апат болған жерден қаза тапқандардың сүйектері де кездескен. Ұшақ сынықтарының табылған жері қазірше құпия сақталып отыр. Чилилік «LAH» авиакомпаниясының ұшағы 1961 жылдың 3 сәуірінде апатқа ұшыраған екен. Бортында 24 адам болыпты.
Террорлық әрекетпен «атап өтті»
Осыдан екі күн бұрын Ирак үкіметі 2004 жылдан бері Бағдад қаласына енгізілген комендаттық сағат уақытын алып тастаған еді. Осы мәселе террорлық әрекетпен «атап өтіліп» отыр.
Ел астанасы – Бағдадта жасалған жарылыстан 15 адам мерт болып, тағы 45 адам жараланған. Оқиға былай болыпты: терроршы-жанкешті беліне байланған бомбаны шииттер көп тұратын ауданда іске қосқан. Бұл Адан алаңына адам көп жиналған кез болса керек. Қайғылы жағдайдың жауапкершілігін әзірге ешкім мойнына алған жоқ. Атап өтейік, өткен жылдың жазынан бері Ирак аумағында «Ислам мемлекетінің» терроршыл топтары жұмыс істеп келеді. Олардың қолынан қаза тапқандар саны бірнеше мыңға жуықтайды.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Мәскеу қаласының сотына тергеу орындарынан Борис Березовскийдің күйеу баласы Георгий Шуппені сырттай қамауға алу жөнінде өтініш түскен. Оның Борис Березовскийдің өліміне қатысы бар болуы мүмкін.
*Индонезияның қауіпсіздік күштері «Таруна Макмур» кемесі суға батып кетуі мүмкін деген ақпаратты тексеруде. Кейбір дерек көздері кеме бортында 197 жолаушы болғанын алға тартады.
Грузияның премьер-министрі Ираклий Гарибашвили нақты нәтижелерге қол жеткізу жағдайында Ресей басшысы
*Владимир Путинмен үнқатысуға дайын екенін мәлімдеді.
АҚШ-тың Джорджия штатында атыс салдарынан бес адам өліп, екі адам жараланған. Оқиға Дугласвилл қаласына жақын маңда болған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.