
Астанада автордың «Болмаған балалық шақ» повесінің желісі бойынша түсірілген фильмнің жабық көрсетіліміне қоғам қайраткерлері мен депутаттар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Кинотуынды ақын, жазушы Ақберен Елгезектің өз өмір жолына негізделген. Яғни фильмдегі бас кейіпкер Ақош – автордың прототипі. Туындының режиссері Айдын Сахаман есімі көрерменге осыған дейін «Дос-Мұқасан» фильмі арқылы жақсы таныс.
«Автобиографиясы жоқ адамнан ақын да, жазушы да шықпайды. Сондықтан «Болмаған балалық шақты» керемет туынды деп айта аламын» деді фильм премьерасына қатысқан жазушы-драматург Роза Мұқанова.
Фильмді тамашалап, көз жасын тыя алмай жылап шыққан көрермендер де бар. Ал басты рөлді ойнаған Алмасбек Шәкәрім небәрі 11 жаста ғана екен. Ақынның балалық кейпіне енген оның бұл – дебюттік образы. Жас та болса күрделі рөлді бейнелеп, көрмеген баланың сезім арпалыстарын жеткізуде оған әкесі, актер Мақсат Рахмет көмектесіпті. Шытырманға толы бестселлерді өзі де оқып, тұшынғанын айтады.
– Әуелі шығарманы оқып, ой елегінен өткіздім. Содан кейін оны зерттеп, өз рөлімді талдадым, – дейді жас талап.
Фильм балалығы ауыртпашылық пен тақсіретке түскен Ақоштың тағдыр-талайын суреттейді.
– Киноның басты қазынасы жас актердің жақсы таңдалғаны деп білемін. Үлкен актерлер шеберлікке салып, өз рөлін ойдағыдай алып шыға алады. Ал жас актерді табу оңай емес, – дейді автор, ақын-жазушы Ақберен Елгезек.