Білім • 12 Наурыз, 2025

Ел мектептерінде антибуллингтік бағдарлама енгізіледі

53 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Ел мектептерінде антибуллингтік бағдарлама енгізіледі

Фото: inbusiness.kz

«ДОСБОЛLiKe» антибуллингтік бағдарламасы 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап іске асырылады. Бұл бастама Қазақстанның барлық мектебі мен колледжінде балалардың эмоционалдық әл-ауқатын қолдауға бағытталады. 

Қазір «ДОСБОЛLiKe» антибуллингтік бағдарламасы еліміздің 9 өңірінде пилоттық режимде сыналып жатыр. Оған 70 мыңға жуық оқушы мен 5 мыңнан астам педагог қатысуда. 

«Бұл бастама оқушылардың дау-жанжалдарға конструктивті түрде жауап беру дағдыларын қалыптастыруға, әлеуметтік-эмоционалдық қабілеттерін дамытуға, тұлғааралық және топаралық қарым-қатынастарды оңтайландыруға, сондай-ақ балалардың жалпы психологиялық әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Әрбір баланың өзін қауіпсіз сезінетін және толыққанды дамитын ортада білім алуына жағдай жасау – аса маңызды қадам», деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Бүгінде пилоттық жоба аясында буллингтің алдын алу, қақтығыс оқиғаларының себебі мен факторларын анықтау, сондай-ақ оларды шешу жолдарын түсіндіруді көздейтін курстар мен практикалық шаралар жиі ұйымдастырылады. 

Министрлік өкілі бағдарламаның мақсат-міндетін ата-аналарға да түсіндіру жоспарланып отырғанын атап өтті.