Білім • 13 Наурыз, 2025

22 талапкердің нәтижесі жойылды

49 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыз айындағы ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өтіп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, аралық қорытынды нәтижесінде бір аптадан аса уақыттың ішінде тестіні 21 мыңға жуық талапкер тапсырды.

22 талапкердің нәтижесі жойылды

Сурет: astanatv.kz

Наурыз айындағы ҰБТ-ның бірін­ші аптасында 21 мыңға жуық адам тестілеуден өтті. Оның ішінде 69 талапкер – ерекше білім беру қажеттілік­тері бар оқуға түсушілер. Қатысушылардың 62,8%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 37%-ы орыс тілінде, 52 адам ағылшын тілінде тапсыруды таңдады. Талапкерлердің басым бөлігі, атап айтқанда, 18,4%-ы «Матема­тика-Физика» пәндер комбинациясын тапсырды. 16,1%-ы «Шығармашылық емтихан», 12% «Биология-Химия» комбинациясын таңда­ған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика». Шекті балды 57%-ға жуық талапкер жинады. Тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл 53 балды (бес пән бойынша) құрады. Ең жоғары балл – 135, мұны Абай облысының оқушысы жинады.

Талапкерлер тестілеу аяқталған соң 30 ми­нут ішінде апелляцияға бере алады, бұл жағ­­дайда сертификат апелляция туралы ше­шім қабылданғаннан кейін тесті­лену­­шінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Ұлттық тестілеу орталығының таратқан ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда 22 адамның нәтижесі жойылды. Оның ішінде 10 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін ­аудиториядан 12 адам шығарылды.

Айта кетсек, биылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу факті­лері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Наурыз ҰБТ-сы 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Тес­тілеуге қатысуға 163 мыңға жуық талапкер ниет білдірген.