
ЮНЕСКО Бас конференциясының 42-сессиясында ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне 2025 жылы әйгілі композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын енгізу туралы Қазақстанның ұсынысы қолдау тапты. ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің 40-отырысында «2025 жыл – Нұрғиса Тілендиевтің жылы» болып жарияланды.
Осыған орай ұйымдастырылған іс-шарада «Нұрғиса Тілендиев – 100 жыл» атты кітап көрмесі жасақталды.
Алқалы жиынға модераторлық еткен PhD Айтолқын Тоқтаған қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер туралы кеңінен мағлұмат берді.
Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов іс-шараға онлайн қатысып, өнердегі ұстазы Нұрғиса Тілендиевтің халықтық музыка өнерінің дәстүрлерін сақтау мен өркендету жолындағы орасан еңбегіне тоқталды.
Сонымен қатар күйші-домбырашы Айтжан Тоқтаған, күйші, дирижер Айтқали Жайымов, күйші, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай сынды құрметті қонақтар композитордың өмірі мен шығармашылық жолы, сазгерлік қасиеті мен азаматтық келбеті хақында жылы естеліктерімен бөлісті.
Рухани кеште Нұрғиса Тілендиевтің халыққа танымал шығармалары орындалды.
Іс-шараға Қазақ ұлттық өнер университетінің Дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің студенттері, Астана қаласы музыка мектептерінің педагогтері, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.