Құрылтай • 14 Наурыз, 2025

Елдік идеялар алаңы

78 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше әйгілі хан-сұлтандарға қоныс болған Бурабай жерінде Ұлттық құрыл­тайдың төртінші пленар­лық жиыны алдындағы «Азамат­тық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім мен ғылым», «Әлеу­меттік-экономикалық даму» атты төрт секциялық отырысы өтті. Оған Үкімет пен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, қоғам белсенділері, БАҚ пен басқа да сала басшылары қатысты.

Елдік идеялар алаңы

Суреттерді түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ

Президенттің ішкі саясат мәсе­лелері және коммуникация­лар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев модератор болған «Азаматтық қоғам» секциялық оты­ры­сында 2024 жылы өткен Ұлттық құрыл­тайдың нәтиже­лері мен қазіргі уақытта қоғамды алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселе талқыға салынды.

«1 ақпан күні дәл осындай жиын өтіп, 40-тан аса ұсыныс айтылды. Олардың 16-сы – ақпараттық саясатқа, 8-і – білім саласына, төртеуі – дін, үшеуі – отбасылық саясат мәселелеріне, қалғаны түрлі тақырыптарға қатысты болды. Басым көпшілігі бүгінде түрлі деңгейде іске асып жатыр», деді Президент көмекшісі.

ап

Ол бірқатар маңызды ұсынысқа тоқталды. Соның бірі – Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи тарапынан айтылған интернетте Жаңа Қазақстан идеясына қарсы және мемлекетті күстәналауға бағытталған ақпараттық шабуылдар бойынша жұмысты ширату.

«Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапы­нан әлеуметтік желіге және бұқара­лық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу жолға қойылған. Нәти­жесінде, түрлі шара қабыл­данып жатыр. Былтыр министр­лік тарапынан 26 053 интернет ресурсқа 800-ден аса ескерту жібе­рілген. Соны­мен қатар «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң бойынша әкімшілік талаптар күшейтіліп, шетелдік онлайн платформалардың еліміз­дегі өкіл­дері тағайындалды. Қазір ВКонтакте, Facebook, Telegram, TikTok секілді желі­лердің өкіл­дері бар. Бұл жұмыс қаншалықты нәти­желі деген сұраққа келсек, тұрақ­ты мониторинг арқылы TikTok желісінде жыл басынан бері 1 667 құқық бұзушылық мате­риалы жарияланғаны анық­та­лып, соның 96 пайызы жойыл­­ды. Арнайы өкіл тағайын­дал­ған­ға дейін нәтиже бұдан әлде­қай­да төмен болатын», деді А.Қырықбаев.

Президент көмекшісі белгілі журналист Ерқанат Көпжасар тарапынан жалған ақпарат таратумен күреске қатысты ұсыныс айтыл­ғанын да тілге тиек етті. Еліміз­дің Қылмыстық және Әкім­шілік кодекс­терінде мұндай құқық бұзу­шы­лыққа қатысты жауап­кер­шілік көзделгенін, был­тыр елімізде оннан аса қылмыс­тық және 100-ден аса әкім­шілік іс қозғалғанын айтты. Сек­­циялық отырыс барысында депу­тат­тар, қоғам белсенділері, түр­лі сала жетекшілері сөз алып, тақы­рып аясында ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

ап

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева модера­тор­лық еткен «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциялық отырысында 20-дан аса қатысушы сөз алып, өзекті мәселелер бойынша ой білдірді. Министр бұған дейін өткен бірқатар басқосуда айтылған ұсыныс-пікірдің бәрін құрылтай хатшылығы бекітіп, мұқият зерделегенін атап өтті. Сонымен қатар ол өткен жиында көтерілген жайттарға тоқталды.

«Біріншіден, жұмыс отырысында талқыланған мәселенің бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі­нің жағ­дайы. Таяуда Мемлекет бас­­шысы Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы заңға қол қой­ды. Құжатта еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орта­лығы және сәулет мұрасы ретінде Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілді. Сон­дай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді сақтау, қорғау аймағында биік­тігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимарат­тарды салмау сияқты бірқатар мәселе қарастырылған», деді А.Балаева.

Сонымен қатар ол ономас­тика саласындағы жұмыстарды жандандырып, тарихи негізі жоқ жер-су атауларын өзгерту бойынша шараларды күшейту, мүгедектігі бар жандарға мәдени мекемелердің қолжетімділігі жөнінде стандарттарды қайта қарастырып, қажетті ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

п

«Атау беру, қайта атау жұмыс­тары 2024–2025 жылдарға арналған жол картасы негізінде жүзеге асады. Онда төтенше жағдай кезінде, өрт сөндіру, жедел жәрдем, поли­­ция қызметкерлерінің мекен­­жайға дер кезінде баруын қам­тама­сыз ету мақсатында ең алды­мен атауы жоқ немесе атауы қайта­ланатын көшелерді ғана өзгер­туге басымдық беріліп отыр. А.Байтұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институты М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен бірлесіп, елді мекендерге атау беру кезінде пай­даланылатын «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тіз­бесі қайта қарады. Соны­мен қатар Ономастикалық жұмыс­ты ұйым­дастыру бойынша Әдіс­теме­лік ұсынымдарға өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізілді», деді министр.

Министрлік инклюзивті комму­ни­кацияны дамыту және мүгедектігі бар адамдардың қоғам өмірінің барлық саласына толыққанды қатысуын қамта­масыз ету мақсатында инклю­зивті қоғамды қолдау жөнінде жүйе­лі шаралар қабылдап келеді. Мәселен, елімізде 7 391 мәде­ни объекті бар болса, оның 2 393-і «Қол­жетімді Қазақстан» картасы­на енгізілген, яғни бұл нысан­дар мүгедектігі бар адамдарға мүм­кін­дігінше ыңғайлы бейімделген.

«57 республикалық театрдың бәрінде мүгедектігі бар адамдарға арналған қайырымдылық кон­церт­тері, спектакльдер тұрақты түрде өтіп тұрады. Мүгедектер арбасына арналған пандустар және мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы орындар көздел­ген. Сондай-ақ жыл басында қабыл­данған заңға мүгедектігі бар адам­дардың ақпаратқа қолжетім­ділігі жөнінде бірқатар түзету енгізілді», деді А.Балаева.

Былтырғы Ұлттық құрылтай отырысында көтерілген тағы бір мәселе – қоғамда отбасылық құн­ды­лықтарды жүйелі түрде наси­хаттау, отбасы институ­тын нығай­татын кешенді шара­лар әзір­леу. Министр былтыр «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйел­­дер­дің құқықтары мен балалар­­­дың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғанын атап өтті.

ап

«Заңға сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі Отбасын қолдау орталықтарының қыз­метін үйлестіреді және әдісте­мелік басшылықты жүзеге асырады. Бүгінде отбасыларға әр­түрлі өмірлік жағдайларды шешу­де жан-жақты қолдау шара­ларын көрсету үшін отбасын қолдаудың 103 орталығы жұмыс істей­ді. Олар­дың негізгі функция­сы – мем­лекеттің отбасылық саясат шара­ларын іске асыру, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау бо­йын­ша жұмысты үйлестіру, тұр­мыстық зор­лық-зомбылық белгі­лері бар адам­дарға қолдау көр­сету және мобиль­ді топтар­­дың жұмы­сын ұйым­­дастыру. Қазір­гі кезде ақ­па­рат­­тық-түсіндіру жұ­мы­­сын арт­тыру үшін 2025 жыл­­ға ар­налған Дәс­түр­лі отбасы­лық құн­ды­лық­тар­ды дәріп­теу жөнін­дегі медиа-жоспар әзір­ле­ніп, бекітілді», деді министр.

Аида Балаева ақын Светқали Нұржан айтқан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңей­ту, қазақ­ша контентті көбей­ту туралы ұсынысқа да айрық­ша тоқтал­ды. 2024 жылдың ақпанын­дағы жағдайға сәйкес, елімізде 5 834 ресми медиа тіркелген. Оның 3 991-і – газет-журнал, 657-сі – ақпараттық агенттік, 582-сі – желілік басылым, 218-і – телеарна, 90-ы – радио. Мемлекеттік ақпа­раттық сая­сатты жүргізудің бас­ты мақса­тының бірі – қазақ тілін­де сапалы және бәсекеге қабі­летті контент дайындауға ықпал ету.

«Қазіргі басым бағыттың бірі – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін цифр­лан­дыру­ға жаңа технологиялар­ды ен­гізу. Тілді цифрландыру, тіл­дік плат­формаларды дамыту және Qazgramma және KazLLM сияқты заманауи АТ-шешім­­дерді жасау бойынша бел­­сенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Ұлттық ақпараттық сая­сат ая­­сында медиадағы қазақ кон­­тенті­­нің рөлі артып келеді. Масс-медиа туралы заңға сай, биыл­­дан бастап мем­лекеттік тіл­дегі теле­радио­бағ­дарламалардың үлесі 55%, ал 2027 жылдан бастап 60%-ға жетеді. Осылайша, мемлекеттік тілдің үлесі кезең-кезеңмен артып отырады», деді министр.

ыв

Түстен кейін Премьер-ми­нистр­­дің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұман­ғарин модераторлық еткен «Әлеу­меттік-экономикалық даму», Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек жүргіз­ген «Білім мен ғылым», секция­лық отырыстарында да құрыл­тай мүшелері жалпы­ұлттық құн­дылықтарды одан әрі дамыту қажеттілігіне, биыл­ғы Жұмысшы мамандық­тары жылы аясында еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын дәріптеуге назар аударды. Олар білім мен ғы­лым­ды қолдау және дамыту бо­йын­ша қабылданған шара­лар­ды оң бағалап, «Жайлы мек­теп» бағ­дар­ламасының нәти­­желері, сти­пендияның көтерілуі, шетел­дік ЖОО-лардың филиалдары­ның ашылуы, көр­некті ғалымдар мен педагог­тер­дің мемлекеттік марапаттармен ынталандырылуы қажеттігін ерекше атап өтті.

Бұған қоса лудомания мен есірткіге қарсы кешенді жоспар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, ЛГБТ насихатына тосқауыл қою, діни саладағы түрлі келеңсіздіктер, БАҚ пен орта мектеп арасындағы байланысты нығайту, т.б. өзекті мәселелерді көтер­ді. Жалпы, жұмыс секция­лары­ның қатысушылары Ұлт­тық құрылтайдың үш жыл ішін­де идеяларды ұсыну мен қоғам­ның бірлігін нығайтуға бағыт­талған стратегиялық қадамдарды қалыптастырудың басты институтына айналғанын атап өтті.

Сонымен қатар жиналған қауымға Ұлттық құрылтайдың үшін­ші отырысында Президенттің энер­­гетика, көлік, тұрғын үй құры­­лысы және газдандыру сала­ларын­дағы кең көлемді инфра­құры­лым­дық бастамаларын іске асыру нәти­желері туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, былтыр 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфра­құ­ры­лымдық жоспар қабыл­дан­ды. Оның аясында жалпы құны 40 трлн теңгеден асатын 200-ден астам жоба іске асырылмақ.