Пікір • Кеше

Қоғам сұранысын дөп басты

1081 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтайдың секциялық отырысында көтерілген мәсе­ле­л­ердің әрбірі шешімін тауып келеді. Кешегі өткен секциялық оты­рыста біз бірнеше өзекті жайтты ортаға салдық.

Қоғам сұранысын дөп басты

Соның бірі – мемлекеттік қыз­мет­керлердің мемлекеттік тілді меңгеруін талап ету. Парламентке келген кейбір орталық министрлік­тің өкілдері мемлекеттік тілге өте шорқақ. Тіпті кейде мемлекеттік тілде берілген сұрақ­тарға басқа тілде жауап беріп жатады. Олар мемлекеттік қыз­метке орналасар алдында тест тап­сырады. Ол жерде мемлекет тіл­ді білуін тексеретін тест бар бол­ға­ны­мен, оның нәтижесі еске­ріл­мей­ді. Бұдан бы­лай қазақ тілінен тапсы­ра­тын тест нәтижесі ескерілуі керек. Егер тиісті меже­ден өте алма­са, үміт­кер қайта да­йындалып ке­луге тиіс. Сөйтіп, біз бірінші кезек­те мем­­л­е­к­еттік қызметкерлерді мем­ле­­кет­­тік тілді білуге үйретуіміз керек.

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл­­дан асты. Өзге ұлт өкілдері­­нің қазақ тілін жетік меңгеруіне бар­­лық жағдай жасалған. Мысалы, ме­нің әріптестерім арасында Максим Рожин, Наталья Дементьева секілді мем­лекеттік тілді жақсы білетін­дер бар. Мемлекеттік қызмет­кер осы ел­дің айнасы болғандық­тан, тіл мәсе­ле­сіне немқұрайды қарау­ға болмайды.

Сондай-ақ елімізде қазақ ұлты­ның үлесі 90 пайыздан асатын бірнеше өңір бар. Атап айтқанда, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстары. Осы өңірлерден бас­тап іс-қағаз жүргізуді толықтай мем­лекеттік тілге көшіретін уақыт жет­ті. Егер халқының барлығы дер­лік қа­зақ болса, құжат айналымын екі тілде жүргізіп, артық қағаз шы­­ғын­даудың қажеті қанша? Бұл үрдіс кезең-кезеңмен ел көлемінде жү­зеге асырылуы керек. Алдымен атал­ған облыстардан бастап, кейін демо­графиялық өзгерістерге сай өзге өңір­лерге осы тәжірибені тарата беруіміз қажет. Осылайша, іс-қағазды толықтай мемлекеттік тілге көшіреміз.

Секциялық отырыста мен «Қы­рымның қырық батыры» жырын­ бүгінгі дәуірімізге жеткізген Мұ­рын жырауды насихаттау туралы да­ бастама көтердім. 1942 жылы Қаныш Сәтбаев оны Маңғыстаудан ар­найы алдырып, бірнеше ай бойы 36 жырды жазып алған. Елге қайт­қан соң, тағы 4 жырды жазып жі­бер­ген. Осы жырау бабамыз әлі күн­­ге тиісті деңгейде наси­хат­­тал­май жатыр. «Қырымның қы­рық баты­рын» жатқа біле­тін, біз­дің за­ма­нымызға жеткен жал­ғыз адам Мұрын жы­рау еді. Алайда кеңестік тота­ли­таризм­­­нің солақай саясаты салдарынан оның өзі де, жыры да ешбір оқу­­лыққа енбей, насихатталмай қал­ды. Ал бұл – біздің тарихы­мыз, ұлы мұрамыз. Оны ЮНЕСКО дең­­­­­­­­­ге­­йінде көтеріп, мәдени мұра тізі­­­­­міне енгізуіміз керек. Мұрын жы­­­рауды мектеп бағдарламасы ар­қы­лы кейінгі ұрпақтың танып-бі­ліп өсуіне мүмкіндік жасауымыз қажет.

Ұлттық құрылтай отырысында көтерілген өзекті мәселенің бірі – ЛГБТ насихатына ты­йым салу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның көптеген елге күш­пен таңылып келгенін айтты. Отба­сылық кодексімізде отбасы еркек пен әйелден тұра­ды деп жазылған. Ал қазір сырт­тағы күш­тердің ықпа­лымен бір­жы­нысты махаббатты насихаттап жүр­гендер бар. Бұған заң жүзінде ты­й­ым­ салуы­мыз керек.

Отырыс барысында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев интернет-алаяқтық проблемасына арнайы тоқталды. Оған тосқауыл қой­ма­сақ, қаншама азаматымыз алданып қалып жатыр. Тіпті үй алуға немесе тойға деп жинап қойған ақша­сы­нан түгелдей айырылғандар бар. Себебі қазіргі алаяқтар заманауи тех­но­логияны, әртүрлі тәсілді шебер пайдаланады. Біз олардың алдын орауда кеш қалып жатырмыз. Ма­мандар жетіспейді, технологиямыз мәз емес. Сондықтан алды­­мен мамандарды оқытуымыз керек. Әсіресе құқық қорғау орган­­да­­ры­ның­ академияларында ақ­па­­­рат­­­­­­­­тық тех­нологияларды жетік біле­­­­тін кадр­­­­ларды даярлауымыз керек.

Мемлекет басшысы еліміздегі кино индустриясының сапасына қатысты да сын айтты. Осы орайда мына мәселеге тоқталғым келеді. Елімізге келетін шетелдік фильмдерге дубляж жасауды бір жекеменшік компания иемденіп алған. Ол тек орыс тілінде ғана дуб­ляж жасайды. Мемлекеттік тілге мойын бұрмай келеді. Аталған ком­панияға фильмдердің 50 пайызын қазақшаға аударасың деп талап қоюымыз керек, болмаса лицен­зиясын қайтарып алуға тиіспіз. Бәлкім заңға да өзгеріс енгізу керек шығар деп ойлаймын. Өйткені әлемдік кинодан біздің азаматтар да тыс қалмауы керек.

 

Еділ ЖАҢБЫРШИН,

Мәжіліс депутаты