* Қазақ хандығы-550
«Жігіттің жолбарысы, арланы бар, Ақиық, арғымағы, тарланы бар, жұтаса мал-дәулеті, оқасы жоқ, Татитын мал-дәулетке арманы бар», деп жыр дүлдүлі Қадыр Мырза Әлі айтқандай, мал-дәулеттен бұрын, халықтың арманын, ұлттың еркіндігін алға шығарып, осы жолдан өмір бойы танбаған арыстарымыз туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Абылай аңсаған азаттық» («Егемен Қазақстан» 2 қазан, 2013 ж.) атты мақаласында «Қазақ халқы талайлы тағдырында ұлтқа ұстын болған хандардан, ел қорғаған батырлардан, кемел билерден кенде болмаған», деп тайға таңба басқандай етіп жазған еді. Солардың бірегейі Абылай хан десек, өткен аптаның соңында Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Абылай ханның арманы» атты тарихи драманың тұсауы кесілді. Аталмыш қойылымды көруге Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықовамен бірге Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, елордадағы зиялы қауым өкілдері келді.
Шығарманың авторы – белгілі жазушы, дарынды драматург Думан Рамазан болса, режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері талантты азамат Болат Ұзақов. Осы арада автор мен режиссердің бұдан бұрын да «Кенесары – Күнімжан» деген тарихи дүниені сахналап, көрермендердің ықыласына бөленгенін айта кетуді парыз санаймыз. Жалпы, сөз ұстап, өнер қуған жігіттер тың ізденістерімен қазақ деген жұрттың арғы-бергі тарихын қозғай отырып, аласапыран замандардағы ұлтымыздың ұлы қасиеттерін, береке-бірліктерін, алдыңғы толқынның айтқанына көніп, ақылмандардың дегеніне иланудың жол-жоралғысын бүгінгі ұрпаққа тағылым етіп жүр.
Жаңа қойылымдағы оқиға да ой-санаңа тың серпін береді. Шымылдық түрілгенде, төрден орын алған қазақтың қазыналы қариясы мен немере қысқа да нұсқа Қазақ хандығының 550 жылдығы биыл тойланғалы жатқанын, оған ұйытқы болған Елбасы екенін әңгімелейді. Одан кейін Абылай ханның жоңғар тұтқынына түскен кезінен бастап, халқы ақ киізге отырғызып хан көтерген сәті көз алдыңнан өтеді. Тұтқынға түскен Абылайға қоқаңдап қыр көрсеткен қалмақ батыры Жалбының «Мынау Шарыш ағамды өлтірген қанды қол қарақшы!», деп қоқаңдағанда, Қалдан Серен қонтайшының қызы – Топыш сұлу «Білем, бірақ ерлік жасап, батырлық танытатын жер бұл емес. Бұның ендігі тағдыры ұлы мәртебелі патшамыздың қолында», деп тойтарыс береді. Осы сәт сырттан Қалдан келеді. Абылай одан айылын жимай қасқайып қонтайшының қатарына бет алады. Жалбы (Қасымхан Бұғыбай) бастағандар Абылайдың басын имекке тыраштанады. Ол «Дұшпаныма бас имеймін!» дегенде, жалпылдаған Жалбы «Иілмейтін бас кесіледі» деп түсін суытқанда, «Бастың иілгенінен, кесілгені жақсы» деп қасқайып тұрады. Бұдан кейінгі жердегі Абылай мен Қалдан Сереннің арбасатын тұсы «Айтшы, қане, бас батырым, Шарышты қалай өлтірдің?». «Қалдан, мен Шарышты жекпе-жекте өлтірдім... Сен секілді қапыда қолға түсіріп, ордамда қан қаптырған жоқпын! Бұлай істеу хан түгілі қараға да жараспас. Мен сияқты қапияда қор болмай, жекпе-жекте жан тапсырған Шарышта не арман бар?!» дейді де, мысқылмен «Сен арманыңды өзіңмен бірге алып барады екенсің ғой! Олай болса, арманда кетпей, кеудеңнен жаның шығар алдында ақырғы арызыңда айтып қал!» деп Қалдан сұс көрсеткенде «Иә, Шарышша қан майданда мерт болсам, арманым не?! Қайран күштің қызығын көре алмай, қапылыста қолға түстім. Бұл арман емей немене?! Кең-байтақ жеріме қала салдырып, қазағымды отырықшы елге айналдырсам деп едім. Ол ойымды орындай алмай, халқымды аңша жосыған күйінде қалдырып барамын. Болмаса, өзекті жанға бір өлім, ажал аса қорқынышты емес! Тағы да арман етерім – төрт атадан бері жалғыз ем, ұрпағым жоқ еді. Бір өзімнің ғана емес, төрт атаның тұқымы тұздай құритыны жанымды жегідей жеп, өзегімді өртеп тұрғаны», деп бір қайырғанда Қалданның сұсты жүзіне қан жүгіргендей болып «Сен-дағы менің Ежен қарағымдай жалғыз екенсің ғой», дейді. Кескін-келбетіне көзі тойып, сөзі ет жүрегін елжіреткен Қалдан: «...өлімге қимайтын анық бекзат... Жеке киіз үй тігіп, сонда апарып ұстаңдар» деп бұйырады. Бұған Жалбы жар салып қарсылық көрсетеді. Бірақ Қалдан адуынды ақылсыздың сөзіне иліге қоймайды. Қайта қазақ жұртының батырлығына тәнті екенін тілге тиек етеді.
Абылай мен Топыш арасындағы көңіл құсын аңғармаған болып ұшыратын қысқа әңгіме, Топыш пен Жалбының сөз қағысуы әсерлі шыққан.
Абылай мен Әмірсана арасындағы алма-кезек сөз біраз құпияның бетін ашады. Екеуі қылышпен алақандарынан қан шығарып тұрып серттеседі. Бұл атам қазақтан қалған өз қолыңды өзің кеспейсің дегенді білдіргендей. Қалдан Сереннің ордасына қазақ елшілерін Қазыбек би (Аманжол Молдахмет) бастап келеді. Алғашқы сөз сайысы қатқылдау басталып, артынан жүздеріне жылу жүгіреді. Әсіресе, Қазыбек бидің «...біз қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, жайлап жатқан мекеніміз, қасиетті қазақ даласы. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жерімізді жаулар баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Дәм-тұзымызды ақтай білген, досымызды сақтай білген елміз...», деп тегеурінді сөздерін термелей келіп, «...Шымырмын деме, шыныңды айт, шымшуырмен қайырылар. Қасарысқан хан болсаң, қарысқалы келгенбіз. Сен – қалмақ болсаң, біз – қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Сен – темір болсаң, біз – көмір еріткелі келгенбіз... Қане, қонтайшы, тыңдайық, қайтарасың ба ханымызды, бітімің мен жөніңді айт!» дейді қатуланып. Мына сөздің зорына, бидің алмас қылыштай жарқылдап тұрған түр-тұлғасына сүйсінген Қалдан «Қасарыссаң, ханды да жеңетініңе көзім жетті», деп біраз талаптарын айтып, Абылайды тұтқыннан босатады.
Тарихи драмадағы тағы бір назар аударатын көрініс Топыш қыздың әкесіне жүрек қалауын айтуы дер едік. Іштен шыққан «шұбар жыланның» арбасып тұрған жұртқа бет бұрғанын алғашында ер тоқымын бауырына алған аттай тулағанмен, артынан «Көз жасыңа қалмайын! Бердім тілеуіңді», дейді.
Осындай қарым-қатынас Абылай мен Қалдан Серен арасында жымдаса келіп, Қытай мен Ресейге байланысты ойларын ортаға салады. Тотыдайын таранған Топыш сұлуды сеніп тапсырғаны үшін Абылай алғысын білдіріп, «Жақсылықты білмейтін тексіз емеспін!» деп аттанады. Топыш Абылайға Қасымдай ұл сыйлайды.
Ендігі бір назар аударатын нәрсе, Абылай хан ордасындағы хан кеңесі. Кеңес үстіндегі Төле би, Бұқар жырау, Әйтеке би, Қазыбек би, Жәнібек тархан, Қабанбай батыр арасындағы ырғасулар, Абылайдың шамырқанып, айға шапқандай мінезбен сөйлеуіне әкеледі. «Мен кіммін? Иә, қанішер Абылайдың Уәлиінен қалған жалғыз тұяқ – Әбілмансұрмын!», деп өткен жолын тарата айтып, елдің жайын қозғайды. Ентелеген жаудан ығып-бұғу қатер екеніне көз жеткізеді. Сөзге тоқтаған игі жақсылар бұра тартқан ойларынан қайтіп, жұмған жұдырықтай бірігіп жауға аттанады. Жеңіс тұғырынан көрінеді.
Шығармадағы тағы бір елеулі көрініс Қытай мен Ресей елшілерінің Абылай хан алдына алма-кезек келуі еді. Алғашқы тұста Қытай елшісі На-Ванг (Дастан Әлімов) жорғалай басып келіп, өзінің жоралғысын ұранқайлар мен торғауыттарға шабуыл жасап, малдарын айдап кетіп жатыр екенсіздер деп ішкі қыл-қыбыр ойын жеткізгенде Абылай: «Біз ешқандай да ұранқайлар мен торғауыттардың жеріне басып кіргеміз жоқ, тек кезінде солар иеленіп кеткен қазақ жерін өзімізге қайтарып алдық. Тарбағатай өлкесі, Ертістің жоғары алқаптары, Іленің бойы қазақтардың ежелгі мекені. Біз ол жерлерге қазақтарды қоныстандырамыз. Осыны императордың назарына жеткізіңіз», дегенде елші «Жоңғарлар жайлаған жердің барлығы да біздің иелігіміз. Ал сіздер өз елдеріңіздің топырағын қапысыз қорғаңыздар... Сөзбұйдаға салсаңыздар, ұлы патшамыздың қаһарына ұшырайсыздар!» деп қыр көрсеткенде Абылай Цин империясы өзін Жоңғар хандығының құқық мұрагері санайтынын, шындығына келгенде, ол жерлер қазақтың атамекені екенін, бір кездері қалмақтар күшпен басып алғанын айтып, «Қандай күші асқан мемлекет болса да, егер бізге қоқан-лоқы жасаса, табандап қарсы тұрамыз! Алтай мен Атыраудың, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұлан-ғайыр атырап, көшпелі қазақ жұртының бағзыдан бергі ірге тепкен атақонысы, алтын бесік ата жұрты», дейді де тиімді ұсынысқа қарсы емес екенін жеткізеді. Қытай елшісі имене басып, иіліп келсе, ал орыс елшісі Иван Ураков (Кеңес Нұрланов) осқырынып, орта жүзге хан болып сайланғаннан кейін Петербургке барып, куәландырылған белгі алу қажеттілігін ескерткенде: «Мені халқым хан сайлады, ендеше бұған қоса айрықша бір куәлік алудың қажеті қанша?» деп оның жер туралы пікіріне «Жер – біздікі. Оған ешкімнің дауы болмаса керек. Сондықтан бас жаққа барыспайық, елші мырза», деп қайырып тастайды. Қытай мен Ресей арасындағы жайды қозғап барып, кім жағына шығасыз дегендей емеурін танытқанда Абылай: «Бізге бәрінен де тыныштық қымбат. Құдай қосқан көршілерімізбен тату-тәтті ғұмыр кешіп, бейбіт өмір сүргіміз келеді», деп сөз аяғын түйеді.
Кезінде асып-тасқан Жоңғар мемлекетінің жойылуының «сыр-сипаты» тарихи драмада жан-жақты көрініс тапқан. Әсіресе, Әмірсана мен Топыштың арасындағы қасіретті сөздер жанды күйзелтеді. Бастағы бақты бағаламай, тақ таласы осы күйге түсіргенін Топыш көзінің жасын алты тарам етіп тұрып, Жоңғар мемлекетін құлатып, халқының мойнына қыл бұрау салып, аяққа таптатқандарға қарғыс айтқан тұс, отпен ойнап опынған сәт кімге де болса сабақ боларлық. «Ішімнің удай ашып, бара жатқаны-ай! Елжіреген елім-ай, қалжыраған халқым-ай!» деп зар төгеді кешегі Топыш сұлу.
Абылай мен сүйкімді баласы Қасымның (Айбар Өмірбек) алма-кезек әңгімесі, ұлының әкесіне дулыға мен қылышты ұсынуы – ұрпақ сабақтастығын көрсетіп тұрғаны анық. Соңында хан бастаған батырлар мен билер сахна төрінен көрінгенде, бүкіл азат қазақ елінің бүгінгі береке-бірлігі көз алдыңа келгендей болады. Әсіресе, басында айыр қалпағы мен иығындағы ақ шапаны, беліндегі кемер белдігі, от шашқан жанарымен астасып кететін хан тұлғасы жұртымыздың жұдырықтай жұмыр, білектей берік екенін дәйектейді. Осы арада Шәкәрім ақынның «Қазаққа Абылайдан өкіметті хан болды ма? Алғашқы хан болғандағы арманы – қала салғызбаққа 70-ке келгенше жетпіс үйдің басын бір жерге қоса алды ма? Елі білмей, өзі білген ер – дарияның жүзіндегі жанқадай ағынға амалсыз айдалып жоғалады да» деген сөзі ойға оралады. Басы бірікпеген Жоңғардың жоғалуын жоғарыда айттық. Тарихи драманың өн бойында Абылай хан бастаған батырдың, бабалардың қиын-қыстау кезеңдегі ақыл-парасаты, көрегендігі әдемі баяндалған. Былайғы кезде жеке жүргендей көрінгенмен, елдік іске келгенде ұйысып кететін сәті шыққан. «Айбарлы Абылай аңсаған асқақ арманға, ұлы мұратқа бүгінгі ұрпақ жетті» деп, Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қазақты бүгінгі күнге жеткізген осы береке-бірлігі.
Бірте-бірте ширап, ширыққан, шыңдалған Абылай бейнесін бұған дейін Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің тұлғасын кинода сомдаған, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қуандық Қыстықбаев, Қалдан Серенді талантты актер, тірі Мұқағали атанған Жанқалдыбек Төленбаев, болмысы бөлек Жолбарыс сұлтанды Жәнібек Мұсаев, Әмірсананы Ержан Нұрымбет, Топыш сұлуды Айман Қарпсейітова, билерді халық әртісі Тілектес Мейрамов және Болат Ыбыраев, батырларды Мейрам Қайсанов және басқалар ойнады.
Қойылымның соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова тарихи тақырыптағы аталған спектакль Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу жөніндегі тапсырмасы бойынша қойылып отырғанына ризашылығын білдіріп, біз жоғарыда дәйек келтірген Президенттің Абылай ханның 300 жылдығына арнаған мақаласында аталып өтілген ішкі ынтымағымызды, сүттей ұйыған татулығымызды айтып, осындай тарихи дүниені шығарған ұжымға ілтипат танытып, шаңырақ кеңейсін деген тілегін жеткізіп, гүлдестесін тапсырды. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов, тарихи драманы көруге келген жұртшылыққа ризалығын білдіріп, қазақ өнері туралы, әсіресе, театр жайына тоқталып, елордада бой көтерген сәні мен салтанаты келіскен еңселі үйлерді көз алдыға елестетіп, алдағы уақытта сондай жаңа ғимарат Қазақ театрына да бұйырады деген үкілі үмітін алға тартты.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».