Пікір • Кеше

Мәміле мәдениеті қалыптасты

94 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтай – еліміз үшін аса маңызды басқосу. Бұған дейін өткен үш құрылтай жиыны соны дәлелдеді. Біз ұзақ жылдан бері қордаланған, күрмеуі көп күрделі мәсе­лелерді осы басқосу барысында талқылап, заңнамалық тұрғыдан да, оның орындалу тұрғысынан да тиісті шешімдер қабылдадық.

Мәміле мәдениеті қалыптасты

Әрине, мұның бәрі бастапқыда оңай болмады. Бірақ Президент бастаған құрылтай мүшелерінің барлық бастамасы дұрыс екенін уа­қыт өзі дәлелдеп келеді. Мыса­лы, лудоманияға қарсы күрестегі жетістікті айтсақ болады. Мем­лекеттік қызметшілер мен әскерде борышын өтеушілер арасында мұндай зиянды кеселдің таралуына тосқауыл қою, жалпы осы ойын бизнесіне мүлдем тыйым салу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар ғимараттар қабырғаларын­да ойын бизнесін жарнамалауға ты­йым салынды.

Сонымен бірге әйелдердің құқық­­та­рын қорғау мен балалардың қауіп­сіздігін сақтау туралы заң қа­­был­­данды. Бұл заң 2017 жылдан бастап көп талқыланған заң еді. Оның ішінде, мысалы, ден­сау­­лыққа қасақана жеңіл зиян кел­ті­ру, ұрып-соғу баптары крими­нали­зацияланды. Шынын айту керек, осы заң қабылданғаннан кейін қоғамда заң және тәртіп қағи­даты жүзеге асырыла бастады. Кейінгі жылдары балалар ара­сын­дағы буллинг, бір-бірін аяусыз ұру, басқа да келеңсіздіктерді көріп, жалпы адамгершілік құндылық­тары­мыздың қаншалықты сар­қыл­­ғанын байқап жүрміз. Сон­дық­­тан заң аясында жастарымыз­ды тәр­тіпке шақыру үшін осы құ­­жа­ттар қабылданды.

Бұған қоса есірткіге қарсы, вейптің сатылымына мен айналымына, жарнамасына тыйым салу туралы заң қабылданды. Жалпы алғанда, құрылтайдың оты­рыс­тарында көтерілген мәселе­лер­дің нәтижесінде 10 заң жобасына бастамашылық жасалып, 9 заң қабылданды.

Ұлттық құрылтайдың бір ерек­ше­лігі – бұл жерде әлеуметтік-эконо­микалық мәселелерден бө­лек, идео­логиялық және тәрбие­ге қатысты маңызы жоғары мәселе­лер талқыланады. Біз жүйелі түрде сек­циялық отырыстарда бас қосып, көтерілген мәселелердің шешімін табуы үшін кеңесіп отырамыз. Ол жерде үлкен пікірталас болады, қарсы пікірлер айтылады. Мұның бәрі бүгінгі таңда үлкен тәжірибеге айналды. Түрлі пікірлердің арасынан жол тауып, мәмілеге келу мәдениеті де қалыптасып келеді.

Ал Бурабай төрінде өткен Ұлт­тық құрылтайдың төртінші оты­рысында Президент ел күткен ке­лелі мәселелерді көтеріп, бірқа­т­ар тапсырма берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы­ның маңызына айрықша тоқталды. Біз, шыны керек, еңбек адамына деген құрмет­ті кейінгі үш жылда ғана айта бастадық. Мысалы, көшеміздің, жұмыс орнындағы тазалық, мектеп­тегі тазалықты кім жасайды деген мәселеге қатты көңіл аудара бермейтініміз рас. Бәрі өзімен-өзі жасалып жатқан сияқты. Бірақ сол әрбір жұмыстың артында қаншама адамның адал еңбегі, ауыр еңбегі тұр. Осы еңбекті бағалау үшін еңбек адамына, оның бүгінгі заманауи тұрғыдағы танымалдылығына айрықша назар аударылғаны абзал. Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы ел үшін еңбе­гін аямай жүрген қарапайым жұ­мысшылардың дәрежесін көтеруге ықпал етеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы шалғайдағы, шекарадағы ауылдар мәселесіне де назар аударды. Президент болып сайланғаннан кейінгі алғаш­қы жарлығы да ауыл­ды дамытуға арналған еді. Біз «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасын жаңарту, ауылға баратын кадрларға үстеме­ақыны көбей­ту туралы ұсыныс біл­діріп келеміз. Дәрігер, мұғалім, ауыл шаруа­шылығының маманы, теміржолшы деген секілді кез келген елді мекеннің тыныс-тіршілігіне қажетті, ауылдың өмірінің сапасын жақсартатын мамандарға көңіл бөлінгені жөн.

Бірауыз сөз, кітап оқу мәселесі туралы. Біз кейінгі үш жылда кітапханашы даярлау, кітап оқу мәселесін жүйелі көтеріп келеміз. Мемлекет басшысы бұған да көңіл бөлді. Бүгінгі таңда кітаптың авторы болу, кітап жазу сәнге айналды. Ақпараттық технология­лар дамып, түрлі виртуалды қауіп-қатер көбейіп тұрған заманда балаларымыздың мораль­дық деградацияға түспеуі үшін олар­дың арасында кітап оқу мәде­ниетін қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан кітап оқуға байланыс­ты мемлекеттік бағдарлама қабыл­дайтын уақыт жетті.

 

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Ұлттық құрылтай мүшесі, Мәжіліс депутаты