Саясат • 20 Наурыз, 2025

Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту хақында

121 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры Берік Арынмен кез­десті. Сұхбат барысында тараптар азық-түлік қауіпсіздігі сала­сын­дағы қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге және елдің агроөнер­кәсіп кешенін тұрақты дамытуға қатысты мәселелерді талқылады.

Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту хақында

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде азық-түліктің тапшылығы мен аштық қазіргі таңда жаһандық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі екенін айтты. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сәйкес әлемде 340 миллионнан аса адам азық-түліктің жетістпеуінен зардап шегіп отыр. Ал 2 миллионға жуық адам аштықтың алдында тұр.

Осы ретте қазіргідей геосаяси шиеленіс және экологиялық қатерлер жағдайында Қазақстанның бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының қызметі ерекше маңызға ие болып отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстанның алдында тұрған стратегиялық мін­дет­тердің бірі екенін айтты. Бұл бағытта Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы жаһандық азық-түлік мәселелерін шешу жолында маңызды рөл атқарады. Біз ұйымның гуманитарлық дағдарыс­қа ұшыраған елдерге, оның ішінде Ауғанстан тұрғындарына көмек көрсету жөніндегі бастамаларын жоғары бағалаймыз», деді М.Әшімбаев.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақ­станда ауыл шаруашылығы сала­сын мемлекеттік қолдау және халықты қолжетімді әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатқаны айтылды. Соның аясында Сенат депутаттары еліміздің азық-түлік тәуелсіздігін нығайту мәселесін бас­ты назарында ұстап келеді.

Сонымен қатар тараптар Орта­лық Азия елдерінің агроклимат­тық жағдайы, экологиялық проблемалары және экономикалық байланыстары ұқсас екеніне назар аударып, ортақ тәсілдерді әзірлеу үшін аймақтағы ынтымақтастықты арттыру тетіктерін талқылады.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Бахрейнде ұйымдастырылған халықаралық конференция аясында діни лидерлермен болған кез­десулердің қорытындыларына назар аударды және Берік Арынды 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» атты Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне қатысуға шақырды.