Руханият • 21 Наурыз, 2025

Ұлт рухын оятқан тұлға

720 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақпарат және мәдениет министрлігінің қолдауымен Ұлттық музейі және Торғайдың «Жанкелдин музейлер кешенінің» ұйымдастыруымен Астанада «Қазақ рухын оятқан тұлға» атты дөңгелек үстел өткізіліп, көрме ашылды. Дөңгелек үстелге модераторлық еткен Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы Алаш арысы, ұлтының болашағы үшін басын қатерге байлап пассионарлық қызмет жасаған Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына байланысты іс-шаралардың бастау алып, еліміз бойынша жаппай атап өтілетініне сенім білдірді.

Ұлт рухын оятқан тұлға

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Одан әрі Торғайдағы А.Бай­тұрсынұлы мен М.Ду­лат­ұлының әдеби музейі дайындаған бейнебаян көр­сетіліп, Ұлттық музейдің ғы­лыми кітапханасында отыр­ған қатысушылар қос алып­тың туған мекеніне барып, олардың өміріне, күрескер­лік қияметіне қаныққандай болып, ұшан-теңіз әдеби мұрасының мұхитына кенелгендей қанағат сезімге бө­леніп, әр детальды көз алдынан өткізе ықылас танытты.

Алғашқы сөзді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов алып, Торғай – Тобыл өңірінде осы айтулы датаға байланысты 140 іс-шараның белгіленіп, алдыңғы легі жүзеге асырыла бастағанын тілге тиек етті. Ең басты жаңалығы – қайраткердің кесенесі мен музейі орналасқан Би­дайық­қа Қызбел ауылы арқылы өтетін күре жолдың күрделі жөндеуден өткізіле бастағаны көңілге үміт ұялатты. Сон­дағы кесене мен музейді де жаң­ғырту жұмыстары тия­нақ­талып жатқанға ұқсайды.

Облыс әкімі Қ.Ақсақа­лов жақында өңір зия­лы­ла­рымен кездесіп, осы мерей­той­ды жоғары дең­гейде ұйым­дастырып өт­кізудің жай-жапсарын ақылдасыпты. Бы­лайша айтқанда, әр тараптан түсіп жатқан ұсыныс-пікірлер­ді сараптап, тың ойларды екшеп, той мазмұнын байыта тү­серлік шешім қабылдан­бақ екен. Осы ретте режиссер Е.Төлеубайдың облыстық театрда ертеректе қойылған «Міржақып» драмасына ша­қырған қонақтарын өзі ертіп апарып қайыра көріп, ой елегінен өткізсе керек. Бұл да болса өңір басшысының той қамына кіріскендегі елгезектігі ретінде дәтке қуат беретіндей мысал ғой. Арман Тарғынұлы өз кезегінде қостанайлық суретші салған М.Дулатұлының жаңа кескін­демесін музей директорына табыс етті.

Пікірлесеу барысында Мір­жа­қыпқа қатысты өрбі­ген ойлар сорабынан таңғажа­йып тұлғаның әлі де ашылма­ған қат-қабат қырлары бары­на көз жеткізуге болатын тәрізді. Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының док­торы, профессор Еркін Әбіл­дің «Ұлы дала өрке­ниеті күйреп жатқан кезде, ақын-жыршылар мемле­ке­т­тігімізден айрылып, бодан болдық деп айтып жүрген кезде ұлтымыздың рухани жаң­ғыруын жасаған осы Алаш зиялылары еді. Міржақып сынды қайрат­керлер – қазақты саяси ұлтқа айналдырған тұлғалар. «Қа­зақ рухын оятқан тұлға» дегеніміз – көркем сөз емес, бұл нақты факт», – деп айтқа­нынан шындық салтанаты айқындалатын­дай еді. Ал осы жиынға Міржақыптың үш жиені (Нұрлан, Жаннат, Ерлан Сатыбалдиевтер) арнайы келіп қатысқаны мәртебе санарлық болатын. «Мектеп» баспасының директоры, жазушы-аудармашы Ерлан Сатыбалдиев туған нағашы атасы Дулатұлына қатысты Петропавл қаласында 1906 жылы татарлардың тойында түсірілген тарихи сурет туралы тың деректермен түсін­діріп берді.

Ал белгілі алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова Міржақыптың тіл біліміне, қазақ тарихына қа­тысты тың деректі байламдарын нақты мысалдармен өрнектей білді. Кезінде оның айтқан көптеген өмірлік тұ­жырымдары айналысқа түс­кенімен, нақты сілтемеде иесі көрсетілмегендіктен, меншіктік құқығы шектеліп қалғандай көрінеді екен. Бұл жағын да ескерген дұрыс-ау!

Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лі­гі Тіл саясаты коми­те­ті­нің төр­ағасы Ербол Тіле­шов, К.Са­ғадиев атын­да­ғы Ха­лық­­аралық бизнес университетінің доценті Сәбира Иманбаева, тарих ғылым­дарының докторы Марат Әбсемет, елордадағы М.Дулат­ұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының директоры Лаура Сәрсембекова және Торғайдың «Жанкелдин музейлер кешенінің» директоры Гүлбану Сәрсекей Алаш арысы М.Дулатұлының мерейтойына байланысты өз ұсыныстарын ортаға салды.

Осы жолдардың авто­ры кезінде М.Дулатұлы­ның­ мүр­десін Карелиядан 57 жыл­­дан соң алып келу сапа­ры­ның жол-жөнекей бары­сы «Егемен Қазақстан» газеті арқылы қалай наси­хат­тал­ғаны туралы айта келіп, даңқты тұлғаны туған жеріне қайта табыстаудың қара­лы сәттері­нен түсірілген екі ­бейне­баян жазылған кас­сета­ны музей ­директорына табыс етті.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған көрнекті жазушы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Төлен Әбдік Міржақыптың «Қайда едің?» өлеңінің бірнеше шумағын төкпелете келіп, Дулатұлы­ның сол аласапы­ран заманның сұрқия өтке­лектерінен өтудің амалдарын ашпақ болған ішкі бұлқыныстарын зерделеп, бүгінгі күнмен қабысатын идеяларына басымдық бере са­раптама жасады. Соны­мен қатар Парламент Сена­ты­ның депутаттары Нұр­төре Жүсіп пен Бибігүл Аққо­­жина, Мәжіліс депутаты Бе­­рік Бейсенғалив, Ш.Уәли­ха­­нов атындағы Тарих және этнология инс­титутының директоры, тарих ғылымдарының док­торы, профессор Зия­бек Қабылди­нов мерейгер М.Дулатұлының ­140 жыл­дығын жоғары дең­­гей­де атап өтуге бүкіл халық ­бо­­лып жұмылудың жай-жап­са­рын айта келіп, аталған көрме­нің өскелең ұрпаққа рухани тә­лім-тәрбие берер­лік қуатын қос­тап, оған кө­рер­мендерді молы­нан тар­ту­дың қажеттігіне на­зар ­аударды.

 

Қайсар ӘЛІМ,

міржақыптанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері