Газеттің кешегі нөмірінде хабарлағанымыздай, 24 маусымда Түркия астанасы Анкара қаласында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды. Салтанатты рәсімде Анкара қаласының мэрі Мелих Гөкчек, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Әли Шахин және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов сөз сөйледі.Еңселі ескерткішті тұтастай көмкерген аспанкөк түсті мата жайымен түсіріліп, бауырлас Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары орындалған соң, мінберге Анкара қаласының мэрі Мелих Гөкчек көтерілді. Қала басшысы ескерткіштің ашылу салтанатына жиналған көпшілік қауымға алғысын білдіре келіп, сөзін Қазақстан мен Түркияның тереңнен тамыр тартқан туыстығынан бастады. Түрік пен қазақ халықтарының тарихи және мәдени құндылықтары ортақ, деді Мелих Гөкчек. Екі ел арасында ыстық ықыласқа негізделген қарым-қатынас та, екі бауырлас халық арасында үлкен сүйіспеншілік те бар. Біздер 2001 жылдан бастап Анкара мен Астана қалалары арасында түрлі салада ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасып келеміз. Мәдениет күндері өткізіледі, халықтар арасында достық және мәдени байланыстар нығая түсуде.
Қала мэрі бұдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттағы, халықаралық қоғамдастықтағы беделіне тоқталды. Мелих Гөкчектің атап өтуінше, Президент Н.Ә.Назарбаев қазақтың данышпан көшбасшысы болып табылады. Тұңғыш Президент ретінде елдің тәуелсіздігін бекем орнықтырып қана қоймай, республиканың өтпелі кезеңнен тез және дағдарыссыз өтуін қамтамасыз етіп, Қазақстанды қысқа мерзім ішінде әлемнің беделді мемлекеттерінің қатарына қосты.
Көшбасшылық және асқан көрегенді қасиетке ие Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырдың қалалар ғасыры болатынын алдын ала болжап, деді қала басшысы әрі қарай, санаулы жылдар ішінде Азия даласында әлемге танымал мегаполиске айналған көрікті де үлкен Астана қаласын салды. Сонымен қатар, Түркия төрағалықты қабылдап алған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Н.Ә.Назарбаевтың жобасы болып табылады.
Мелих Гөкчек, сондай-ақ Қазақстан басшысының түркі дүниесін ынтымаққа шақырған бастамаларын да атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Президенті ұлы түркі әлемінде өзара ынтымақтастықты орнықтырып, нығайтуға да зор үлес қосып келеді. Өткен жылы Нахчывандағы саммитте Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды. Ал 2009 жылы қазан айында Астанадағы Есіл өзенінің жағалауындағы саябаққа Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші де тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен ашылды.
Анкара әкімдігі мен қала мәслихаты, деді Анкара қаласының мэрі Мелих Гөкчек сөзін қорытындылай келіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемде бейбітшілікті қамтамасыз ету мен түркі әлемі бірлігіне және Анкара мен Астана арасындағы қатынастарға қосқан үлесіне алғысымыз ретінде, сондай-ақ 70 жасқа толу мерейтойы қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін Анкараның ең әсем де көрікті жері – Ататүрік бульвары мен “Жастар” саябағы қиылысқан тұсқа орнату туралы шешім қабылдадық. Осындай ұлы көшбасшымыздың ескерткіші қаламыздың көркіне көрік қосып, ажарландыра түседі.
Қазақстан Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші Анкарадағы ең ұзын, мемлекеттік мекемелер мен көп қабатты тұрғын үйлер молынан орналасқан түрік халқының ұлы перзенті Мұстафа Кемал Ататүрік бульварының бойына орнатылған. “Жастар” саябағы мен Ататүрік бульварының қиылысында алыстан менмұндалайды.
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Әли Шахин сөзіне екі ел арасындағы достық қатынастарды, қазақ-түрік байланыстарын тереңдетудегі Қазақстан Президентінің атқарған келелі істерін арқау етті. Төрағаның атап өтуінше, Нұрсұлтан Назарбаев Анкараға сапармен келгенде Түркияның Еуропа Одағымен қатынасты нығайтқанын Қазақстан қолдайтынын білдірген. Бірақ Азияны да ұмытпау керектігін, Шығысқа да Түркияның бет бұрғаны жөн екендігін айтқан. Түркия Еуропамен ынтымақтастықты нығайту барысында Азияны да, Шығысты да ешқашан ұмытпайды. Бүгінде Түркітілдес мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы құрылды.
Астанада ашылған Ататүріктің ескерткіші және бүгін ашылып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың Анкарадағы ескерткіші қандай мағына береді, деп жалғастырды сөзін М.Ә.Шахин. Екі ірі саяси тұлға өз елдерінің ғана емес, туыс екі халықтың да ірі саяси қайраткерлері болып табылады. Астанадағы Ататүріктің ескерткіші сіздерге бізді еске түсіртсе, Анкарадағы Назарбаевтың ескерткіші мұндағы түріктерге қазақ халқын әрқашан еске түсіртеді. Уақыты келгенде бауырлас екі халық – қазақ пен түрік аудармашысыз сөйлесетін болады.
Мехмет Әли Шахин осылай дей келіп, Анкара қаласының басшылығына қалада Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына көше беру жөнінде ұсыныс білдірді. Біз діні, тілі және ділі бір халықтармыз, деді Мәжіліс Төрағасы осы жайында. Анкараның ең көрікті әрі орталық көшелерінің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін берген жөн деп білемін. Бұл Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсер еді.
Шешендер сөйлеп жатқанда, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңселі ескерткішіне ауық-ауық қарап қоямыз. Өзгелер де солай етуде. Арнайы жабдықталған орынжайдағы орындықтарда отырған түркиялық қазақ қандастарымыз Елбасының ескерткішінен тіпті көз алар емес.
Ал Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов сөзін Мұстафа Кемал Ататүріктің көрегенді сөзінен бастады. Түрік мемлекетінің негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің мына бір сөзіндегі үлкен көрегендік мені әрдайым таңғалдырады, деді Мәжіліс Төрағасы. Ол: “Күні жеткенде Кеңес Одағы да тарайды. Әлемде жаңа тепе-теңдік салтанат құратын болады. Кеңес Одағының қол астында өзімізбен тілі бір, діні бір, ділі бір туыстарымыз тұрып жатыр. Біз оларды қолдауға әзір болуға тиіспіз”, деген еді. Міне, осындай көптен күткен күнге қазақ халқы 1991 жылғы 16 желтоқсанда қол жеткізді. Сонда біздерге бірінші болып қол созған, Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланған сәттен небары 14 минөт өткенде еліміздің тәуелсіздігін әлемде бірінші болып таныған ел нақ осы Түркия болғанын біз ешқашан ұмытпаймыз. Осы достық пен бірлікке бастаған тарихи қадам тұрақты қатынастарымыздың берік негізін қалады.
Орал Мұхамеджанов одан соң, түріктің танымал тұлағалары жөнінде ой қозғады. Төрағаның атап өткеніндей, қазақстандықтар Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен өздерінің жас та жауһар Астанасының төрінде Ататүріктің ескерткішін орнатты. Түрік халқының тағы бір әйгілі перзенті, әлемге танымал мемлекет қайраткері болған Тұрғыт Өзалдың атына Алатаудың баурайындағы Алматы шаһарында көше берілді. Сөйтіп, елінің мақтанына айналған түрік халқының ардақты ұлдары кезінде ата-бабаларымыз бірге қоныс қылған алтын бесігіміз – Алтайдың аясына қайта оралды. Қазақ елі біздің мемлекеттер арасындағы стратегиялық әріптестік пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту ісіне Түркияның қосып отырған үлесін жоғары бағалайды.
Сарапшылардың пікірінше, 2010 және 2011 жылдар Қазақстан мен Түркияның жылдары болады, деп жалғастырды сөзін Мәжіліс спикері. Қазақстан 2010 жылы 56 мемлекетті қанатының астына біріктірген ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп жатса, ал 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Ал Түркия болса, шамамен 3 миллиард халық тұратын мемлекеттердің басын қосып отырған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің төрағасы қызметіне кірісті. Осылайша біздің елдеріміз қазір Еуропа мен Азияның аса маңызды бірлестіктеріне басшылық жасауда. Мұның символдық мәні бар. Біздің елдерге Еуразия қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, маңызды бейбіт бастамалар көтеруге бірегей мүмкіндік туып отыр. Сондықтан Қазақ елінің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Түркілер өркениеттің дамуына орасан зор үлес қосты. Ал ендігі жерде түбіміз бір, тіліміз бен діліміз бір болған соң, осы бірлігіміздің қадіріне жете білуіміз керек, сөйтіп, бұл артықшылығымызды біздің елдеріміз арасындағы өзара қатынасты жақсарту ісіне тиімді бағыттай білуіміз керек. Біздер осындай өнегемізбен бүкіл адамзаттың бейбітшілік, келісім, өзара құрмет жолымен жүруіне ықпал ете аламыз”, – деуі жайдан-жай емес.
Орал Мұхамеджанов келесі кезекте түркі халықтарының алдында сіңірген аса зор еңбегі үшін Анкараның орталығында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнату жөніндегі түрік ағайындардың шынайы бауырластық шешімін қазақстандықтар аса зор ықыласпен қабыл алғанын жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдегі маңызды оқиғалар барысына жарқын да елеулі үлес қосқан тарихи қайраткер, Қазақстан тарихында Түрік Республикасындағы Ататүрік сияқты айрықша орын алады, деді әрі қарай. Бүгінгі күні Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев Президент қана емес, Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, халық санасында ұлт таныған Елбасы болып табылады. Н.Ә.Назарбаев дара тұлғалық қасиетінің арқасында қоғамның күш-жігерін жаңа мемлекеттіліктің негіздерін қалауға бағыттап, туған елінің дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар, спикер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2008 жылы тарихта бірінші рет Түркітілдес мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясы, ал 2009 жылы Нахчыван қаласында Түркі елдерінің кеңесі құрылып, бауырлас елдердің достығына және өзара тиімді ынтымақтастығына үлкен әлеует қосқанын атап өтті. Түркия Президенті Абдулла Гүлдің: “Нұрсұлтан Назарбаев түркітілдес мемлекеттердің топтасуы үшін көп іс тындырды, сондықтан да Қазақстанның ғана емес, бойында түркінің қаны бар барлық халықтардың көшбасшысы болып табылады”, деген сөзін келтірді.
Мәжіліс Төрағасы сөзінің қорытындысында Елбасының қажырлы еңбегін лайықты бағалап, құрмет көрсеткен туысқан түрік халқына шын жүректен алғыс айтып, осы елеулі тарихи оқиғаның біздің халықтар арасындағы достық байланыстарын одан әрі тереңдете түсуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін ашу салтанатының ресми бөлігі аяқталған соң, ескерткіш алдындағы алқызыл лента қиылды. Сол-ақ екен, қаумалаған жұрт ескерткіш алдында естелік суретке түсуге ұмтылды. Ал біз, журналистер жұртшылықпен сұхбаттасуға жүгірдік.
“Қазақстан Президентінің ескерткіші екі халық арасындағы шынайы достықты білдіреді, деді “Окан” холдингінің директоры Бекир Окан. Ол – Түркия мен Қазақстанның ынтымақтастығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Өткен жылы Астанада Ататүрікке ескерткіш ашылған болса, бүгін Назарбаевқа ескерткіш ашылып отыр. Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы ел болып табылады. Санаулы жылдар ішінде Астана қаласы бой көтерді. Мен Назарбаевты Орталық Азияның Ататүркі деп есептеймін”.
“Бүгінгі күнді қазақ халқы үшін тарихи күн деп санаймын, деді Ыстамбұл қаласында тұратын қандасымыз Әбулақап Қара. Осы мерекеге біз арнайы келдік. Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Анкарада еңселі ескерткіштің ашылуы қазақ-түрік қатынастарының ең жоғары деңгейге жеткенін көрсетеді. Нұрсұлтан Назарбаевты Түркияның қайраткерлері жоғары бағалайды. Өйткені, Қазақстан басшысы өз елін небәрі 19 жыл ішінде халықаралық деңгейге көтерді. Екіншіден, Түркияда Назарбаев бейнесін түркі дүниесінің бірлігі деп ұғынады”.
“Қазақстан Президентін өте құрметтеймін және сыйлаймын, деді бизнесмен Зюлькиф Жейлан. Астана мен Анкара бауырлас қалалар. Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің ашылуы Түркия халқы үшін ерекше жағдай. Себебі, түркиялықтар Назарбаевты өте құрметтейді. Ол түркі халықтарының бірлігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бұл – Қазақстан Президентіне көрсетілген ерекше құрмет”.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.