
Сурет: ernur.kz
Наурыз мерекесі қарсаңында облыс орталығының әр жерінде мерекеге арналған түрлі іс-шара басталды. Соның бірі халық «Тұрмыстық үй» атап кеткен сауда орталығында ұлттық киім көрмесі болды.
Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған бұл көрме театрландырылған көрініс сипатында ерекше өтті. «Дәстүр тағылымы» атты көрмені біз халықтың дәстүрлі мәдениетіне назар аудартып, ұлттық киімнің құндылығын дәріптеуді мақсат еткендіктен ұйымдастырдық», дейді мекеме басшысы Мәулет Жұбатов.
«Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы негізінде 18 наурыз – Ұлттық киім күні болып белгіленген болатын. Осыған орай Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қазақ халқының санғасырлық тарихы мен мәдениетін айшықтайтын ұлттық киімдерінің сән көрсетілімі салтанат құрып отыр. Бұл іс-шараның идеологиялық маңызы өте зор. Ұлттық киім Наурызда ғана емес, күнделікті өмірде де қолданысқа енсе, нұр үстіне нұр болар еді», дейді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева.
Бұл күні сауда орталығына келген халық «Ақжайық» би ансамблі орындаған «Шашу» биін тамашалап, «Шежіре сәні» ата-әжелер тобы ұсынған қазақтың көнеден келе жатқан киім үлгілерін тамашалады. Мерекеге «Атамекен» композициялық орталығының «Сәулем-ай» әжелер ансамблі «Ақ кимешек» атты топтамамен, БҚО дизайнерлер қауымдастығының «Қазақы нақыш» топтамасы, «Мария ханым» сән салонының «Балалар топтамасы», қазақ жігіттеріне арналған «Қайсар рух» киім үлгісі, жас жұбайлар үшін «Жар-жар» топтамасы қатысты.
Батыс Қазақстан облысы