
- Шайбалы хоккейден Алматының «Айсұлуы» Еуропа әйелдер лигасының (EWHL) жеңімпазы атанды. Барлық қарсыласын қапы қалдырған қыздар финалда Аустрияның Санкт-Пёльтен қаласының «Сэйбрз» клубына сан соқтырды. Қос команда арасындағы алғашқы матч 1:1 есебімен тең аяқталса, қарымта кездесуде «Айсұлудың» асығы алшысынан түсті – 2:1. Жеңіс голын овертаймда Эннализ Хейс соқты.
- Көркем гимнастикадан Грекияда өткен «Aphrodite Cup» турнирінде еліміздің құрамасы 9 алтын, 5 күміс, 1 қола медальға қол жеткізді. Эрика Жайлауова көпсайыс пен «таспада» бірінші орын алса, «доп» жаттығуында екінші сатыға жайғасты. Милана Парфилова «шығыршықта» алтыннан алқа тақты. Айым Мейіржанова «таспада» екінші, көпсайыста үшінші орынды еншіледі. Топтық сайыста жерлестеріміз 2 алтын, 1 күміс олжалады. Қыздар арасындағы түрлі жаттығуда Ақмарал Ерекешева үш алтын, екі күміс иеленсе, Айғаным Рысбек алтыннан алқа тақты.
- Марокконың Маракеш қаласында шпагамен семсерлесуден әлем кубогі басталды. Жарыста ерлер арасында Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай, Руслан Құрбанов, Аңсар Қасен, Кирилл Павлов, Никита Жулинский, Александр Федотов, Михаил Кузьмин, Нариман Уәлихан өнер көрсетеді. Әйелдер бәсекесінде София Николайчук, Владислава Андреева, Ләззат Кәріпова, Каролина Фомина, Виктория Қайдароваға сенім артылып отыр.
- Швейцарияның Энгвадин қаласында фристайл-акробатикадан әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. Аталған жарыста қазақ елі намысын Шерзод Хаширбаев, Ұланбәкір Өмірзақов, Дінмұхаммед Райымқұлов, Асан Асылхан, Аяна Жолдас сынды спортшылар қорғайды.
- Парадзюдодан Тбилисиде өткен Әлем кубогінде Ақмарал Науатбек алтыннан алқа тақты. 52 кг салмақта күрескен Ақмарал финалда германиялық Изабель Тайды айқын басымдықпен ұтты.
- Иорданияда Азия күрес кеңесінің (АКК) конгресі өтті. Сол жиында осыған дейін аталған ұйымды бірнеше жыл бойы басқарған даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов өз қызметінен кетті. Жерлесіміздің орнына иорданиялық Мохаммед Әл-Авамала сайланды.
- Шайбалы хоккейден ҚХЛ-дың Гагарин кубогі жолындағы жарысы басталды. Астананың «Барысы» бұл бәсекеден тыс қалғанымен, еліміз ұлттық құрамасының бес бірдей ойыншысы түрлі клуб сапында өнер көрсетеді. Олар – Валерий Орехов пен Никита Михайлис («Металлург»), Леонид Метальников пен Аркадий Шестаков («Адмирал»), Дмитрий Бреус («Торпедо»).
- Футзалдан ел кубогі жолындағы жарыстың финалында «Қайрат» пен «Семей» кездесті. Шешуші матч Абай облысынан келген команданың айқын жеңісімен аяқталды. Есеп – 5:1. Семейліктердің сапындағы Кайо Руис дубль авторы атанса, Дедезиньо, Габриэль Кандидо, Ақжол Дәрібай бір-бір реттен нысананы дәл көздеді. Алматылықтар арасынан тек Денер ғана мергендік танытты.
- 30 наурыз бен 6 сәуір аралығында бокстан Бразилияда халықаралық турнир өтеді. Жарыста еліміздің туы астында Нұрзат Оңғарұлы (50 кг), Нұрсұлтан Алтынбек (55 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Алмат Әбдуәлі (65 кг), Дархан Дүйсебай (70 кг), Диас Молжігітов (80 кг), Дәулет Төлемісов (85 кг), Даниял Сапарбай (90 кг) сынды былғары қолғап шеберлері өнер көрсетеді.
- Теннистен Майамиде өтіп жатқан аса ірі халықаралық доданың 1/16 финалында аргентиналық Уго Карабеллиді қапы қалдырған Сербияның саңлағы Новак Джокович жаңа рекорд орнатты. Ол «Мастерс» санатындағы турнирлерде өзінің 411-жеңісіне қол жеткізді. Осы көрсеткіш жағынан Джокович испаниялық Рафаэль Надальді (410 жеңіс) басып озды.