
28 наурыздың түнінде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді. Жер дүмпуінің жоғары қарқыны 5 балл Меркі ауданындағы Меркі ауылында тіркелді. Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 баллды, Тараз, Шу қалаларында, Қордай, Мойынқұм аудандарында 2 баллды құрады.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жедел штаб құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек төрағалық еткен оның құрамына азаматтық қорғау қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, тиісті ведомстволардың өкілдері кірді.
Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Аудандардағы тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Қазіргі таңда Меркі аудандық орталық ауруханасының, Меркі ауылдық округіндегі «Балдәурен» балабақшасының ғимараттарында және Талдыбұлақ ауылындағы тұрғын үйдің ас бөлмесінде қабырға жарылғаны анықталды.
Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылындағы тұрғын үйдің, Жаңатұрмыс ауылындағы 6 баспананың, ауылдық мектептің, Қарақыстақ ауылдық округінің Каменка ауылындағы мәдениет үйінің қабырғаларында жарықшақтар пайда болған.
Арнайы комиссия өңір басшысының тапсырмасы бойынша келтірілген шығынды анықтау жұмыстарын жүргізеді. Оның құрамына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының өкілдері кіреді.
Аудандардағы нысандарды мамандар аралап, ахуалды көзбен көрді. Меркі ауданында айналма жолдарға 55 адам, 33 бірлік техника, Т.Рысқұлов ауданында 65 адам, 40 бірлік техника жұмылдырылды.
«КАЖсервис» ЖШС облыстық филиалының қызметкерлері (25 адам, 19 техника) Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының (5 көлік айырығы, 2 теміржол өткелі және 3 көпір) жай-күйін тексеріп жатыр. 45 елді мекен зерттелді.
Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігімен өзара іс-қимыл кезекші бөлім арқылы ұйымдастырылды. Шоң-Қақпа және Орто-Тоқай су қоймалары қалыпты режімде жұмыс істеп тұр.
Тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп жоқ. Жедел штаб жағдайды бақылауды жалғастыруда.
Жедел ден қою жасақтары дайындыққа келтірілді, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Полиция мен ТЖД қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдады.