29 Маусым, 2010

ФУТБОЛДЫ ОЙЛАП ТАПҚАНДАР АУЫЛЫНА ҚАЙТТЫ

669 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ал қазылар әділ бола алмай жатыр... Басталды! Ширек финалға өту үшін тұла бойындағы барыңды сығып беріп, ешқандай қателікке жол бермеуің керек. Бұл топтық кездесу емес, ендігі жеңілгенге үміт жоқ. Әлем чемпионаты есігін ішінен айқара жауып алады. Футбол аламаны бәйгесіне дүние жүзіндегі ең мықты сана­латын мемлекеттер Президенттері­нің де ықпал етуге күші жетпейді. Алжирді екі таймға жүк қып артқан қосымша минутта гол салып ұтып, плей-оффқа өткен АҚШ құрамасын арнайы құт­тықтаған Барак Обама келесі матчта Гананы да ұтып, Америка байрағын көтеруді тілеп еді. Африка құрлығы құрамалары­нан жалғыз қалған Гана Барак Обама тізерлеп отырып, қиылып отырып өтінсе де мемлекетінің намысын бермек емес. Солай болды да. Қара маржан жігіттер екі тайм бойы басымдылықтарын айқын аңғартты. Ойының 5-і минутында-ақ Кевин-Прино Боатенг алаң ортасынан доп қақшып алып, АҚШ қақпасына жалғыз өзі сүркіл салды. Оның он бес метр жерден керіліп тепкен добын Тим Ковард ұстай алмаған. Америкалықтарды қорғаныс шебіне кіргізбеу үшін бар амал-айла жасап жүрген ганалықтар өз айып алаңында тәртіп бұзды. Он бір метрлікті Донован жақсы-ақ пайдаланды. Есеп теңеліп, амери­калықтар көңілдерін демдегені­мен қара маржан жігіттер келіс­пеген екен. Төреші белгілеген қосымша минуттарда Асамао Гьян америка­лықтардың қақпа төрін тулатып кетті. Есеп – 2:1. Теке жәуміт арғымақтай ойқастаған ганалықтар ширек финалға өтті. Ал Порт Элизабет ста­дио­нында өткен Уругвай-Оңтүстік Корея кездесуі 2:1 есебімен аяқ­талды. Корей Ли Чхун Ен соққан голға уругвайлықтар сұрмергені Луис Суарес екі әдемі голмен жауап берді. Бас бапкер Оскар Табарестің көңілі тоқ. “Біздің құрама кез кел­ген қарсыластың құтын қашыра­ды. Әр матч сайын ойын өрнегі күшейіп келе жатыр” дейді ол. Енді олар ширек финалда гана­лықтармен кездеседі. Ал футболды ойлап тапқан елдің жігіттері айтулы неміс ма­шинасының асуынан өте алмады. Германия – Англия 4:1. Гол соққандар: Клозе 20 (1:0), По­дольский 32 (2:0), Апсон 37 (2:1), Мюллер 68 (3:1), Мюллер 70 (4:1). Немістер алаңға тас-түйін шық­қандарын алғашқы он ми­нуттың ішінде-ақ танытты. Месут Озил қорғанысты бұзып жарып, қақпаны көздегенде Джеймс әупіріммен құтқарып қалды. Осыдан кейін ағылшындардың қорғанысының сыр беретіндігі байқалған. Нойер өз қақпасы тұсынан шірене тепкенде доп қарсы жақ қақпа маңында ойқас­тап жүрген Клозе мен қорғаушы Апсонның ортасына түсті. Клозе сол қапта­лында келе жатқан Апсонды ұзын қолы­мен тіреп алға оз­дыр­маған күйі қақ­па­ға жетті. Джеймс те қарсы атылған. Құ­лап бара жатып жа­­нынан допты теуіп үлгерді Клозе. Ағыл­шындар өзді-өзіне келгенше араға он минут салып По­дольский гол салып кетті. Сол қанатпен су бетіндегі қайықтай сырғыған Мюллер айып алаңы тұсынан қапталдасып келіп қалған Подоль­скийге әдемі пас берген. Тағы да қорғаушылардың қателігі. Қақпа ашық қалды. Ағылшындар жағдай тура осындай болады дегенді күтпесе керек. Еуропадағы бәсекелес екі құраманың арасындағы кездесу­лердің он екісінде ағылшындар, он матчта немістер жеңіс тойын тойлаған екен. Бес кездесу тең аяқталған. Сыралғы қарсыласқа алғашқы таймда-ақ тізгінді беруге басқа-басқа, бірақ ағылшындар келіс­пейді. Лэмпардтың айып алаңы­ның сыртынан тепкен добын қорғаушы Апсон баспен қақпаға дарытқан. Араға минут салып сол Лэмпард ойынды терезесі тең жағдайға жеткізген еді. Ол тепкен доп немістердің қақпасы маңдайшасына тиіп, жерге соғылып қайта маңдай­шадан серпілгенде Нойер ұстап алды. Видеоқайталау доптың қақпа сызығынан ішке енгенін анық көрсеткенімен уругвайлық қазы Хорхенің сол мезет көзі жет­педі. Санаған жоқ. Фабио Капелло көкке ұшып, жерге түскенімен, жоқ сақалын жұлғанымен арбитр­дың шешімін ешкім бұза алмайды. Екінші таймда ағыл­шындар неміс­тер қақпа­сына лап қойды. Дже­рард, Дефо бастаған нояндардың гол соғатын мүмкін­діктері болды. Ысқаяқ ағылшындар шабуылмен бас қатырып жүргенде шаруаларына тастай немістер есепті еселеп кетті. Мюллер жауапсыз екі гол соқты. Ағылшындар кәдімгідей есеңгіреп қалды. Ойыннан соң Фабио Капелло Германия құра­ма­сының жақсы ойнағанын айтты. “Мұндай матчта әрбір деталь жауапты рөл атқарады. Төрешінің Лэмпардтың соққан голын есептемеуі ойын өрнегіне қатты әсер етті” дейді ол. Торонтода “үлкен жиырма­лық­тың” саммитінде келелі мәсе­л­е­л­ер­ді талқылап жатқан Герма­ния канц­­лері Ангела Меркель мен ағыл­­шындардың премьер-министрі Дэ­вид Кэмертон футболды бірге тама­шалаған екен. Ағылшын премьер- министрі немістердің жақ­сы ойыны­мен әріптесін құттықтаған. “Мен әлі ойынның ырқынан шыға алмай жүрмін, – депті Мер­кель. Біздің футболшылар өте жақ­сы ойын көрсетті. Әрі қарай да жол­дары оңғарылатына тілек­теспін”. Енді Германия ширек финалда Мексиканы 3:1 есебімен жолда қалдырған Аргентинамен жасыл алаңға шығады. Әлем чемпионатының алдында Аргентина құрамасының бас бап­кері Марадонаны сынға алғандар көп болған. Соның бірі даңқты Пеле Диегоның бапкер­лігіне шек келтірген. Марадонада қарап қалу­шы ма еді. “Пеленің мұражайда тұ­ра­тын уақыты болды. Ақылы ар­тып бара жатса басына майлап жақ­сын” деген сыңайда бұрқ ете қалған. Қорғанысты емес, шабуылды жақсы көретін Марадонаның шә­кірт­тері бірінші таймда-ақ мәсе­лені шешіп тастады. Ойын­ның 26-минутында Карлос Тевес сал­ған гол екі құраманың сәл бол­ма­ғанда төбелесіп қалуына се­беп­кер бола жаздады. Қорғау­шы­ларды қоғадай жапырып айып алаңына жеткен Месси қақпа маңында тұр­ған Тевес­ке доп асыр­ған. Қақ­па­шы Пе­рес алып үл­­­­­ге­ре ал­ма­ды. Сол кез­де Те­вес бас­­пен кір­­­г­ізіп жібер­ді. Бей­нетаспа Те­вес­тің оф­сайд­­та тұр­ға­нын көр­сетті. Аргенти­на­лықтар да, мек­сикалықтар да қаны бой­ларына сый­май жүретін өршіл ұлттар. Бірінші тайм­нан соң ше­ші­нетін бөл­меге беттеп ба­ра жа­тып, та­ғы да шекі­сіп қала жаздап­ты. Ал­ Игуайн қарсы қақпа жанында жемтігін іздеген бүр­кіттей шүйлігіп жүр еді. Осорио әріптесіне доп асырмақ болып оңбай қателесті. Игуайн іліп әкетті. Гол! 2:0. Екінші таймда Тевес жиырма бес метр қашықтықтан әдемі гол салды. Мексикалықтар да қарап қалмаған. Бірнеше рет Аргентина қақпасының алдында атой салып, қақпаның кілтін аша жаздады. 71-минутта Хави Эрнандес дегеніне жетті. Есеп 3:1. Күн өткен сайын Әлем чем­пионатының қызығы көбейіп келеді. Шыжығы да жеткілікті. Англия құны ат басындай алтынға бергісіз добын ұрлатып алды. Аргентиналық Тевестің оффсайдтан салған добы есептелді. Бұл – төрешілердің көпе-көрі­неу қателігі. Ал ФИФА көзін жұмып, құлақтарын қос ала­қанымен жауып отыр. Бақтияр ТАЙЖАН.