Спорт • 29 Наурыз, 2025

Шайдоров Олимпиадаға қатысады

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Бостон қала­сындағы әйгілі ТД-гарден аренасында мәнер­леп сыр­ғанаудан әлем чемпио­наты өтіп жатыр. Келесі жылы Италияның Милан мен Кортина-д’Ампеццосында алауы тұтанатын қысқы Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа са­лынатын дүбірлі додада еліміздің туы астында Михаил Шайдоров пен София Самоделкина өнер көрсетті.

Шайдоров Олимпиадаға қатысады

Жарыстың қысқа бағ­­дар­ла­масында Ми­хаил Шайдоров ас­қан шеберлігімен тәнті етті. 20 жастағы алматылық өрен 94,77 ұпай жиып, үшінші орынға табан тіреді. Егер аса күрделі әдіс – үштік аксельді орындау барысында қолы мұзға тимеген жағдайда жерлесіміздің өнері бұдан да жоғары бағаланатын еді. Десек те осы нәтиженің өзі Шайдоровқа Бостонда үздіктер қатарына қосылып қана қоймай, Олимпия ойындарының жолдамасына иелік етуге жеткілікті болды.

Бәсеке аяқталған бетте БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Михаил: «Соңғы дайындық жұ­мыста­рын Вашингтонда өткіздім. Басында біраз қиындық болды. Ұйқы келмеді, толқы­дым, қобалжыдым. Бірақ ол үйреншікті нәрсе. Ең бастысы, соның барлығын жеңе білдім. Бұл спорттық мансабымдағы ең қиын сырғанау болды. Соған қарамастан алға қойған жос­парым жүзеге асты. Алда бү­гінгіден де ауыр сынақ күтіп тұр. Егер еркін бағдарламада қателікке бой алдырмасам, көз­деген мақсатыма қол жеткіземін», деп ағынан жарылды.

Қысқа бағдарламаның қоры­тындысы бойынша америкалық Илья Малинин көш бастады. Был­тырғы жылғы әлем чемпионы 110,41 ұпай олжалады. Екін­ші орында – Юма Кагияма. Олим­­­пия мен Азия ойындарына бір мәр­­те, әлем чемпионаттарында үш ­­рет күміспен күптелген Жапония­­ның жұлдызы 107,09 ұпайды ен­ші­леді. 

Әйелдер арасында бақ сына­ған Софья Самоделкина да жаман сырғанаған жоқ. Десек те оның орындаған элементтерінің күр­делілігі кемшін соғып жатыр. Соның салдарынан қыс­қа бағ­дарламаны 13-орынмен қоры­тындылады. Жиған ұпайы – 63.58. Бұрымдылдар бәсекесінде америкалық Алиса Лю (74.58 ұпай) бірінші орында тұр. Жапониялық Монэ Тиба (73.44 ұпай) мен АҚШ-тың тағы бір өкілі Изабо Левито (73.33 ұпай) екінші, үшінші сатыға жайғасты.