
Сурет: atpress.kz
Әрине, біз қозғайтын әңгіме – техникалық және кәсіптік білім беру жайында. Білімнің қай-қайсы да бөліп-жарып қарауға келмейтін ортақ игілік. Десе де, кәсіптік білім – айрықша ден қойып, ерекше назарға алу қажет сала екені жыл өткен сайын айқындалып келеді. Қазір оқушылар колледжге түсіп, сол игерген мамандығымен еңбек нарығына қадам басуға құштар. Тиісінше, колледждерде жұмысшы мамандарын даярлауға қатысты барлық мүмкіндік қарастырылған. Қажетті заманауи жабдықтар орнатылып, оның тілін біліктілігі жоғары мамандар ұғындырады. Өндіріс пен құрылыстың, көлік пен ауыл шаруашылығының, энергетика мен қызмет көрсету саласының қыр-сырын жедел меңгерген жастар нарыққа аяқ басып жатыр.
Мәселен, қазіргі уақытта дәнекерлеуші, токарь, слесарь, механик, өнеркәсіптік жабдықтарды жөндеу шеберлеріне сұраныс жоғары. Құрылысшы, электрик, сантехник, бетоншы, әрлеуші де ә дегеннен жұмыс тауып кете алады. Қазір жұмыс берушілер агроном, ветеринар, техник-механизатор, электр монтері, автослесарь, теміржолшы, энергетик мамандарға тәуір жалақы ұсынып, тезірек жұмысқа орналастыруға асығады. IT-саласы мен желілік инженерия мамандарының да айы оңынан туып тұр. Қысқасы, еңбек нарығына ауадай қажет мамандардың басым бөлігі колледждерде даярланады деуге толық негіз бар. Бұл мамандық иелерін аттай қалап алдырудың да пәлендей сыры жоқ, бар болғаны бұл мамандар экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді.
Жұмысшы мамандықтары бойынша сапалы білім берудің маңызды факторы – дуалды оқыту жүйесі. Аталған жүйе бойынша студенттер теориялық білімді оқу орнында алып, тәжірибені кәсіпорындарда өтеді. Осындай тәсіл олардың кәсіби дағдысын шыңдап, жұмысқа орналасу мүмкіндігін еселей түседі.
Қазір қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас түбегейлі өзгеріп келеді. Бұрын жоғары білімді мамандар ғана беделді деп есептелсе, бүгінде білікті жұмысшының ел экономикасының тірегіне айналып келе жатқанына дәлел көп. Көптеген кәсіпорын білікті жұмысшыларға жоғары жалақы ұсынып, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасауға кірісті. Осы тұрғыдан алғанда, 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануы – ел болашағы үшін маңызды қадам. Игілікті бастама техникалық және кәсіптік білім беру саласын одан әрі дамыта түсуге, жастарды қажетті мамандықтарға баулуға, еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал жасайды деп сенеміз.
Зухра Диуанова,
Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің жалпы пән оқытушысы
Қызылорда облысы