29 Маусым, 2010

ҚАШҚЫНДАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

534 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қылмыс Кеше ІІМ-де ағымдағы жылдың 22 маусымында Маңғыстау облысындағы қатаң режімдегі түзеу мекемесінен 21 адамнан тұратын бір топ қаруланған, ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандардың қашып кету оқиғасына байланысты брифинг болып өтті. Онда баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов сотталғандардың толық ұсталғандығы туралы хабарлады. Оқиға бойынша аз-кем түсініктеме берсек. Сотталғандар таңғы сағат 5 шамасында кіші трансформатор стансасын істен шығарып, алдын ала дайындап алған бөгет-тосқауылдарды кесетін құралдарды пайдалана отырып, тыйым салынған аймақты бұзып өткен. Қашу барысында күзетте тұрған сақшыға бағыттап бірнеше рет оқ атқан. Алайда ішкі әскердің әскери қызметшісі өзінің жаралан­ғанына қарамастан, қашқындарға  қару қолданып, оның нәтижесінде үш сотталған оқиға орнында көз жұмған. Қашқын­дардың ізіне түскен қарауыл тобы сотталған­дардың бірін қатаң режімдегі түзеу мекемесінен 200 метр жерде жаралаған, ол алған жарақатынан кейін медициналық мекемеде қайтыс болды. Сотталған­дардың бір бөлігі Ақтау қаласынан 13 шақы­рым жерде салынып жатқан ғи­маратта жасырынған. ІІМ ішкі әскерлерінің ізге түсу тобы мен жиынтық жасағы ғимаратты қоршауға алып, қылмыскерлермен келіссөздер жүргізген. Одан еш нәтиже шықпаған соң сол жерге жедел түрде жеткен облыстық ІІД “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлі­нісінің ұстау тобы оларға шабуыл жасап, қарулы қарсылық көрсету нәтижесінде 2 сотталған опат болып, тағы біреуі ауыр жара­ланып, соның салдарынан қайтыс болды. Осылайша оқиға орын алған күннің кешінде 7 сотталған қайтыс болып, тағы біреуі тірідей қолға түсті. Оқиға орнынан атыс қаруы, жарғыш пакеттер мен жарылғыш заттар салынған сөмке, металл жаңқасымен толтырылып қолдан жасалған жарғыш құрылғы, жанатын қосын­дысы бар 16 бөтелке, сондай-ақ 400 мың теңгеге жуық ақша тәркіленді. Төтенше оқиға орын алған күндері Ақтау қаласының ішкі істер органдары дереу дабыл бойынша көтеріліп, вокзал, әуежай мен сотталғандардың баруы ықтимал бағыттар жабылып, қызмет күшей­тілген режімге ауыстырылды. Сон­дай-ақ көршілес Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыс­тарының ішкі істер органдарының жеке құрамдары дабыл бойынша көтеріліп, олар да күшейтілген жұмыс кестесіне өтті. Оқиғаға орай Ішкі істер министрі Серік Бай­маған­бетов арнайы жедел тергеу тобын құрды. Криминалдық поли­ция комитетінің төрағасы С. Құсетов басқарған ІІМ-нің бірқатар қызметкерлері Маңғыстау облы­сына аттандырылды. Сондай-ақ ІІМ-нің “Сұңқар” және “Бүркіт” арнайы мақсаттағы бөліністері жіберіліп, қашқындарды ұстау мақсатындағы жұмысқа жұмыл­дырылды. Мекемеден қашып шыққан сотталғандарды іздеу және ұстау жөніндегі іс-шаралар Мем­лекет басшысының тікелей, жеке бақылауында болды. Жедел-іздестіру іс-шаралары­ның нәтижесінде Ақтау қаласынан 170 шақырым қашықтықтағы Қызылсай шатқалынан соттал­ғандар мен олардың қашып шы­ғуына көмектескен адамдар табыл­ды. 27 маусымға қараған түні ішкі істер органдары арнайы бөлініс­терінің күшімен осы адамдарды ұстау бойынша арнайы жауынгер­лік операция жүргізілді. Ұстау кезінде ішкі істер органдарына қарулы қарсылық көрсетілген. Операция нәтижесінде сотталған 5 адам ұсталып, 8 қылмыскер қайтыс болған. Сондай-ақ қарулы қақты­ғыста сотталғандардың қашуына көмектескен 4 адам қаза тапқан. Полиция қызметкерлері анық­таған бастапқы деректер бойынша, сотталғандар қашуға жарты жыл бойы дайындалып, жоспарлаған көрінеді. Оқиға орнынан атыс қаруы, ұялы байланыс құралдары, азық-түлік, компас және 3,5 млн. теңгеден астам ақша алынды. Қыл­мыскерлерді ұстау және оларды залалсыздандыру бойынша опера­цияларды өткізу кезінде ішкі істер органдары мен ішкі әскерлердің 3 қызметкері жарақат алған. Айдың-күннің аманында бүкіл елді дабыр­латып, елдің тыныштығын бұзған оқиға бойынша бас бостандығын айыру орнынан қашу және әскери қызметшінің өміріне қастандық жасау фактілеріне байланысты, түзеу мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты ҚК-нің 316- бабы (салақтық) бойынша 3 қыл­мыстық іс қозғалды. Қылмыс жаса­ды деген күдікпен қатаң режімдегі мекеменің бастығы, жедел бөлімнің бастығы және мекеме бастығының кезекші-көмекшісі ұсталып, олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілу үстінде. Венера ТҮГЕЛБАЙ. АСА ІРІ КӨЛЕМДЕГІ КОНТРАБАНДА АНЫҚТАЛДЫ Астана қаласы бойынша кеден­дік бақылау департаменті контра­бандаға қарсы күрес басқармасы­ның қызметкерлері Астана қаласы халық­аралық әуежайының ұшу залында А. А. деген Ресей азаматын ұстады. Бұл азамат Қазақстан аумағына Түркіменстаннан, яғни Алматы қаласының халықаралық әуежайына ұшып келгенде 145 000 АҚШ дол­лары көлемінде кедендік декларация толтырған. Ал Қазақ­стан аумағынан ұшып шығарда 120 000 АҚШ дол­лары кедендік дек­ларациясын толтырған. Бірақ кеденшілердің қы­рағы тексерісі арқасында жо­ғарыда аталған аза­мат­тан заңсыз жасы­рылған 117 610 АҚШ доллары, 40 000 еуро, 40 ресей рублі, 22 қырғыз сомы бар екені анықталып, алынды. Сонда “Қазақстан Республи­касы Халық банкі” ММ-нің орта­лық филиалының мәлімет­теріне сәйкес, 1 АҚШ доллары – 147, 28 теңге, 1 еуро – 179,40 теңге, 1 ресей рублі – 4,69 теңге, 1 қырғыз сомы 3,22 теңге болса, ресейліктен алынған шетел валютасының құны 24 497 859,44 теңгені құрады. Демек, бұл аса ірі көлемдегі контрабанда болып табылады. Осы дерекке қатысты А.А. деген азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 209-бабы (экономикалық контрабанда) бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Астана қаласы бойынша кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметі.