11 Ақпан, 2015

Өмір оты

233 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
22 Сарсембаев Салават СламжановичТәтті ұйқыдан шырылдаған телефон даусы оятты. Труб­каны көтергенде: «Салауат Сіләм­жанұлы, жеті түнде мазалағаныма кешіріңіз… Жан сақтау бөліміндегі өкпесіне ота жасаған науқас Әлімгереевтің жағдайы тым нашарлап барады. Аузы-мұрнынан аққан қан тоқтау бермей тұр. Кеңсіріктің бер жағына тампон да жасадық. Ар жағына жасай алмадық. Қан ұйытатын дәрілік сұйықтарды да құйып жатырмыз. Нәтижесіз», – деді кезекші дәрігер. Алғашында: «Отоларинголог дәрігерді шақыртыңдар!» – деп айтайын деген. Ол ойынан тез айнып: «Қазір келемін», – деп трубканы қойды. Оның себебі, мұрын қуысының арғы жағына бара беру кез келген дәрігердің қолынан келе бермейтін шаруа. Арнайы қолы білетін маман болмаса, тыныс мүшесіне зақым кеп, өзі әлсіз науқастың жағдайын одан әрі ауырлатып жіберуі әбден мүмкін. Білдей мекеменің басшысы ретінде жан тыныштығын ойлап, басқа маманды шақыртыңдар десе де болғандай еді, қолынан келетін іске өзгені шақыртуды жөн көрмеді. Мұндай кезде бұй­рық айтқаннан гөрі, бел шешіп іске кірісетін әдеті. Оны қарамағандылар да біліп алған. Оның үстіне бар жағдайды күн демей, түн демей хабарлап оты­рыңдар деп қатаң талап қойған өзі. Киімін киіп, сыртқа шыққанда автокөлік те келіп тұр екен. Аурудың аузы-мұрнынан аққан қанды тоқтатып, тыныштандырып болған кезде таң сібірлеп ата бастады. Ал науқас қаперсіз ұйқыға кетті. Жоспар бойынша атқарылатын жұмыстарды бірінші кезекке қойған жөн. Әсіресе, аудандар эпидемиологиялық ахуалды жіті бақылауда ұстауы керек. Құдайға шүкір, соңғы он жылда Алматы облысының денсаулық сақтау саласы туберкулездің таралу көрсеткіштері жағынан да, осы ауру кесірінен болатын өлім-жітімді азайту жөнінде де үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Сонда да болса тоқмейілсуге болмайды. Құрт ауруының таралуына толық тосқауыл қою үшін әрбір ауылдағы, аудандағы алғашқы медициналық көмек көрсететін емхана дәрігерлерін әлі де болса осы іске жұмылдыру қажет. Туберкулез – әлеуметтік ауру. Сон­дықтан оған қарсы күрес шараларын ұйымдастыруда дәрігерлердің рөлін ғана емес, басқа да әлеуметтік жағдайларға баса назар аудартқан жөн. Әсіресе, ветеринарлық, са­нитарлық-эпидемиологиялық қыз­меттердің, тіпті, ішкі істер қыз­меткерлерінің туберкулезге қар­сы күрес мамандарымен осы жұ­мыстарды бірлесіп атқаруы жайлы айту керек. Диспансерлік есепте тұрған, туберкулез ошағына айналу қаупі сейілмеген, ескі науқастарды оқшауландыру үшін жеке пәтер бөлу, басқа әлеуметтік көмек мәселелері бар. Соны тағы да мәселе етіп көтеру керек. Бөлінетін әлеуметтік көмек түрлері әр ауданда әртүрлі. Яғни, кей жердің бас дәрігерлері жергілікті әкімдерге мәселенің маңыздылығын жете түсіндіре алмайды. Мұндай шараларды дұрыстап жолға қоймаса, қауіп бұлты сейілмейді. Құрт ауруы шыққан отбасының мектеп жасына дейінгі балаларын арнайы балабақшалармен қамту әлі толық шешілмеген. Ол осының бәрін жүйелеп, облыс әкімі орынбасарының төрағалық етуімен өтетін үлкен жиында өзінің жасайтын баяндамасын пысықтап шыққанда тағы бір жұмыс күні бас­талып кеткен еді. Бұл Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, Алматы облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Салауат Сәрсембаевтың күнделікті өмірінен алынған бір көрініс қана. Медицина сияқты жұмысы күрделі салада қызмет істейтін, егемен еліміздің өркендеуіне үлесін қосып келе жатқан, өз ортасында белгілі азаматтардың көпшілікке беймәлім тұстары көп-ақ. Сондай жандардың бірі, өз саласының белгілі майталманы Салауат десем, артық айтпаған болар едік. Ол 1978 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын аяқтағаннан кейін еңбек жолын өзінің туған ауылы Ақсу өңірінен бастады. Сол кездегі учаскелік аурухананың жұмысын жандандырған жас хирург дәрігер жайлы ауыл тұрғындары әлі күнге дейін айтып отырады. Оны мақтайтын да жөні бар. Бұрын аудан орталығына келетін науқастар дертіне шипаны ауыл іргесіндегі ауруханадан тауып, бір қуанып қалған еді. Алайда, жергілікті халықтың ол қуанышы ұзаққа бармады. Жақсы маманды шағын ауылға тұрақтатпады. Оған басты себеп болған оқиға сол кездегі облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Пьяновтің кезекті бір іссапармен Ақсу ауданын аралап келгенінен басталды. Назарынан ештеңе тыс қалмайтын, тәжірибелі ұйымдастырушы жөн сұрасып, сөйлесе келе біліктілігі жоғары жас маманды тез байқады. Жұмысын ұршықша үйірген сауатты маман оған бірден ұнады. Қайтарында ол Салауатты облыстық ауруханаға қызметке шақырды. Салауат Сіләмжанұлы сол кезде әрі-сәрі күй кешкені рас. Күт­пеген жерден алдында екі таңдау тұрды: біріншісі – аудан көлемінде медициналық қыз­мет көрсету болса, екіншісі – облыстық аурухананың маманы болып, білімін шыңдау. Ол екінші жолды таңдады. Сол таңдауына күні бүгінге дейін өкінбейді. Сөйтіп, ол 1983 жылы Тал­дықорған қаласындағы облыстық аурухананың табалдырығын аттады. Бір жарым ай білімін жетілдіргеннен кейін, жұмысы ауыр да күрделі реанимация бөлімшесінен бір-ақ шықты. Мұнда сол кездің өзінде-ақ облыс көлемінде танымал бола бастаған Берік Бейсекенов, Мақсұт Қалажанов, Бақыт Дәркембеков сияқты білікті анестезиолог-реаниматолог дәрігерлермен бірге қызмет істеді. Бөлімшеге жедел медициналық көмекті қажет ететін ең ауыр, ажал аузындағы науқастар түсетін. «Сол бөлімшеде істегенім, мен үшін үлкен өмір мектебі болды», – дейді Салауат. Кейін тағы да білімін жетілдіріп, құлақ, тамақ, мұрын емдейтін жеке бағытта мамандандырылған лор бөлімшесіне ауысты. Бұл бөлімшенің жұмысы да жеңіл емес еді. Әсіресе, ойнап отырып, оқыс жағдайда өңешіне, кеңірдегіне, өкпесіне түрлі заттар жұтып қойып, дем жетпей қиналған жас сәбилердің өмірлеріне қауіп төнген сәттерді айтсайшы! Қолды-аяққа тұрмай, шырылдаған сәбилерімен қосылып егілген ата-аналарының өздері кейде кедергі келтіретін. Ондай жағдайда дәрігерге жүктелетін міндеттің ауырлығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Сол бөгде заттарды кеңірдектен не өкпенің ұшар басынан аппарат арқылы тез суырып алу – маманнан біліктілікті, ептілікті, сабырлылықты талап ететін. Дәрігердің осындай біліктілігі оны Талдықорған қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайлануына ықпал етті. Сол кезден бастап оның ұйымдастырушылық қабілеті айқындала бастады. Осылайша, ол 1996 жылы өзі қызмет істейтін облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Екі жылдан соң, әлеуметтік қиын жағдайларға байланысты ел арасында өршіп тұрған туберкулезбен күрес саласына ауысып, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері болды. Қанша жүгі ауыр болса да, өзіне тән күш-жігерімен жаңа жұмысқа бел шеше кірісті. Нәтиже оңай келмейді. Ол осы саланың өркендеуіне, жаңа белесті бағындыруына күні бүгінге дейін жан аямай еңбек етіп келеді. Соның арқасында облыстағы туберкулезбен күрес саласы еліміз бойынша ең алдыңғы қатардан орын алды. Тынымсыз еңбек жемісін бермей қойған жоқ. Бұл басқаратын облыстық туберкулезге қарсы диспансері еліміз бойынша озық тәжірибе мектебіне айналды. Бүгінде Алматы облысы ту­бер­кулез ауруының таралу көр­сеткіштері жағынан ең аз та­ралған аймақ болып саналады. Салауат Сәрсембаевтың ел алдын­дағы ұлан-ғайыр еңбегі еленбей қалған жоқ. Ол басқарған мекеме облыс көлемінде емдеу м­екемелерінің арасында өткен жарыстың бірнеше дүр­кін жеңімпазы. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Ал­ғыс хатымен, сондай-ақ, облыс әкімінің, Денсаулық сақтау ми­нистрінің грамоталарымен бірнеше рет марапатталған. 2007 жылы ол осы саланың жетекші мамандары құрамында АҚШ-та өткен «Туберкулез ауруының қазіргі дәрі­лерге төзімді түрлеріне қарсы күрес» атты халықаралық жобаға қатысып қайтты. Бұдан бөлек Салауат 2011 жылы осы саланың ең таңдаулы мамандары қатарына Францияда өткен Бүкілдүниежүзілік конгрестің делегаты болды. Отбасында ол өнегелі отағасы. Тұңғыштары – Нұрлан заң қыз­меткері болса, кенжелері – Абай әке жолын қуған дәрігер, ал келіні – Әйгерім Қуаныш пен Әлима сияқты немерелерді дүниеге әкелген ана ғана емес, барша сәбиді емдейтін балалар дәрігері. Мырзахмет ЕРЕЖЕПОВ,  Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. Талдықорған.