Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдан әдебиетсүйер қауым қазақтың белгілі қаламгері Герольд Бельгерді соңғы сапарға шығарып салды.
Азалы жиында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берген Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келешекте Герольд Бельгер есімі еленетінін жеткізді.
Көзі тірісінде: «Қазақ топырағынан нәр алған мен үшін қазақтың қоржынының толық болғаны аса қажет. Көпшіл адам ретінде маған немістің шұжығы мен сырасы жетіспесе де, қазақтың қазысы мен шұбаты жаныма жақын. Ең бастысы, көкірегімде қазақылықтың күйі ойнамаса, мен өзімді кемеліне келген адаммын деп есептемеймін», деп жазып кеткен Герағамен қоштасуға халық өте көп жиналды. Марқұмның қаламдас достары мен тірісінде пікірлес болған азаматтар, шығармашылығын құрметтейтін әрі жақын араласа білген оқырмандары, белгілі зиялы қауым өкілдері, бәрі ортаға шығып, соңғы қоштасу сөзін тебірене сөйледі.
Алматы қаласында орналасқан Германия консулдығының бас өкілі Ренате Шимкорайт қазақ қаламгері Герольд Бельгер туралы: «Ол қазақ-неміс халқына қатар қызмет еткен тұлға болды. Екі ұлттың арасын әдемі жалғап, біздерді бауырластыруға өмірін арнады», деген пікірін білдірді. Белгілі қоғам қайраткері, айтулы ақын Олжас Сүлейменов жазушының қазақ халқының жадында әрдайым сақталатынын, оның еңбектері ұзақ жасайтынын тілге тиек етті.
Көпшілік ішінен қос ұлын жетектеп шыққан бір оқырман: «2010 жылы дүниеге келген егіздерімнің бірін – Герольд деп, екіншісін Бельгер деп атадым», дегенде қоштасуға келген жұрт тебіреніп кетті.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көкжиегін кеңейтуге атсалысқан Герольд Бельгерді соңғы сапарға шығарып салғанда Алматының ауа райы да мейлінше жайлылық танытты.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».