Көрме
Тұңғыш Президент Музейінде Оңтүстік Қазақстан облысы музейлері қорларынан ұйымдастырылған “Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі” атты көрме болып өтті. Оған Парламент депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Аталған көрме 2008 жылдан бері жемісті өтіп келе жатқан “Алға ұмтылған Қазақстан” атты аймақаралық көрме жобасы аясында өткізіліп отыр.
Жиылған жұрт алдында сөз алған Тұңғыш Президент Музейінің директоры Алма Сағынғали аталмыш шараға белсене араласқан бір топ азаматтарды алғыс хаттармен марапаттаса, делегацияны бастап келген Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әли Бектаев көрмеге әкелінген сан ғасырлық тарихы бар жәдігер заттар оны тамашалаған барша жұртты тамсандырмай қоймайды деді. Көрменің ашылуында белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтің оңтүстіктің киелі жерлерін жыр жолдарымен өрнектеп таныстыруы, оңтүстікқазақстандық дәстүрлі әншілердің әннен шашу шашуы жиылған жұртты бір серпілтіп тастады.
Бұл көрмеге Оңтүстік Қазақстан өңірінің ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи, археологиялық, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік жәдігерлері қойылған.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысында көнеден сыр шертетін қалалар мен кенттердің, қорғандардың, түрлі мәдени ескерткіштердің, ғажайып сәулет өнерінің баға жетпес үлгілері, тұтас және жартылай сақталған қалдықтары аз емес. Осы өлкеден шыққан Әбу-Насыр Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Қорқыт ата жырлары өшпес мұраға айналған.
Көрме экспозициясы екі бөлімнен тұрады десек, Отырар мемлекеттік архелогиялық қорық-музейі мен “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы қорларынан әкелінген сан ғасырлық тарихы бар баға жетпес археологиялық жәдігерлер,сонымен қатар XІXғ. аяғы XX ғ. басындағы материалдық мәдениет ескерткіштері мен зергерлік бұйымдар қойылған.
Көрмені тамашалаған қонақтар музей алаңында “Шеберлер қаласының” сәндік-қолданбалы өнер туындыларымен танысып, сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Ұлттық киімдер коллекциясының авторы Халима Жантөрееваның әйелдерге арналған ұлттық киім үлгісінің жиынтығы да көрермен назарынан тыс қалмады.
“Шырайлы Оңтүстік шежіресі” көрмесі алдағы уақытта бір ай бойы өз жалғасын таппақ.
Қызғалдақ ЗҰЛПЫХАРҚЫЗЫ, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті.