Білім • 02 Сәуір, 2025

Алматыны дамытатын жобаларға 10 млрд теңге бөлінеді

2042 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Ерболат Досаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ғылым, бизнес және өндіріс интеграциясы» тақырыбында өткен форумға қатысты.

Алматыны дамытатын жобаларға 10 млрд теңге бөлінеді

Жоғары технологиялық жобалар мен стартаптарды дамытуға арналған «Farabi Hub» жаңа ғимаратында өткен форум алаңында бірлескен инновациялық жобаларға мүдделі бизнес, ғылым және мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосты.

Қала басшылығын ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығын аралап, қашықтықтан зондтау, робототехника, суперкомпьютерлік технология, биотехнология және нанотехнологиялар алаңындағы заманауи  әзірлемелермен таныстырды.

Пленарлық сессияда Ерболат Досаев ғылым мен инновацияны ілгерілету Мемлекет басшысы саясатының басты басымдығының бірі, деп  атап өтті.

«Президентіміздің идеяларын жүзеге асыруда Алматыға ерекше мән берілген. Қала – еліміздің ғылыми және білім беру орталығы. Мұнда Қазақстандағы жоғары оқу орындарының үштен бірі орналасқан, 280 мыңнан астам студент білім алуда, 130-дан астам ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Бұл еліміздегі барлық ғылыми ұйымдардың үштен бірі. Соңғы үш жылда ҒЗТКЖ шығындары екі еседен астам өсіп, 2022 жылғы 47 миллиард теңгеден былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 95 миллиард теңгеге жетті. Былтыр мегаполисте Ғылым және технологиялар кеңесі құрылды. Бұл кеңес ғалымдар, бизнес және мемлекет арасындағы диалог алаңы. Басты мақсаты – технологияларды нақты секторға енгізу мәселесін шешу» деді қала басшысы. 

Атап өткендей, оңтүстік астананың даму бағдарламасы ғылым жетістіктері мен технология трансфертін белсенді пайдалануға негізделген. Осы орайда зерттеулерді қаржыландыруға және технологияларды қала өміріне енгізуге қажетті құралдар мен мүмкіндіктер бар. Егер жеткілікті жоба ұсынылса, биыл қала дамуының жеті негізгі бағытына сәйкес түрлі жобаларға 10 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінбек.

Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының мәліметінше, былтыр мегаполис еліміздің IT-секторының көшбасшысы болып танылды. Саладағы қызметтердің 52 пайызы Алматыға тиесілі. Былтыр IT-нарықтың жалпы көлемі шамамен 3 трлн теңге болса, оның 1,6 трлн теңгесін Алматы нарығы құраған.

Өз кезегінде, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев атап өткендей, ҚазҰУ Алматының инновациялық экожүйесіне кірігуге және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға зор мүмкіндіктерге ие. Сондықтан еліміздегі жоғары оқу орындары арасында ең ірі технопарк, инновациялық парк және жасанды интеллект орталығын салу жоспарланып отыр.