Байқау • 03 Сәуір, 2025

«Өскемен аруы» анықталды

41 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәреге он ару шығып, міне-міне үздігі анықталады дегенше көрермендер мен жанкүйерлер тағат таппаған. Қала әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан «Өскемен аруы-2025» байқауы екі аптаға созылып, 30 наурыз күні қорытындысы шықты. Әрине, қазылар үшін ақылына көркі сай аруды анықтау оңайға соқпаған.

«Өскемен аруы» анықталды

Суретті түсірген – Азамат Шарипов

Бұл жолғы жарыстың шарты мен жүйесі ерекше болды. Жас шектеуі болғанымен, арулардың ұлтына, нәсіліне әлбетте қарамаған. Тіпті аяулы жар, асыл аналар да қатысты. Тек қана жастары 21-35 жас аралығында болуы шарт. Жеңім­пазға 1 млн теңге ақшалай сый­лық пен шебердің қолынан шыққан сәнді сәукеле тігілді. Ол үшін сынға түскен сұлулар сан түрлі кезеңнен өтті. Әртістік қабілеттерін көрсетті, ұлттық құндылықтарды қаншалықты білетіндерін байқатты. Фотоға түсіп, камера алдында өздерін ұстауды да бағалады. Сүрінгендері сайыстың шартына сәйкес шығып отырды. Әуелде 80 ару тізімделгенімен, ақтық сайыста он ару ғана ортаға шыққан. Бұл күні бәрі бар өнерлерін салды. Ән де айтылды, би де биленді. Таланттарына таңғалған қазы­лар ұпайларын арттырды. Айта ке­тер­лігі, сайыстың әділ өтуі үшін әр кезең сайын қазылар ауысып отырған. Ал ару­лар үлкен жауапкершілікпен, ж­е­­ңіс­ке деген ұмтылыспен қатысып жатты.

– Қазақтың өнерін, ұлттық құнды­лық­тарын, мәдениетін паш етуді мақсат еттік. Аруларымыз ұлттық құнды­лық­тар­ды дәріптеуге тырыс­ты. Ондыққа енген қыздардың тоғы­зына 100 мың тең­ге­­нің сертификаты және жеңімпазға 1 млн теңге сыйақы қарастырылған, – де­ді қа­ла­лық мәдениет және тілдерді да­мы­ту бөлімінің бастығы Алмаз Нұрға­лиев.

Сөйтіп, өнерлер ортаға салынып, көрер­мендер қиқу қосып болған соң қазылар ақылдасуға кеткен. Дәл осы сәтте ғой, арулар да, оларды қол­дап келген жанкүйерлер де тағат таппа­ған. Жүргізушілер ортаға шығып, аталымға ие болғандарды марапаттап бол­ғанша сұлулардың жан-дүниесі алай-дүлей болған шығар. Себебі әркім өзіне жеңіс тіледі. Қысқасы, «Өскемен аруы-2025» байқауының жеңімпазы сексен қыздың арасынан суырылып шыққан сұлу Зинаида Бектемірова болды. Халық қошеметтеді, қиқу қосты, қол соқты. Былтырғы Өскемен аруы шебердің қолымен зерленген сәукелені Зинаидаға кигізді.

– Күтпеген жеңіс болды. Бірге қа­тысқан арулардың барлығына сәттілік тілеймін, – деді Зинаида Бектемірова.

Айта кетейік, Зинаида Ақтөбе об­лысының тумасы, Шығыстың келіні. Облыстық драма және оперетта театрын­­да жұмыс істейді.

 

ӨСКЕМЕН