
Қазірде аудан орталығындағы негізгі көшелерді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қабанбай көшесінің кіреберіс қақпасынан орталық стадионға дейінгі 2 шақырымға жуық жолды 4 жолақты етіп кеңейту жұмысы басталып кетіпті. Аудан әкімі Ерсін Ескендіровтің айтуынша, жолдың ені 13 метрге дейін ұлғайтылып, асфальт жамылғысы төселмек. Жоба аясында ұзындығы 1,5 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, 6 шақырымды құрайтын көше бойына 200-ге жуық жарық бағанасы орнатылмақ.
Сонымен қатар Ақсуат ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмысы да назарда. Алдағы уақытта Қабанбай көшесіндегі 16 пәтерлі, екіқабатты тұрғын үй жаңа стильде, металл сайдингпен қапталып, көшенің сәнін кіргізбек.
Бүгінде Ақсуат ауданында 19 мектеп жұмыс істеп тұр. Біразына күрделі жөндеу қажет. Соның бірі – ауданға ең жақын орналасқан, Екпін ауылының Ысқақ Кабеков атындағы білім ордасы. Мектеп 1991 жылы салынған, қазір онда 330 оқушы білім алып жатыр. Спорт залының төбесінен су ағып, бетоны шіріген. Қызметкерлердің айтуына қарағанда, спортзал 2021 жылы апатты деп танылып, содан бері жабық тұр. Мектептің кейбір бөлігінің сыртқы қабырғалары да жарыла бастаған. Бір қызығы, бұл мектепте белгілі кәсіпкер, Харвард университетінің түлегі, жыл сайын Ақсуат ауданында айтыс ұйымдастыратын меценат Дулат Тастекеев білім алыпты.
Мүмкін алда осындай кәсіпкер азаматтардың қолдауы болып қалар деп үміттенеді ауыл жұртшылығы. Аймақ басшысы өңірде апатты жағдайда тұрған бірнеше мектеп бар екенін айта келе, бұл білім ордаларына бірінші кезекте көңіл бөлінетінін мәлім етті.
«Қала мен ауыл мектептері арасында алшақтық болмауға тиіс. Өңірдегі мектептер оқушыларға заман талабына сай сапалы білім мен тәрбие беруі қажет. Екпін ауылындағы мектептің жағдайын бұрыннан білемін. Жаңа мектеп салу мәселесін қарастырамыз», деді облыс әкімі.
Ойшілік ауылындағы Тоғас батыр орта мектебі 1970 жылы салынған. Мұнда қазір 326 бала оқып жатыр, 78 мұғалім еңбек етеді. Білім ордасы 2022 жылы күрделі жөндеуден өтті.
«Ойшілік ауылының оқушылары спортта үнемі жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Елді мекенге тек жақсы спорт кешені жетіспей тұр. Бұл мәселе ауыл тұрғындары тарапынан көптен бері айтылып келеді. Осы проблеманың шешілуіне көмектессеңіз деген тілегіміз бар», деді ауыл тұрғындары. Аймақ басшысы тұрғындардың өтінішін өз бақылауына алып, қолдау көрсететінін айтты.
«Ақсуат» коммуналдық кәсіпорыны 14 ауылды ауызсумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ауданның 32 елді мекеніндегі 460 шақырымнан астам автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмысын жүргізеді. Мекеменің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып отырады. 2023 жылы 178 миллион теңгеге 6 арнайы техника, былтыр 247 миллион теңгеге 4 техника сатып алынған. Кәсіпорында 103 адам жұмыс істейді. Олардың қарамағында 26 арнайы техника бар.
Облыс әкімі коммуналдық кәсіпорынның аудан үшін маңызды нысан екенін, сонымен қатар техникалардың санын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты. «Халыққа сапалы коммуналдық қызмет көрсету – басты міндет. Жолдарды қысы-жазы күтіп ұстау, су және кәріз жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді», деді Б.Уәли.
Аймақ басшысы арнайы ат басын бұрған нысандардың бірі – Ақсуаттағы кәсіптік колледжі. Бұл 1959 жылдан бері талай ақсуаттық білім алған ұлағатты білім ұясы саналады. Қазір мұнда 314 студент оқиды, 49 мұғалім жұмыс істейді. Колледж аумағында 120 орындық жатақхана, оқу-өндірістік зертхана ғимараты орналасқан. Зертхана студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік береді. Колледжде студенттер 4 мамандық, 7 біліктілік бойынша білім алып жатыр. Мамандар даярлауға 41 инженер педагог тартылған. Оқу орны ауыл шаруашылығы саласына қажетті кадрларды даярлауға ерекше назар аударады. Аягөз, Ақжар, Көкпекті, Зайсан аудандарынан студенттер келіп оқиды. Колледж студенттерін жұмыспен қамту деңгейі – 98%. Оқу орны Жұмысшы мамандықтары жылына орай жеті жаңа мамандық ашуға өтініш беріп отыр. Оның ішінде ауылдық жерде сұранысқа ие гидротехник, ветеринарлық дәрігер сияқты мамандықтар бар. Білім ордасын жабдықтау, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 400 миллион теңге инвестиция тартылған.
«Қазіргі уақытта облыстағы 33 колледждің заман талабына сай жабдықталуына ерекше ден қойылып отыр. Ақсуат колледжі ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарды, еңбек адамдарын даярлайды. Мұндағы электр қуаты мен интернет мәселесінің шешімін табу жолдарын қарастырамыз. Колледждің материалдық базасын нығайтуға, білім сапасын арттыруға бағытталған жобаларды да қолдаймыз», деді аймақ әкімі.
Аймақ басшысы ауданға жұмыс сапары барысында Ақсуат, Ойшілік, Құмкөл, Көкжыра ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындарымен кездесті. Құмкөл ауылына кіреберістегі көпірді салу жобасы пысықталды. Аудан әкімі Ерсін Ескендіровтің айтуынша, Тебіске өзенінен өтетін көпір қайта салынады. Құрылысты биыл сәуір айында бастап, 2026 жылы қыркүйек айында аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Ақсуат пен Ойшілік ауылдарының арасын жалғайтын 30 шақырымнан астам жолдың 7 шақырымына асфальт төселеді. Жолдың келесі бөлігін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Құмкөл ауылына салынатын көпірдің жобасын тексеру барысында облыс әкімі ауыл ақсақалдарымен кездесті. Ауыл қарттары 70-жылдары салынған көнерген көпірдің қайта салынатынына ризашылықтарын білдірді.
«Көпірдің әбден тозығы жеткен. Жаңа көпір салынса деп жүргенімізге біраз болды. Енді міне, бұл ойымыздың орындалатын түрі бар. Осындай игі бастамалар көбейе берсін», деді ауыл ақсақалы Еркін Төлегетаев.
Көкжыра ауылының тұрғындары мәдениет үйінің қажет екенін алға тартты. Облыс әкімі Көкжыра ауыл шаруашылығы дамыған, әлеуеті жоғары ауыл екенін айта келіп, оған Мәдениет үйінің қажеттігін бұрыннан білетінін, мәселені шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
«Облыстың 10 ауданы мен 2 қаласын аралап, мәселелерімен таныстым. Өңірде бірнеше жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Жолдар жөнделеді, көпірлер салынады, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтереді. Бұл жұмыстар облыстың барлық аудандарында жүзеге асырылады. Арнайы жол картасы бар. Соған сәйкес тиісті жұмыстар қолға алынады», деді аймақ басшысы.
Абай облысы