
Фотолар Облыс әкімдігі
Тараз қаласында Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымының ашылу салтанаты өтті. Жастар саябақты қоқыстардан тазартты. Сонымен қатар, экоакциялар Тараз қаласы Жібек Жолы ауданы №13 шағын ауданында, «Қарахан» кесенесі аумағында, Сарысу ауданы Жаңатас қаласының орталық саябағында және Мойынқұм ауданында өткізілді.
Облыста «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде еңбек жасақтары студенттерді маусымдық жұмыспен қамтумен қатар, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға атсалысып жатыр.
«Қатысушылар айналаны көгалдандыруға, спорттық кешендер мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазартуға үлес қосып жатыр», деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры А.Қадралиев.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, облыс бойынша «Таза қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Жасыл қала», «Болашақты бірге отырғызамыз» «Жер сағаты» және т.б. акциялар ұйымдастырылып, акциялар аясында 818 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй аулалары мен 4,5 мың шақырым көшелер тазаланып, 12 мың тонна қоқыс шығарылған. Биыл егілетін 195 мың талдың бүгінге 70 мыңға жуығы отырғызылып, 2,4 мың ағаш бұталанған. 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақты қоқыстардан тазаланып жатыр. Аталған жұмыстарға 910 бірлік техника жұмылдырылған.