
Сурет: mezgil.kz
Алдымен сарапшылар Ұлттық құрылтай отырыстарына шолу жасады. Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасымның айтуынша, Ұлттық құрылтай қызметі консультативтік-кеңесші сипаты және әлеуметтік-саяси даму мәселелері бойынша консенсусқа қол жеткізуге бағдарлануымен ерекшеленді. Осылайша, аталған алаң бүгінгі қоғамдық-саяси үдерістерді сараптау орнына айналды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы сөзінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 40 жылдығына қандай жетістіктермен жету керектігін атап өтті. Жалпы, алдағы уақытта нормативтік-құқықтық құжаттардың жүйеленуі мен елді жаңғыртуға бағытталған бірқатар тұжырымдамалық құжат қабылданады деп күтіліп отыр. Келесі V Ұлттық құрылтай Қызылорда қаласында өтеді. Бұл – тарихи мәнге ие шешім, өйткені Қызылорда бір кездері елдің алғашқы астанасы болған. Демек болашаққа бағытталған талқы терең тарихи тамырға сүйеніп отыр, – деді Р.Тасым.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова ҚҚДИ мен ҚХА кафедрасы арасында құрылтайда көтерілген мәселелер шеңберінде зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әріптестік қарым-қатынас орнатуды алға тартты.
– Осындай ынтымақтастық арқылы ғылыми-сарапшылық дипломатия сияқты маңызды бағыт қалыптасады деп ойлаймын. Бұл қазіргі жағдайда өте маңызды. Елде сарапшылық орта белсенді түрде қалыптасып келеді, шетелде де қызығушылық тудыратын маңызды интеллектуалдық орталықтар бар. Алайда бұл орталықтар көбіне автономды жұмыс істейді. Сол себепті екі жақты ынтымақтастық өз мүмкіндіктерімізді кеңейтуге зор мүмкіндік береді, – деді ол.
Ұлттық құрылтай шеңберінде Қазақстан қоғамдық даму институты 2023 жылдан бастап қоғамдық-саяси тақырыптар бойынша талдау баяндамаларын әзірлеп келеді. Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының сарапшы-менеджері Олжас Төремұратовтың айтуынша, өткен жылы елдің жалпыұлттық құндылық бағдарының негізгі теориялық және қолданбалы аспектілерін зерттеу нәтижелері, жастарды құндылыққа бағдарлап оқыту және тәрбиелеу жүйесін құру негіздері секілді баяндамалар ұсынылған. Сондай-ақ осы орталықтың сарапшы-менеджері Индира Күнтуова әрбір талдау баяндамасы Ұлттық құрылтай мүшелерін қоса алғанда, сарапшылармен жүргізген жаппай сауалнамалар мен тереңдетілген сұхбаттарға негізделгенін айтты.