Шаруашылық • 04 Сәуір, 2025

Агроөнеркәсіпті дамытатын орталық

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған Қазақстан – Ресей озық технологиялар орталығы ашылды.

Агроөнеркәсіпті дамытатын орталық

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Ресей Ғылым академиясы және жетекші ғылыми зерттеу институттарымен бірлесіп ашылған орталық екі елдің ғылыми зерттеу инс­­титуттарымен тығыз ын­тымақ­тастықта жұмыс іс­тейді. Онда ғалымдар тәжі­ри­бе алмасып, инновациялық ше­шім­дер әзірлеумен айналысады. Ма­мандардың пікірінше, орталық ауыл шаруашылығына жо­ғары технологиялық тәсілдерді енгізуде бірегей платформаға айналады.

Орталықтың ашылу салтанатында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академия­сының  президенті А.Күріш­баев, Ресей Ғылым академиясының вице-президенті П.Чекмарёв, Ресейдің Қазақстандағы елші­лігінің кеңесшісі Д.Десов құттықтау сөз сөйлеп, екі елдің ғалымдары ортақ жобаның таяу болашақтағы мүмкіндіктері туралы пікірлерімен бөлісті.

«Екі елдің географиялық жақындығы өзара тиімді эко­номикалық және сауда қаты­настарының дамуына ықпал етеді. Бізде табиғи-климаттық жағдайлар мен экономикалық мүдделер ұқсас. Бұл аграрлық секторда ынтымақтастық үшін тиімді мүмкіндік туғызады. Қазақстан мен Ресей үлкен табиғи ресурстарға ие бола отырып, жаһандық азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз етудегі негізгі ойыншылар саналады. Осыған байланысты аграрлық сектор саласындағы ынтымақтастық табиғи ерекшелігімізді ескере отырып, азық-түлік өндірісін ұлғайтуға ғана емес, сонымен қатар аграрлық саладағы технология­лық үдерісті жеделдетуге, ауыл шаруашылығын жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Ресей Ғылым академиясы – ғылы­ми және технологиялық салаларда ынтымақтасатын жақын және сенімді серіктес. Біздің ынтымақтастығымыз өзара сенім мен ортақ мақсаттарға ұмтылу­ға негізделген, бұл даму мен ны­ғайтуға ықпал етеді», деді ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев.

Агроөнеркәсіп кешені орта­лығында ауыл шаруашылығы дақылдарының геномдық селекциясы саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулері мен жобаларды дамытып, өнімділігі жоғары және климаттың өзгеруіне және ауруларға төзімді жаңа сорттар жасаумен қатар сорт сынақ­тарын жүргізеді.  Сондай-ақ мұнда генетикалық модификацияның озық әдістерін әзірлеп, тұрақ­ты және экологиялық таза өнім­дер жасау үшін биотехноло­гияларды пайдалануға қатысты зерттеу жұмыстары іске асады. Сонымен қатар ғалымдар ауыл шаруашылығының тиімділі­гін арттыру үшін инновациялық технологияларды енгізу мақса­тын­да агроөнеркәсіптік кешен­де цифрлық технологияларды дамытып, оның ішінде монито­ринг жүйелері, автоматтандыру және оңтайлы шешімдер қабылдау үшін үлкен деректерді талдауға қатысты жобаларды да жүзеге асырады.

 

АЛМАТЫ