
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Олар қоғамдық орындар, теміржол вокзалы, компьютерлік клубтарды аралады. Ең алдымен, теміржол вокзалы маңында қызын ертіп, көшеде жүрген масаң күйдегі әйел көзге түсіп, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Кәмелетке толмаған баласымен ұсталған әйелге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, учаскелік инспекторларға жолданды. Одан кейін белсенділер Студенттер үйі жанында орналасқан тәулік бойы жұмыс істейтін асханаға кіріп шықты.
ПД Ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Ботагөз Жәлекешеваның айтуынша, мұндай орындарға кәмелетке толмағандар кешкі сағат 22.00-ден кейін ата-анасымен және заңды өкілімен ғана келе алады. Ендігі бағыт – компьютерлік клуб. Қараңғы ғимарат ішінде жүрген бірнеше жасөспірім анықталды. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері олардың ата-аналарына үш айлық көрсеткіш есебінде айыппұл салады. Сондай-ақ көңіл көтеру орталықтарының иелеріне де он айлық есептік көрсеткішпен айыппұл салынады.
Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың жылдан-жылға өсіп бара жатқаны – алаңдатарлық құбылыс. «Жастар рухы» ҚҚ жетекшісі Әлішер Тыныштық беймезгіл уақытта бос сенделіп жүрген жасөспірімдердің бір-бірімен жанжалдасып қалу қаупі өте жоғары дейді. Сол үшін балалар көп жиналатын қоғамдық орындарда рейдтік шараларды жиі өткізіп тұру қажет.
Биыл тәртіп сақшылары әкімшілік заң талаптарын бұзған 70 жеткіншек пен тұрмыс жағдайы төмен 36 отбасыны есепке алған. Ақтөбе облысында жыл басынан бері түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде жүрген 13 жасөспірім анықталды. Полиция қызметкерлері есепте тұрған әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды назардан тыс қалдырмайды. Қазір облыста 342 отбасы арнайы есепке алынған.
Ақтөбе облысы