Өшпес даңқ • 04 Сәуір, 2025

Толғауы тоқсан майдан тақырыбы

704 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әлемді дүр сілкіндірген, әлемнің геосаяси картасын қайта жасақтауға әкелген Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында терең із қалдырды. Бес жылға созылған, миллиондаған адамның тағдырына әсер еткен, жазықсыз ажал құшқан, өмірмен ерте қоштасқан қаншама жандардың осынау әлемдік апаттан сырт қалғаны некен саяқ.

Толғауы тоқсан майдан тақырыбы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Адамзатқа қанқұйлы соғысты бастап берген, Еуразия кеңістігінде ұлы империясын құрып, әлемді аузына қарататын үшінші Рейхтың туын көтеремін деп, жанталасқан Адольф Гитлерге бай­ла­нысты тарихи да, саяси көзқарас та бү­гінгі күні ешкім күтпеген басқа бағытқа бұрылды. Гитлерді ақтап алғысы келетін саяси күштер де, саяси партиялар да әлемдік аренада бас көтере бастады...

Екінші дүниежүзілік соғыстың ащы шындығын, оның алып келген алапат азабы мен қан қасап қасіретін, сол жыл­дар­дағы қазақ солдатының көрген мехнаты мен бастан кешірген қатерлі күндерін ­көр­кем шығармаларына арқау еткен қазақ қаламгерлері аз болған жоқ. Бұл қалам­гер­лердің барлығы да соғыс жылда­рын басынан өткізген, оқ пен оттың ортасы­нан аман оралғандар еді. Олар соғыс­тың ­күллі шындығын өз көзімен көрді, окоп­та бірге жат­қан қаруластарының оққа ­ұшып, ­қыр­шынынан қиылған тағдырларын жүрегі­нен өткізіп келгендіктен, бірден қаламға отырды.

Соғыс күнделігін күнбе-күн ақ қағаз­ға түсіріп, болашақ шығармаларының алғашқы беттерін окопта жатып жаза бастаған Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Әбу Сәрсенбаев, Қасым Аманжолов сияқты қаламгерлер қазақ әдебиетіне бәсі биік туындылар сыйлады.

Екінші дүниежүзілік соғыс тақы­рыбына қалам тербеген классик қалам­герлеріміз де болды. Осынау тақырыпты әр жанрда терең бейнелеп, Отан қорғау, туған ел, туған жер үшін күрес үстінде көрінетін кейіпкерлер шоғыры Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Асқар Тоқмағанбетовтің, Әбділда Тәжі­баев­тың, т.б. туындыларында көрініс берді.

Т. Ахтанов, Ә. Сәрсенбаев, Д.Әбілев, А.Жұмағалиев, Қ. Аманжолов, Б.Бұл­қышев, Ә.Егізбаев, Қ.Әбдалиев, Ж.Ма­ғауин, М.Тұр­мағамбетов, Т.Тоқма­ғам­бетов, Ш.Сей­­деханов, Т.Әлмұханбетов, С.Көшек­баев, С.Бақ­бергенов, Т.Жароков, К.Тоқаев, Б.Соқ­пақбаев, Ж.Саин, Қ.Әбдіқадыров, Ө.Қа­на­хин, Қ.Бекхожин, Т.Бер­дияров, С.Омаров, Қ.Шаңғытбаев, Ж.Ті­леков, Қ.Исабаев, Қ.Сатыбалдин сын­ды ақын-жазушылар бірден майдан да­ла­сына аттанды. Қаншама қазақ қалам­гер­лері майданнан оралмады. Ауыр жа­ра­ла­нып, мүгедек болып, мерзімінен бұрын оралғандар қатары да аз болған жоқ.

Жоғарыда атап өткеніміздей, майдан газеттерінің беттерінде өзінің отты, рухты, жауынгерлік жырларымен таны­лып үлгерген жас ақындар легінен Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Жұма­ғали Саин, Хамит Ерғалиев, Жұбан Мол­дағалиев, Сағынғали Сейітов, Тоқаш Бер­дияров сынды қаламгерлер соғыс тақы­рыбына жаңа леп, жаңа поэтикалық ізденіс арнасында құнарлы, тың шығар­маларымен бірден көзге түсті.

Сол жылдардағы соғыс тақырыбын кең қамтып, халықтық поэзия тілінде, дәс­түрлі жыраулық, жыршылық өнер­дің көркемдік бояуымен астастыра тол­ғаған, жырлаған халық ақындары Жам­был Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Нұр­лыбек Баймұратов, Нартай Беке­жанов, Доскей Әлімбаев, т.б. қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен келіп қосылды. Жамбыл Жабаевтың әйгілі «Ленинградтық өренім» және соғыс­та мерт болған перзенті Алғадайға арнап жазған цикл өлеңдері кеңес одағы көлемінде миллиондаған оқырманды баурап алды.

Жалпыұлттық, жалпыхалықтық мән­ге, мазмұнға ие болған осынау қасиетті та­қы­рыпқа ат басын бұрмаған, шығар­ма жазбаған қазақ қаламгерлері өте аз. 1960–1970 жылдары әдебиет көшіне келіп қосылған жас қаламгерлердің өзі тікелей со­ғыс шындығын суреттемесе де, сонау соғыс жылдарындағы ауыл өмірі, соғыс­тың кесірінен жастай жетім қалған жесір ана­лар мен жетім балалар тағдырын, солар­­дың басына түскен соғыс тауқыметін тереңнен толғайтын тартымды туындыларымен таныла бастады.

Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбеков, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржеке, Орал­хан Бөкей, Мархабат Байғұт, Қуан­дық Түменбай, Нағашыбек Қапалбек­ұлы, т.б. жас дарындар осынау тақырып­тағы ал­ғаш­қы повестерімен, әңгімелері­мен оқыр­­­ман назарын өзіне аударды. Өртең­ге шық­қан ұрпақтың буыны ретінде әде­биет ай­дынында жарқ етіп көрінген осынау бір шоғыр жас жазушылар кейіннен, сек­се­нінші жылдары туған әдебиетіміздің негізгі жүгін арқалаған тегеурінді топқа айналды.

Майдангер қаламгерлер Бауыржан Момышұлының, Қасым Қайсеновтің, Әди Шәріповтің, Әзілхан Нұршайықовтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Тахауи Ахта­новтың, Кемел Тоқаевтың шынайы дерекке құрылған, соғыс шындығын нақты тарихи оқиғалар мен нақты қалалар, нақты мекендерде өткен соғыс көріністерін кең қамтып, нақты әскери қолбасшылардың өмірбаянын, қатардағы қазақ солдатының ерлік істерін баяндайтын көпқырлы сю­жеттік арналарды бір шығарманың бойы­на сыйғыза жазған туындылары оқыр­ман ықыласына бөленді. Әзілхан Нұр­шайықовтың «Ақиқат пен аңыз» деп атала­тын роман-дилогиясы халық батыры, даңқты әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлына арналады. Халық батырын сөйлете отырып, оның майдандағы ерлігін, полк командирі, ержүрек, соғыс өнерін әйгілі әскери шешімдерімен, қайт­пас, қайсар мінезімен аңызға айналдырған қазақ перзентінің бейнесі сомдалады.

Бердібек Соқпақбаевтың «Өлген­дер қайтып келмейді», Әзілхан Нұршайы­қовтың «Ақиқат пен аңыз», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Күткен күн» романдары жанрға тың серпін әкеліп, тосын сюжет, композициялық құрылым жаңалығымен, құнарлы тілімен, майдан шындығын кең қамтып, қайталанбас кейіпкерлер бейнесін сомдаған жаңалығымен келді.

Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдуллиннің әскери прозасы, Қасым Қайсеновтің, Әди Шәріповтің партизандар өміріне арнаған шығармалары соғыс тақырыбының жаңа беттерін ашты.

Соғыс шындығын терең психология­лық талдауларға арқа сүйеп отырып, әрбір кейіп­кердің ішкі жан дүниесіне терең үңі­летін суреткер қаламгер Тахауи Ахта­нов­тың «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шы­ра­ғың сөнбесін» романдары өзінің сан қыр­лы көркемдік бояуымен әдебиетіміздің төріне көтерілді. Соғыс шындығы мен сол тұстағы қоғамдық-саяси, әлеумет­тік құ­былыстарды терең сабақтастырып қалам тербеген жазушының тың, тосын ізденіс­тері қазақ прозасының жаңа белесі ретінде бағаланды.

Ал енді Тахауи Ахтановтың алғашқы туындыларының бірі «Қаһарлы күн­дер» романы жарыққа шыққанда әдебиет сыны жарыса жазды. Жаңа туынды, көр­кем­­дік бітімі дара туынды үлкен әдеби тал­қы­лауға түсті. Осы романымен-ақ жазу­шы әде­биеттегі үлкен жолын, суреткерлік жолын бастап кетті. Бұл шығармада қым-қиғаш, оқыр­манды жалықтырып жібе­ретін, бітіп болмайтын шытырман оқиға­ларды қоса, қат-қабат жарыстыра беретін сюжет жоқ. Оның есесіне жау өтінде жүрген, ажал аузындағы қазақ жауынгерлерінің тағдыры, шеккен азабы мен көрген мехнаты, Отан қорғап жүрген адамның барлық қасиеттері сынға түсетін соғыс шындығы алдыңғы қатарға шығады.

Жазушы адам жанының трагедия­сын түп-тамырына дейін үңіліп зерттейді. Әрбір кейіпкерінің жүрегінің түбіне терең бойлайды. Жасанды, жылтырақ бояуы жоқ. Қаны сорғалаған майдан шындығын көз алдыңа әкеледі. Суреткерге осыдан ар­тық қандай олжа керек? Өз тақырыбына, өз кейіп­керіне адал болудың эталонын да көрсеткен майдангер жазушы Тахауи Ахтанов еді.

Майдангер қаламгер Кемел Тоқаев туған әдебиетіміздің табалдырығын имене аттап, өз бағытын, өз соқпағын, өз тақы­ры­бын таныта келді. «Солдат соғысқа кетті» атты романы тұтастай Екінші дүние­жүзілік соғыс тұсында қазақ солдаты басынан кешірген тарихи шындыққа арналады. Әу дегеннен әскери училищені енді аяқтағалы отырған қазақтың қос жігітінің майдан шебіне аттанып бара жатқан сәттеріне куә боламыз.

Қос кейіпкердің кейінгі өмір жолы майдан даласында, яғни Сталинградтан бастап Украина, Белоруссия, Польша жерлерін беліндегі бес қаруымен, сұр шинель, солдат етігімен жүріп өткен сан тағ­дырлы, азабы мен тозағы қатар түсіп жататын қалың оқиғалардың боя­масыз көрінісі оқырманды бейжай қалдырмайды.

Жазушы Кемел Тоқаев майдан шын­дығын шынайы бейнелеп жеткізуде күр­делі сюжет құрудың, шытырман оқиға­ларды баурап алатындай суреттеп берудің, немесе үнемі желдің өтінде, ажал аузында арпалыс, шарпысу, тартыс, қантөгіс үстінде жүретін кейіпкерлерді сомдаудың шебері ғана емес, сонымен бірге табиғат, қоршаған орта, елді мекен, тау шатқалы, қалың орман көріністерін де көркемдік бояуы қанық, құнарлы тілде, өте тартымды, әсерлі сөйлететін суреткер қаламгер еді.

«Түнде атылған оқ» атты повесіндегі бірер табиғат көріністеріне көз тоқта­тайықшы: «Түн. Дала шырттай қараңғы. Жауын себелеп тұр. Аспан төрінде найза­ғай жалт етіп, бұлтты тіліп, шатыр-шұтыр ете қалды. Мүлгіген орман үсті бір сәтке жарқырап ашылып, қайта түнереді. Мырзаш қосауыз мылтығын иығына асып, босағада тұрған. Ол жан-жаққа көз тастап, құлақ түрді. Жауған жаңбыр сенектің төбесіне тырс-тырс тамады. Жат дыбыс жоқ. Әлден уақытта шақпақ тағы шақты...

Орманды мылқау қараңғылық басты. Мырзаш әбігерленіп қараңғы аспанға қадала қарады. Кісі түскен орман тұсын шапшаң болжап алды да, солай қарай беттеді. Айналасы жылым, батпақ... Тоқ­тап-тоқтап құлақ түреді. Әлден уақытта жылым жақтан біреудің ырсылдап, ентік­кен үні естілді». Қысқа-қысқа суретті сөй­лемдер. Үлкен апаттың, көздеп келе жат­қан ажалдың аузында тұрған бас кейіп­кер­дің соңғы сәттері. Дәл қазір бірер секунд­тан кейін кеудесін дұшпанның оғы тесіп өтетін Мырзаштың алақұйын көңілі. Қалың қабырғадай тұтасып келе жатқан қараңғылық. Пейзаж жасаудың шебері екендігін жазушы соғыс тақырыбындағы басқа да шығармаларында дәлелдеді.

Түйіндей айтқанда, соғыс тақырыбы қазақ әдебиетінің барлық жанрда жаңа белеске көтерілуіне жол ашқан үлкен арнаның бірі болды. Арқалы ақын Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз», «Ақын өлімі туралы аңыз» атты лирикалық өлеңі мен әйгілі поэмасынан бастап роман жанрындағы Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» туынды­ларына дейінгі шығармалардың барлығы қазақ әдебиетінің жарты ғасырға жуық ең бір елеулі көркем мұрасын дүние­ге әкелген кезең ретінде тарихта қалды.

Сырбай Мәуленовтің жырларындағы шынайы кейіпкерлер де кешегі алапат әлемдік соғыстың қалың ортасында қолына қаруын ұстап, от пен оқтың арасынан алмағайыпта аман қалған қазақ жауынгерлері болды.

Волховтың ормандары мен қоршауда қалған Ленинград түбінде жараланған күндерін төгілте жырлаған ақын майдан шындығын терең бейнелеп жеткізеді.

«Тұрдым бір кез, Ростов қорғанында,

Жүрдім Пермь, Тагильдің жолдарында.

Свердловск өзенін кешіп өттім,

Болдым нулы Волховтың орманында.

Бір басымның қамына қарамадым,

Зарын ұқтым ана мен балалардың.

Қыстың күні, шешуші шабуылда,

Ленинград түбінде жараландым.

Көп солдаттың қостарын дауыл жықты,

Дауыл жықты, жапырып жалын жұтты.

Солар үшін келемін жолда жүріп,

Солар үшін көтеріп ауыр жүкті».

Сырбайдың лирикалық қаһарманы ішкі жан дүниесінде өтіп жататын көңіл толқындарын, сезім, сырын оқырман алдына жайып салады.

«Сапырды дауыл,

Тебіренді теңіз,

Тулады толқын,

Шайқалды шың-құз...

Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз...

Келмейді өлгім,

Келмейді өлгім,

Қайратым қайда,

Келші осындайда!

Дедім де тұрдым,

Жүгіре бердім,

Қолымда найза, шағылып айға», – деп жырлаған Қасым ақынның қолына қалам ұстаған замандастарының барлығы бір кез назар аударып, ат басын бұрып, жүрек қаны­мен жазған ұмытылмас жылдар ше­жі­ресі қымбат рухани мұрамыз ретінде қасиетті әдебиетімізде қалды.

 

Қансейіт Әбдезұлы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор