Саясат • 04 Сәуір, 2025

Жастар саясатына ерекше мән берілді

71 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды.

Жастар саясатына ерекше мән берілді

Ерлан Қарин сапар аясында ішкі сая­сат мәселелері бо­йынша жиын өткізді. Басқосуға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, қала және аудан әкімдері, аймақ­тағы мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Жиында Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айқындап берген міндеттерді жүзеге асыру, ішкі саясат саласындағы жұмыстың басым бағыттары, соның ішінде қоғамдық келісімді, этнос­ара­лық және дінаралық татулықты нығайту, ономастика, ақпарат және жастар саясаты мәселелері талқыланды.

Одан кейін Ерлан Қарин өңірдің шығармашы­лық және ғылыми интеллиген­ция өкілдерімен кездесу өткізді. Пікір алмасу барысында Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтайда Президент көтерген әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық бастамалар туралы айтты.

Бұған қоса Ерлан Қарин Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің көшпелі отырысын өткізді. Басқосуда Қазақстан жастарын жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру мәселелері талқыланды. Кеңес отырысы аймақтағы ең ірі өндірістік кәсі­порын – «Qarmet» метал­лур­гиялық комбинатында ұйым­дастырылғанын атап өткен жөн.

Сапар қорытындысы бойынша жастар саясаты және мәдени-гуманитарлық даму бағытында атқарылып жатқан жұмысты жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар әзірленіп, мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді.