Салық • 05 Сәуір, 2025

Салық кодексінің жобасын қарайды

69053 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Палата спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен өткен Мәжіліс бюросында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Салық кодексінің жобасын қарайды

Келесі сәрсенбіде депутаттарға Салық кодексі және оған ілеспе салық мәселелері бойынша түзетулер жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Салық кодексі жобасын Үкімет Мемлекет басшысының 2022 және 2023 жылдардағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында берілген тапсырмаларды орындау мақсатымен әзірлеген. Ол 822 баптан тұрады және қазіргі Салық кодексі мен оны қолданысқа енгізген заңның күшін жояды.

Кодекс жобасында кейбір сала­лар­дағы салық төлеушілер үшін корпо­ративтік табыс салығы мөлшерлемесін саралау, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және пайданы жаңғыртуға қайта ин­вес­тициялауды ынталандыру мақсаты­мен салықтық шегерімдерді кеңейту көз­делген.

Сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем­дердің санын қысқарту, барлық арнайы салықтық режімдерді оңтайландыру, салық жеңілдіктерін беру жүйесін бақылау мен талдаудың жаңа тәсіл­дерін енгізу, қымбат мүлікке, алкоголь және темекі өнімдеріне салық мөл­шерлемелерін арттыру ұсынылады. Салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған басқа да бірқатар норма мен шара қарастырылған.

Ал ілеспе заң жобасы аясында 3 кодекс пен 19 заңға өзгерістер енгізу ұсынылады.

Осы күні депутаттар қаржы нары­­ғын дамыту және қаржылық қызмет­терді тұтынушылардың құқықта­рын қор­ғау мәселелері жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда қарайтын бо­лады. Заң жобасын талқылау ба­ры­сында депутаттар бірнеше норма ұсынды. Атап айтқанда, тұтынушы­лық кепілсіз онлайн-несиелер беру кезінде «салқындату кезеңін» (жиырма төрт сағат) енгізу, сондай-ақ несие алуға алғаш рет жүгінген азаматтар­дың банк немесе микроқаржы ұйымы­ның бөлімшесіне жеке келуін міндет­теу мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар азаматтардың жекелеген санаттарына кепілсіз тұтыну­шы­лық қарыздарды олардың «электрон­­дық үкімет» порталы арқылы ресімдел­­ген келісімінен кейін ғана беру талап­­тары қарастырылған (21 жасқа толмаған ­­және 55 жастан асқан азаматтарға).

Бұған қоса халық қалаулылары алаяқтық операцияларға қарсы іс-қи­мыл шараларын күшейтуге бағыт­тал­ған, оның ішінде антифрод-орта­лықтың қызметіне және қарыз алушы­лардың құқықтарын қорғауға байланысты бір­қатар норма ұсынды.

Жалпы, отырыста құқық бұзушы­лықтардың алдын алу және ғылымды қажет ететін аймақтарды дамыту мәсе­лелері бойынша жаңа заң жобалары жұмысқа қабылданбақ.