Саясат • 05 Сәуір, 2025

Тікелей әуе рейсі ашылады

2025 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегацияның Германияға сапары Бавария федералды жерінің астанасы Мюнхен қаласында жалғасты.

Тікелей әуе рейсі ашылады

Сапар аясында Роман Скляр Бавария Премьер-министрінің орынбасары – экономика, өңірлік даму және энергетика ми­нистрі Хуберт Айвангермен және ха­лықаралық ынтымақтастық пен Еуропа мәселелері жөніндегі министрі Эрик Байсвенгермен кездесулер өткізді.

Бавария федералды жері үкіметінің ғимаратында өткен Э.Байсвенгермен кездесуде Қазақстан мен Бавария үкіметтері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Өз кезегінде Э.Байсвенгер Баварияның Қазақстанмен жан-жақты іскерлік және гу­ма­нитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге үлкен қызығушылық танытатынын атап өтіп, тиісті бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.

Х.Айвангермен кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Бавария арасындағы сауда-экономикалық қатынас­тар­дың жағдайы туралы пікір ал­масып, әрі қарай дамыту ке­ле­шегін талқылады. Х.Айван­гер Қазақстанның қар­қынды дамуын әрі экономикасын әртараптандырудағы жетістіктерін атап өтіп, екі­жақты байланыс өзара тиімді мүм­кін­діктерге жол ашатынын, әсіресе бизнес үшін игілігі мол екеніне тоқталды.

Осы тұрғыда маңызды қадам ретінде 2025 жылғы мамыр айының соңында Шымкент–Мюнхен тікелей әуе рейсінің іске қосылуы күтіліп отыр.

Сонымен қатар Р.Скляр мен Х.Айвангер осы күні өткен дөң­гелек үстелде баяндама жа­­сап, «Қазақстан – Бавария биз­нес-диалогі: Қазақстан өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы ­тех­нологиялары мен логистика са­ласындағы серіктес ретінде» тақырыбында пікір алмасты.

Іс-шараға Баварияның шамамен 70 кәсіпорнының бас­шы­лары қатысты. Қазақ­стан­дағы кәсіпкерлікті дамыту тәжі­рибесімен және елдегі қаржылық әрі іскерлік мүмкіндіктер туралы Horsch, Linde Gas AG және Rhenus сияқты компаниялардың өкілдері пікірін бөлісті.

Өз сөзінде Х.Айвангер Бава­рияның Қазақстанмен тығыз эко­номикалық байланыстарын жоғары бағалады. Оның айтуын­ша, Қазақстан бүгінгі таңда Баварияның ТМД және Орталық Азия елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі болып саналады.

Р.Скляр сондай-ақ дөңгелек үстелдің тең ұйымдастырушысы болған «Бавария экономикасы одағы» іскерлік қауымдас­тығының төрағасы Бертрам Броссардтпен келіссөз жүргізді.

Бавария – экономикалық даму бойынша Германиядағы жетекші федералдық жер саналады. 2024 жылы оның ІЖӨ көлемі шамамен $800 млрд-ты (Германия – 4,5 трлн) құрап, оны әлемде 22-орынға қойды. Бұл көрсеткіш Аргентина, Оңтүстік Африка, БАӘ, Швеция, Израиль, Аустрия және Бельгия сияқты елдерден жоғары.

Неміс статистикасы бойын­ша 2024 жылы Қазақстан мен Бавария арасындағы сау­да кө­лемі 4,7 млрд еуроға жет­ті, бұл Қазақстан мен Гер­ма­ния ара­сын­дағы жалпы сауда кө­ле­мі­нің шамамен жартысына тең. Бава­рияның мұнай импорты­ның жар­тысын Қазақстаннан жет­кізілетін шикізат құрайды.

Егер Қазақстан Германия үшін сауда серіктестерінің ішін­де 43-орында болса, Бавария үшін 21-орында тұр. Бавария­ға ­импорт көлемі бойынша Қазақстан 15-орында, яғни Бель­гия, Түркия, Жапония, Вьет­нам, Оңтүстік Кореядан жо­ғары көрсеткішке ие.