
Ежелгі деректерге үңілсек, Ұлы даланың көшпелі тұрғындары б.з. 930 жылдары қолына құс қондырып, бүркітпен аң қаққаны хақында дерек – Сүн империясының сарай жазбаларында баяндалады.
Одан кейін 1280 жылы Құбылай ханның орда суретшісі, ұлты қытай Лю Гуанда сызған суретте бүркіт салып, саят құрып жүрген құсбегілер бейнеленсе, б.з.б. ІІ ғасыр, б.з. V ғасыр аралағында апайтөс Азия даласында билік жүргізген ежелгі түркілердің бабасы тунгарлардың туында бүркіт бейнеленгені туралы дерек бар. Сондай-ақ көк түріктің кемел батыры Күлтегіннің (684-731) бас мүсінінде де қыран бүркіт бәдізделгенін білеміз.
Осы орайда, ежелгі бабаларымыздан бері аңшылық кәсіпке пайдаланып келген бүркітті қазақ құсбегілері екі түрлі жолмен қолға түсіретін болған. Оның біріншісі – ұядан балапан алу. Мұндай құсты «қолбала» дейді. Ал екінші тәсіл – түз бүркітін даладан ұстап баулып-баптау жолы. Түз бүркіті дегеніміз – дала құсы болғандықтан кәнігі құсбегілер оны қолға түсірудің бірнеше тәсілін қолдана білген.
Соның бірі – қақпанмен ұстау әдісі. Ол үшін бүркіт шабыт алғанда келіп қонып отыратын биік құмның айдарбасы, керіштердің қырат тұмсықтары сияқты жерлерге қақпан құрып, оны әр кез шолып тұрады. Одан қалды түз құсы далада өлген малдың жемтігіне келіп, кетіп тояттап жүрген сәтін аңдып, қақпан құрады.
Бүркітке құратын қақпанның серперін бостау етіп, қышқаштарына қалыңдатып құстың аяғын қимайтындай, киіз тігіп не шүберек орайды. Өйтпейінше, құс аяғын сындырып, қиып кетеді. Қақпанның жанына сарша, қубарақ, майбарақ сияқты арам құстарды байлап, оларға жем жұлғызып, қоян түттіртіп қояды да, оның айналасына жем салынып, жем бас сайын қақпан құрылады.
Қақпанның ойық ортасының астын терең қазып бос орын қалдырады да, үстіне тезектің, шөптің, үгіндісін жұқа жауып жасырады. Егер түз құсы сезік алған жағдайда, оның үстін майда топырақпен жеңіл жауып жасырады. Осындай тәсілмен құрылған қақпанды «жанды жәндік байлау» деп атайды.
Байлаған жандыға қара тартып, жем жеп отырғанын көрген түз бүркіті іркілмей келіп, жем жеймін деп қақпанға түседі. Бүркіт қақпанға түскен заманда тез айырып алу қажет. Өйтпегенде, аяғын сындырып кетеді.