ПЕТРОПАВЛ. 5 мамыр. Қызылжар ауданының орталығында орналасқан Бескөл ипподромында ат бәйгесінің маусымы салтанатты жағдайда ашылып, Астанадан, Шортандыдан, Ресейдің Магнитогорск қаласынан және Қызылжар өңірінен келген 50 шабандоз ат жарыстары бағдарламасы бойынша коммерциялық сайыстарға қатысты. Бұл туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың құттықтау тілегінен кейін ұлттық спорт мерекесін қызықтаушылар алдымен жорға жарысын тамашалады. 1600 метрлік қашықтықта Ғ. Мүсірепов ауданының намысын қорғаған Линара Усманованың «Мират» есімді жүйрігі сөре сызығын бірінші қиды. Желісті жылқылар сайысында қызылжарлық Артем Чибисовтың «Гигантына тең келер сәйгүлік табылмады.15 шақырымдық аламан бәйгеде Анатолий Пипконың қылқұйрығы топ жарды.
Ат жарыстарының бағдарламасына енген құнан бәйге, топ бәйге жарыстары да көрермендердің делебесін қоздырды. Өмір Есқали. Дерек: Солтүстік Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы. Сурет: egemen.kz