«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жүзеге асыратын «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Қызылорда тұрғындарына 300 пәтердің кілті табысталды
Қасиетті Сыр елінің халқына туу көрсеткіштері бойынша еліміздегі үшінші орын тиесілі. Әрине, тұрғындар саны көп болғандықтан, өңірде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспейді.
Дегенмен, аймақ басшылығы да бұл мәселеге қол қусырып қарап отырмайды. Жыл сайын құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғайып, мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлауда. Республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, демеушілер тарапынан да инвестициялар барынша тартылады. Тұрғын үй салу барысында, әсіресе, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының үлесі зор.
Холдинг қазіргі таңда Қазақстанның барлық өңірлерінде халықтың қалың топтарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс атқаруда. Бағдарлама іске асырылғаннан бері облыстардың және қалалардың тұрғындары көптен бері армандаған пәтерлерін алып жатыр. «Бәйтерек» холдингі жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысын жоғары қарқынмен жүзеге асыруда.
Осы жұмыс шеңберінде бүгін Қызылорда қаласында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ («Бәйтерек» басқарушы холдингінің еншілес ұйымы) салымшылары «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қоныс тойын тойламақ.
Жақында Қызылорда қаласының «Ипподром» шағын ауданында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, 300 отбасыға жаңа пәтер кілттері берілді. Қасиетті Рамазан айының басталуымен тұспа-тұс келген пәтер беру рәсімі ауқымды мерекеге ұласты. Қоныс той иелеріне кілттерін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев табыстады.
Қызылорданың «Ипподром» шағын ауданында 50 пәтерлі алты тұрғын үй пайдалануға тапсырылды, пәтерлердің жалпы саны – 300. Жалпы ауданы 19 722 шаршы метрді құрайды. Тұрғын үйдің құны – 1 775 млн. теңге.
Аталған 300 пәтердің ішінен 225 пәтер «Халықтың барлық санаттарына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша үлестірілсе, қалған 75 пәтер жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандарға берілетін болады. Қоныс той иелерін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтады.
– 2015 жылы бүкіл әлемді шарпып отырған экономикалық дағдарысқа қарамастан елімізде «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы өз жалғасын табуда. Бұл бағдарлама халықтың, әсіресе, аз қамтылған және жас отбасылардың баспанаға деген сұранысын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болып табылады. Бүгін, міне, жаңа пәтер иелері «Нұрлы Жол» бағдарламасының алғашқы жемісін көріп отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деп өңір басшысы тұрғын үйлерді салуға ықпал еткен «Бәйтерек» холдингі мен Қазақстан Ипотекалық Компаниясының басшылығына алғыс білдірді.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев та пәтер иелеріне ізгі тілегін білдірді.
– Бүгін 300 пәтердің кілтін табыстап отырсақ, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін тағы мыңдаған пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Міне, қазір тағы жаңа тұрғын үйдің құрылысын бастамақпыз. Бұл кезекте тұрған азаматтар жақын арада қоныс тойын тойлайды деген сөз, – деді Қ.Бишімбаев.
Айта кетейік, өткен жылы Қызылорда облысында «Қолжетімді баспана» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында 38 мың шаршы метрді құрайтын 466 пәтер пайдалануға берілген болатын. Ал биыл жыл соңына дейін облыста республикалық, жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттарға және «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» АҚ және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры есебінен 158,7 мың шаршы метрді құрайтын 2440 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 4 есеге артық.
Көптен бері армандаған пәтерлерін алған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Жас мұғалім Гүлзира Әбілдаева 5 жылдан бері қаражат жинап, екі бөлмелі пәтер алды. Қызымен бірге тұратын ұстаз арманын жүзеге асырған басшыларға зор алғысын білдіріп, барша қоныс той иелеріне зор денсаулық пен отбасыларына амандық тіледі.
Кітапханашы Баян Сағидатова да екі бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отыр. Екі баланың анасы 2007 жылдан бастап ақша жинады, ал, міне, бүгін кең әрі жайлы баспана алды. Қарапайым отбасыларға қолжетімді тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік берген «Бәйтерек» холдингінің басшылығына алғысы зор.
Тұрғындар атынан сөз сөйлеген зейнеткер ана Дүйсенкүл Ержанова Елбасына және «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асырып жатқан ұйым басшыларына алғыс айтты.
Пәтер кілттерін табыстау рәсімінен кейін облыс әкімі мен «Бәйтерек» холдингінің басшысы Қызылорданың «Арай» шағын ауданында салынып жатқан бес қабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңына барып қайтты. Жобаны холдингтің еншілес ұйымы – «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ (ҚИК) жүзеге асырып жатыр. Нысанды салу биылғы ақпан айында басталды. Құрылысы қыркүйекте аяқталады деп күтілуде. Пәтер саны – 280, жалпы ауданы 17219,78 шаршы метрді құрайды. Қазір құрылыс алаңында 288 адам жұмыс істеуде.
– Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің бағасы да қолжетімді, сапасы да барлық талаптарға сай. Бұл жобаның басты тиімділігі – пайыздық мөлшерлеме мен алғашқы салымы алынбайды. Пәтердің бір шаршы метрінің құны 600 АҚШ доллары болса, аумағы 40 шаршы метрді құрайтын баспана үшін айына 20-27 мың теңге төлейсіз. Орташа айлықтары бар отбасында екі адам жұмыс істесе, бұл соманы еш қиналмай төлей алады, – деді Қуандық Уәлиханұлы журналистерге берген сұхбатында. Басқарма төрағасының айтуынша, көп қабатты үйлер мердігер қаражатының есебінен жүргізіледі, құрылыс сапасы қатаң бақылауда. Салынып жатқан тағы бір нысан Желтоқсан көшесінде орналасқан. Бұл жалпы ауданы 4000,0 шаршы метрді құрайтын 70 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі мен холдинг басқарма төрағасы «Шұғыла» шағын ауданының Шүкіров көшесінде және «СПМК-70» тұрғын ауданында көп қабатты үйлердің іргетасын қалау рәсіміне де қатысты.
Осы нысандардың құрылысын жүргізуге холдингтің еншілес ұйымы – «Бәйтерек девелопмент» АҚ жауапты. Шүкіров көшесіндегі төрт бес қабатты тұрғын үйлердің құрылысын келесі жылғы сәуірде аяқтау жоспарланған. СПМК-70 ауданында бір 40 пәтерлі, үш 50 пәтерлі және үш 60 пәтерлі тұрғын үй салынатын болады. Бұл үйлер 2016 жылғы желтоқсан айында тапсырылмақ.
Қызылорда қаласында 2015 және 2016 жылдары пайдалануға берілетін, 7,4 млрд. теңге сомаға жалпы ауданы 59,6 мың шаршы метрлік (950 пәтер) бес объект бойынша шартқа қол қойылды. Өңірде биыл тұрғын үйлердің және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың құрылысына 4,2 миллиард теңге қаржы қаралған. Қомақты қаржыға 44,4 мың шаршы метр болатын 660 пәтерлі 13 тұрғын үй салынады. Сондай-ақ, 158,5 шақырым инженерлік желілердің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аталған баспананың 540-ы несиелік тұрғын үй болса, 120-сы кезекте тұрғандарға үлестірілмек.
Бұған қоса, «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға арналған жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысын салуға Қызылорда қаласынан 3 жер телімі бөлінді. Аталған жерге 68,6 мың шаршы метрді құрайтын 1130 пәтерлі 21 тұрғын үй тұрғызылады. Ал «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры арқылы салынатын 17,2 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Осылайша, қасиетті Рамазан айы қызылордалықтарға тағы бір үлкен қуаныш сыйлап, жағымды жаңалықтармен басталуда.
Мәрия ОМАРОВА.
ҚЫЗЫЛОРДА.