Аймақтар • 11 Сәуір, 2025

Тазылар тартысқа түсті

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Іле ауданына қарасты Қараой ауылында құмай тазылар арасында «Асыл мұра – 2025» ашық облыстық турнирі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тазылар тартысқа түсті

Сайысқа Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарынан 70-тен аса саятшы, сондай-ақ көрші қырғыз елінен де құмай тазы баптаушылар келді. Бұл жарыс шырға тартудан облыстағы жазғы маусымның ашылғанын білдіреді.

«Біздің облыста құмай тазы өсіруде Іле, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандары алда келеді. «Асыл мұра» облыстық федерациясы құрылды. Былтыр демеушілердің арқасында осы тектес 7 жарыс ұйымдастырдық. Биыл мамыр және қазан айларында Қараой ауылында республикалық сайыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Егер тағы да демеушілер табылып жатса, қосымша турнир өткізуді қолға аламыз. Барған сайын жарыс ауқымы кеңейе түсуде. Қырғызстаннан қатысушылар келіп жатыр. Бұған, әрине, қуанасың. Өйткені, мұндай бастамалардың қай-қайсысы да ұлттық мұрамызды сақтауға қызмет етеді», дейді «Асыл мұра» облыстық тазы федерациясының президенті Ернар Мүптекеев.

«Asyl qazyna» республикалық тазы федерациясының бекітілген ережесіне сәйкес, жарыста қашықтық 1000 метрді құрады. Тазылар екі кезең бойынша сынға түсті. Алдымен шағын топтарға бөлініп кім мықтыны анықтады. Бұдан кейінгі бәсеке шағын топтар жеңімпаздары арасында өтті.

«Бүгінгі көңіл-күйіміз тамаша. Тазымды сайысқа осымен төртінші рет қатыстырып отырмын. Жарыс өте тартысты өтті. Абай өңірінің асыл тұқымды иттеріне есе жіберіп қалдық. Ең бастысы, бұл жарыстан тазы баптаудың әдіс-тәсілдеріне қанығып, біраз тәжірибе жинақтадық», дейді саятшы Ермек Саяқов.

«Ұрғашы құмай тазы» номинациясы бойынша 25 тазы бақ сынады. Нәтижесінде Абай облысынан Аман Дүкеновтің «Жұлдыз» атты тазысы бірінші орын алды. Жетісу облысынан қатысқан  Мерей Ахметовтің «Қаршығасы» екінші орын иеленді. Ал үшінші жүлде Іле ауданынан Нұрғали Нұрышевтің «Аламан» атты тазысына бұйырды.

60 тазы жарысқа түскен «Еркек құмай тазы» номинациясында ілелік Айдын Құдайбергеновтың «Сылды» тазысы, жетісулық Талас Мұхтарбековтің «Каражолы» және Балқаш ауданынан Ерлан Шыбеков баптаған  «Көкдауыл» атты тазысы жүлдегер атанды.