
– Әуежай құрылысы басталғанын біліп отырмыз. Өте дұрыс. Бірақ, мұқым халық жүріп жүрген жолмен 40 тонналық жүк көліктерінің жүруі санаға сыймайды. Оларға неге рұқсат береді? Қосымша жол салып, сонымен жүрулері керек еді. Енді бәленбай шақырым жолды қайта қалпына келтіру де оңай емес, – дейді аудан тұрғыны Ернат Болат.
Иә, Шығыс Қазақстан облысындағы ең жақсы жолдардың бірі осы, Өскемен – Рахман қайнары бағытындағы жол еді. Туристік маусым басталғанша қайта қалпына келтірілсе жақсы. ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтың айтуынша, жағдай қадағалауға алынды.
– Тұрғындардың наразылығын біліп отырмыз. Дегенмен, Президенттің тапсырмасы орындалуы тиіс. Әуежай стратегиялық жағынан өте маңызды нысан. Ауыр жүк көліктері үшін қосымша жол салу мүмкін емес. Асфальттың бүлінген тұстары туристік маусым басталғанша қайта қалпына келтіріледі. Оны мердігер компания өз мойындарына алып отыр, – деді басқарма басшысы Нұржан Сайлаубекұлы.
Бұл орайда «ҚазАвтожол» ШҚО филиалы басшылығы да жолдың қайта қалпына келтірілуін қадағалайтынын айтты.
– Аталған жол 10 тонна салмаққа есептелген. Көктем кезі топырақтың жұмсарып, ылғалдың көбеюіне байланысты рұқсат етілген салмақты он тоннадан сегіз тоннаға дейін түсірген едік. Алайда, мердігер компания бұл ережені бұзып отыр, – дейді «ҚазАвтожол» ШҚО филиалының басшысы Нұрбек Темірханов.
Ол заңдылықты қадағалайтын транспорт полициясы әзірше бұл мәселе бойынша пікір білдірмеді. Қалай десек те, әуежай құрылысындағы жұмыстар жергілікті тұрғындар мен аудан қонақтарына кедергі келтірмеуі тиіс.