Ғалам ғажаптары • 15 Сәуір, 2025

Мультфильмнен басталған махаббат

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кино мен анимация әлемінде ғашықтар бейнесі аз емес. Алайда олардың көбісі тек экранда ғана бірге болса, Микки Маус пен Минни Маустың дауысын дыбыстағандар шынайы өмірде де жұп болған.

Мультфильмнен басталған махаббат

«Disney Wiki» сайтының мәліметінше, 1977 жылдан бастап әйгілі Микки Маусты дыбыстаған америкалық актер Уэйн Оллвайн бұл рөлді 32 жыл бойы үздіксіз сомдап келген. 1991 жылы ол мультфильмдегі Миккидің сүйіктісі – Минни Маустың дауысын дыбыстаған актриса Русси Тейлорға үйленеді. Осылайша, экрандағы қос ғашық шынайы өмірде де үлгілі жұпқа айналады. Кейін ерлі-зайыптылар түрлі жобаларда қатар еңбек етіп, анимация саласына зор үлес қосты.

Айтпақшы… Микки мен Минни Маус — әлемге әйгілі мультфильм кейіпкерлері. Олардың тарихы мен ерекшеліктері туралы көпшілік біле бермейтін қызықты деректер бар.

  1. Микки Маус бастапқыда «Мортимер» деп аталған. Алайда Уолт Диснейдің жұбайы Лилиан бұл атауды тым ресми деп қабылдап, оны «Микки» деп өзгертуге кеңес берген.
  2. Микки Маус алғаш рет 1928 жылы 18 қарашада «Steamboat Willie» мультфильмінде көрерменге ұсынылды. Сол күннен бастап бұл дата оның «туған күні» ретінде аталып өтеді.
  3. Микки Маус мультфильм әлеміндегі алғаш сөйлеген кейіпкер болды. Оның алғашқы сөзі — «Hot dogs!»
  4. Миккидің ақ қолғап киюінің себебі, Уолт Дисней балаларға тышқанның тырнақтары тым өрескел болады деп ойлаған. Ал ақ қолғап керісінше тышқанды сүйкімді етіп көрсетеді.
  5. Микки Маус әр елде әртүрлі аталады: Италияда — Тополино, Финляндияда — Микки Хирри, Францияда — Мишель Сорис, Жапонияда — Микки Маусу деген секілді.
  6. Минни Маус 1920-жылдардағы сән үлгісін бейнелейтін «flapper girl» стилінде жасалған. Оның қызыл нүктелі көйлегі мен үлкен бантигі сән әлемінде танымал символға айналды.