
Бұл туынды 1937 жылы жарық көрген. Анимацияның жасалуы – сол кезең үшін үлкен тәуекел еді. Себебі толық метражды мультфильмге көрермен қызыға қарай ма, жоқ па – ол уақытта беймәлім болатын. Алайда Уолт Дисней бұл жобасына сенді, студиясын қаржылық қиындықтарға қарамастан алға жетеледі. Соның нәтижесінде «Ақшақар мен жеті гном» анимация өнерінде бетбұрыс жасаған табысты мультфильмге айналды.
Осы еңбегі үшін 1939 жылы Уолт Диснейге ерекше форматтағы «Оскар» сыйлығы табыс етілді. Нақтырақ айтсақ, бір үлкен мүсін және жеті кішкентай статуэтка. Бұл – мультфильмнің атауына сай, символдық мәні бар ерекше рәсім болды. Марапат ресми түрде «Кинематографтың жаңа өнер түрін дүниеге әкелгені үшін және миллиондаған көрерменге қуаныш сыйлағаны үшін» деп табысталды.