01 Тамыз, 2015

Олимпиада комитеті Бейжіңді таңдады

261 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
кольцо 2022 жылғы қысқы Ойындар Қытай астанасында өтетін болды Кеше Малайзияның астанасы – Куала-Лумпурде басталған Халық­аралық олимпиада комитетінің (ХОК) 128-ші сессиясы 2022 жылғы қысқы Олим­пия ойындарының орталығы ретінде Қытайдың бас қаласы – Бей­жіңді таңдады. Осылайша, ол жазғы және қысқы Олимпиадаларды бірдей өткізу құқығына қол жеткізген тарихтағы тұңғыш шаһар атанды. Төрт жылда бір рет айналып келетін аталмыш аламандар шежіресінде мұндай оқиға бұған дейін мүлде болмаған еді. Осы таласта Бейжіңмен ат жарыстырған Алматы да абыройсыз бола қоймады. Осы кезге дейінгі өткелектердің бәрінен өтіп келіп, соңғы сынақ сағатына ентікпей жетуі өз алдына, оның кермесінен де тым кейін өткен жоқ. Біздің мегаполис қорытындыда қарсыласынан небәрі 4 дауыс қана кем алды. Атап айтқанда, ХОК-тың дауыс беруге қатысқан 85 мүшесінің 44-і Қытай астанасын қолдаса, 40 адам Қазақстанның ең ірі қаласы үшін дауыс берді, бір маман қалыс қалған болып шықты. Біздіңше, осының өзі Алматының бұл бәйгеден озып келуге бекерден-бекер талаптанбағанын анық көрсетеді. Олимпиада өткізуге тілек біл­діруші Алматы өтінім коми­те­тінің делегациясы Куала-Лум­пур­ге «Өзіңмен өзің бол!» деген ұран­мен барды. Ол мұны кеше таңер­тең өткен Ойындарға дайын­дық барысының таныстырылым тұ­саукесерінде барынша дәлел­деді. Комитет құрамында оның спи­керлері Кәрім Мәсімов, Бердібек Сапарбаев, Ерлан Ыдырысов, Ах­метжан Есімов, Андрей Крюков, Темірхан Досмұхамбетов, Қанат Боранбаев, сондай-ақ, Ермахан Ыбырайымов, Серік Сәпиев, Елена Хрусталева, Денис Тен, Сабина Алтынбекова сынды белгілі спорт саңлақтары болды. 31-07-15-olimpiada-kazakhstan-01 Алматы тұсаукесері Астана уақыты бойынша сағат 8:30-да басталды. Мұнда Алматының кандидатурасын 7 адам Бейжіңнің кезегі келетін сағат 9:55-ке дейін қорғады. Спикерлер өз сөздерінде Қазақстанның Ойындарға жоспары тиімділігінің негізгі ерекшеліктеріне тоқталды. Осы есеп сұлбасында жаһандық жарыстар өткізуге қажетті 13 нысанның 9-ы қазір дайын екені айтылды. Сонымен бірге шаһардың жарыстарды қабылдауға экономикалық жағынан да әзір тұрғаны мәлім етілді. «Қазақстан ең жоғары дәрежедегі жарыстарды өткізуге дайын және ел экономикасы бұған мүмкіндік береді», – деді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов осы орайда. Таныстырылым аяқталған соң Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах біздің өтінім комитетінің жұмысына жоғары баға берді. Ал содан бір күн бұрын Қазақстан Үкіметінің басшысы, Алматы өтінім комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов ХОК басшысымен кездесіп, елімізде қысқы Олимпиаданы өткізуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың жайын баяндап берген болатын. Содан кейін ол халықаралық ақпарат агенттіктері журналистерінің алдына шығып, осы дайындық жайынан біршама мағлұматтар таратты. Кездесуде Кәрім Мәсімов Алматыда қазірдің өзінде қысқы Ойындарды өткізуге қажетті спорт нысандарының 70 пайызы бар екенін, олардың бәрінің бір-бірлеріне жақын орналасқандарын жеткізді. Мұның бәрі Күн тәртібі-2022 бағдарламасына толық сай келеді. Ол сондай-ақ Алматыда қысқы Олимпиялық ойындарды өткізудің бұған дейін онсыз да жоспарланып қойылған инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға күшті серпін беретінін алға тартты. Премьер-Министрдің айтуынша, Алматы-2022 тұжырымдамасы барынша жинақы, оның барлық нысандары Олимпиялық қалашықтан 30 шақырымдық аумақта, орта есеппен жолына 30-45 минуттай жұмсалатын қашықтықта орналасқан. Олимпиялық қалашықтың әртүрлі алты бағыты бойынша қоныс тебетін ареналар өзінше алты қырлы жұлдызды көзге елестетеді. Мұның тағы бір тиімді жағы, жарыс жолдарының бұлайша орналасулары транспорт тасқынының нөпірінен құтқарып, қозғалысты жеделдетеді. Мұның бәрі, айналып келгенде, олимпиадалық комитет мүшелерінің жұма күннің бесінінен өте дауыс беруге кіріскен кездерінде өзінің белгілі бір дәрежедегі оң сипатын берді. Соның нәтижесінде Қазақстан Қытай тәрізді алып державаның бас қаласымен бәсекеде оншалықты көп ұтылған жоқ, керісінше онымен дәрежесі тең, деңгейі шамалас екенін айдай әлемге анық танытты. Біздіңше, бұл Қазақстанның енді халықаралық аренадағы беделін көтеруге айтарлықтай қызмет ететін болады. Жасыратыны жоқ, екі қаланың арасындағы осы дода басталған шақтан оның басты үміткері ретінде жер-жерде Бейжің атала бастаған еді. Бұған осы кезге дейін 2008 жылы жазғы Олимпиялық ойындардан бөлек, бірнеше рет Азия ойындарын өткізіп үлгеріп, бұл салада орасан зор тәжірибе жинақтап қалған Қытай ұйымдастырушыларының артық тұстары әсер етсе керек. Сол аламандардан қалған түрлі спорт инфрақұрылымдарының өзі бір төбе. Аспанасты елінің астанасы, міне, алғашқы күндерден сол саңғыраған стадиондар мен алпауыт ареналардың басым бөлігін барынша тиімді пайдаланып қалатындарын алға тартты. Мәселен, олар «Құстың ұясы» деген поэтикалық атауы бар атақты Ұлттық стадионында Ақ Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттарын өткізетіндерін бірден жайып салды. Қытай спорт функционерлері сондай-ақ 2022 жылғы Ойындарды бұрынғы құрылымдар базасында үш кластер бойынша өткізуге жоспар жасады. Атап айтқанда, олар Орталық Бейжің кластерінде жоғарыдағы салтанатты сәттерден бөлек, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, хоккей, керлинг, коньки спорты бойынша жарыстар өткізуге ниет етсе, Бейжіңнің Яньцин уезінде тау шаңғысы, бобслей, шана спорты, скелетон секілді сайыстарға кезек бергісі келді, ал Чжанцзякоуда шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, биатлон, фристайл, сноуборд тартыстары қанат жаюға тиіс болатын. Сөздің сүрлеуінде біздің жадымызға мынадай да деректер түсіп отыр. Осымен Қытай Олимпиялық ойындарды бір реттен артық өткізуге мүмкіндік алған тарихтағы 15-ші ел атанды. Сонымен қатар, ол жазғы да, қысқы да Олимпиаданы өткізуге тәуекел еткен 9-шы мемлекет болды. Алайда, соның ішінде сол мақсатына жете алған бірінші ел екенін жоғарыда айттық. Бұдан бөлек, Бейжің қысқы Ойындарды өткізгелі отырған бар болғаны екінші астана болғалы тұр. Бұған дейін мемлекеттер орталықтары арасынан мұндай құрметке тек Норвегияның бас қаласы – Осло ғана ие болған еді. Мәселе мынада, Ақ Олимпиаданы қабылдауға үмітті қалалардың барлығының жанында тау шаңғысы жарыстарын өткізу мүмкіндігін беретін таулар болуы тиіс. Бұл – қысқы Олимпиялық ойындар өткізу үшін қойылатын ең басты талап. Ал бұл қағиданың деңгейінен табылу барлық астаналардың бірдей маңдайларына жазыла қоймаған. Міне, сол деңгейден көріне білген Бейжің осы бәйгеге жүрексінбей қосылып еді. Енді Куала-Лумпурда өтіп жатқан Халықаралық олимпиада комитетінің сессиясында 2020 жылы өтуге тиісті жасөспірімдердің қысқы Олимпиялық ойындары астанасының да аты белгілі болғанын айта кетейік. Мұндай құрметке Швейцарияның Лозанна қаласы ие болды. Ол румынның Брашов кентімен таласта айтарлықтай басым түсті. Бәсекеде швейцариялықтар 71 дауыс алса, оның қарсыластары 10 дауыспен шектелді. Сөз соңында біз Қытай астанасын осы жеңістерімен құттықтағымыз келеді. Енді сол Ақ Олимпиадада Қазақстанның жұлдыздай жігіттері мен құндыздай қыздары көптеген бәйгелердің алдыңғы легінен табылып, отандастарын бұрын-соңды болмаған медальдар тасқынымен қуандыра түссе деген тілек бар. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».