12 Ақпан, 2015

Қазақстанда жасалған!

8993 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
лого-2Өзіміздікін өзекке теппелік Отандық өнімдерді өзіміз тұтынып қана қоймай, қазір алыс-жақын шетелдерге ұялмай шығаруға болады. Өнеркәсіпте де, азық-түлік өнімдерін өндіруде де біз егемендік алған жылдары көп ілгері кеттік. Мен өзім бүкіл саналы ғұмырымда ауыл шаруашылығында еңбек етіп келе жатқандықтан осы салаға байланысты ой-пікірімді білдіргенді жөн санаймын. Біздің серіктестік элиталы тұқым шаруашылығы болып табылады. Бізде « Алқапөңдеу және сауда» ауыл шаруашылығы кластері жүйеленген. Шаруашылық 30 мың гектарға дейін дәнді дақылдар өсіреді. Тәулігіне 50 тоннаға дейін ұн тартатын Чехияның «Проко» маркалы диірменіміз жұмыс істеп тұр. Біз өндірілген астықтан жоғары, 1 және 2 сортты ұн тартамыз, өзіміздің «Атамекен» ЖШС-нің нан зауыты арқылы 25 түрлі нан-бөлке бұйымдарын тұтынушыларға ұсынамыз. Сондай-ақ, 6 түрлі жарма және макарон өнімдерін өндіреміз. Бұл астық өнімдеріне сұраныс жоғары. 01-2Біздің өнімдеріміз алыс-жа­қын шетелдерден келетін азық-тү­лікке қарағанда сапалы да дәмді әрі жұғымды екенін дәлелдеп жату­дың өзі артық. Мал шаруашылығы саласында да табыссыз емеспіз. Мал бор­­­дақылау алаңында жылына 1 мың­нан астам ірі қара семіртіледі. Тайыншалар 18-20 айлығында 450-500 келі тартады. Осында бордақыланған мал етін өңдеу үшін шұжық цехын аштық. Цех жұмысы тез арада бір арнаға түсті, дәмі тіл үйіретін шұжықтарға аудан түгілі, қалалықтар да тапсырыс береді. Қазір қаладағы «Атамекен» ЖШС-нің дүкендеріне күнара 500-600 келі 30-ға жуық түрлі ет-шұжық өнімдері шығарылады. Олардың бағалары да арзан әрі дәмді, сондықтан да өтімді. Осындай сапалы өнімдерді экспортқа ұялмай шығаруға әбден болады. Облыс орталығындағы жәрмеңкелерде серіктестіктің ет-шұжық өнімдерін қыл үстінен бөліп алып кетеді, сүйек-саяқ, ішек-қарын да кәдеге жаратылады. Өнімдерімізді Астанада өткен жәрмеңкелерге апарып, алғыс арқалап қайтқан кездеріміз де болды. Ал, ет өнімдеріне келсек, ке­зінде өзіміз таңғалып, таң­дай қағатын көршілес Ресей қала­ла­рының шұжық өнімдерінен сапасы және дайындалуы, дәмділігі мен адам ағзасына жұғымдылығы жағынан әлдеқашан асып түсті деп ойлаймын. Ресейдің Орынбор облысының аудандарымен ара­лас-құраласымыз, барыс-келі­сіміз бұрыннан қалыптасқан. Се­ріктестік базасында ресейлік ауылшаруашылық тауар өндіру­шілерімен тәжірибе алмасу ба­ғытында кездесулер мен семинарлар өткізіліп тұрады. Сәті түс­кенде оларға да барып тұрамыз. Мұндай әріптестік және іскерлік қарым-қатынас, экономикалық байланыстар екі жақты тиімді екенін көрсетіп отыр. Еуразиялық экономикалық одақтан да күтеріміз көп. Осы арқылы экономикалық дамудың жаңа тың жолдары ашылатынына сенім мол. DSC_0411Осындай әріптестік қатынастар болғандықтан өнімдерімізді де шығарып тұратынымыз бар. Сон­дайда көршілеріміз біздің өнімдерімізді алуға ынталы. Мұ­ның өзі өз өнімдерімізді өзек­ке теппей, ішкі нарығымызды то­лық өз өнімдерімізбен нығайтуға басымдық берілетіндей қадамдар жасалуы керектігін алға тартады. Арзан екен деп дәмсіз, адам ағзасына дәрумендігі кем шетелдік азық-түлікке құрақ ұшуды қоятын кез жетті. Қазір алыс-жақыннан жет­кізілген сүт өнімдері дүкен сө­релерін, базарларды жайлап алды. Жақында еліміздің бас басылымында жарияланған журналист Гүлзейнеп Сәдірқызының академик Төрегелді IШармановпен жасаған «Отандық өнімдердің орны бөлек, отандастарым» атты сұхбатын оқып, жүйелі сөзге, ақылға қонымды ойларға тәнті болдым. Академик ағамыз стериль­денген сүт өнімдері ұзақ сақ­­талғанымен адам денсаулығын нығайтатындай қауқары шама­лы екенін дәлелдеп тұрып айт­қаны ұнады. Жалпы, ұзақ сақталатын азық-түлікке түрлі қоспалар қо­сылатынын да жасырмай жет­кізді. Сондықтан отандық фермерлер өндірген өнімдерді тұтыну пайдалы демекпін мен де. Шыны керек, қазақтың ұлттық тағамдарына ештеңе жетпейді. Шаруашылықта қымыз ашытып, шұбат өндіреміз. Ауыл тұр­ғындары бұл бастамамызға риза болуда. Жалпы, «Біреудің қаң­сығы, біреуге таңсық» дегендей, өз өнімдеріміздің өркенін өсі­ретіндей істер жасау пайдалы де­гім келеді. Аманқос ТӨЛЕУОВ, «Степное» ЖШС директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы.

Келешегі кемел кәсіпорын

елімізде әзірге баламасы жоқ энергетикалық қазандық жабдықтарын сериялап шығару жобасын игерді

IMG_6925Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында бірінші бесжылдықтың Индустрияландыру картасына енгізілген озық жобалардың бірі Петропавл ауыр машина жасау зауытында орналасқан. Біз кәсіпорынның бас директоры Қуаныш БИШІМОВТІ әңгімеге тартып, қазақстандық өнімнің артықшылықтары жөнінде айтып беруін өтінген едік. – Қуаныш Ердәулетұлы, алдымен кәсіпорынның қазіргі даму жайы мен әлеуетіне тоқ­талып өтсеңіз? – Өңірдегі индустриялық-инновациялық даму қорытын­дыларына көз жүгіртер бол­сақ, ілгері басушылық бар. Индустрияландыру картасына 38 миллиард теңгенің 31 жобасы енгізіліп, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құру көзделсе, тапсырмалардың мезгілімен орындалғанын байқау қиын емес. Елімізде ірі кәсіпорындардың бірі саналатын ауыр машина жасау зауыты газ-мұнай саласына маманданғалы отандық тауар өндірісінің көлемі молайып, «Қазақстанда жасалған» деген лайықты мәртебеге ие болды. Тәуелсіздік жылдары зауыттың өндірістік қуаты мен әлеуеті артып, осы заманғы сұранысқа сай жетекші компаниялармен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнату, технологияларды жаңғырту бастамаларын игеруге белсене кірісті. Қазір мұнда 1500-дей адам еңбек етеді. Былтыр орташа айлық жалақы 100 мың теңгеден айналды. Биыл 7,5 миллиард теңгенің өнімдерін шығаруды жоспарлап отырмыз. – Демек, энергетикалық қазандық жабдықтарын шы­ғаруға таңдаудың сіздерге түсуін көрсетілген үлкен сенім деп қабылдаған абзал шығар? IMG_9648– Солай десе де болады. Бұл жобаны «Қазақстан Инжи­ниринг» ұлттық компаниясы қаржыландырды. Ондағы бас­ты мақсат қазақстандық үлес мөлшерін одан әрі ұлғайта отырып, ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар экспортқа жол ашу болып табылады. «Энергетикалық қазандық қондырғысын дайындау бойынша өндіріс құру» инвестициялық жобасының құны 600 миллион теңгеге пара-пар. Жоба шеңберінде энергетикалық қазандық жабдықтарын сериялап шығаратын финдік жоғары технологиялы автоматты желі пайдалануға берілді. Бұрын мембранды панельдер жартылай фабрикат күйінде жеткізіліп, содан кейін ғана өңделіп, дайын өнімге айналдырылса, енді жаңа желінің қызметі мембранды панелдерді кез келген диаметр мен мөлшерде жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде цехта астаналық жылу электр орталықтарына арналған өнімдер әзірленуде. Алдағы уақытта кәсіп­орынның бұл өнімдерін ТМД мем­лекеттерінің ірі электр  энергетика стансалары да тұтынатын болады. Әсіресе, энергетикалық нысандар үшін өте маңызды. Жаңа кешен толық қуатына көшкен кезде кәсіпорындардың отандық өндіріс жабдығына деген қажеттілігі қамтамасыз етілетін болады. Жоба жылыту жүйесі қалпына келтірілген, инженерлік коммуникациялары құрастырылып, қайта жабдықталған цехта бой көтергендіктен, қаражат біз ойлағаннан аз жұмсалды. Жаб­дықтарды сериялап шығару жылына екі мың тоннаға дейін энергетикалық қазандық қон­дырғыларын әзірлеуге айқара жол ашады. 44 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгі күні Ақтөбе, Петропавл жылу электр орталықтарымен, Ресейдің «Сибэнергомаш» компаниясымен шарт жасалды. Басқа да мүмкіндіктер жіті қарастырылған. – Озық жобалар мен тех­нологиялардың тағы қандай түрлері игерілді? – Тәуелсіздік алған кезеңде газ-мұнай, теміржол салалары үшін екі жүзден астам арнайы жобаларды жүзеге асырыппыз. Олардың арасында мұнай-газ ұңғымалары, бұрғылауға арналған жабдықтар, жүк кө­тергіш-көліктік техника, машина жасау қосалқы бөлшектері, энергетикалық қондырғылар үлкен сұранысқа ие. Зауыттың негізгі тапсырыс берушілері жетекші мұнай және теміржол компаниялары, бірлескен кәсіпорындар болған­дықтан, тапсырыс кө­лемі мен өнім түрлері артып келеді. Соған орай мұнай-химия, энергетика салалары үшін жылу алмастырғыштар, ауамен салқындататын аспаптар, гидравликалық құралдар, жылжымалы құрам бөлшектері, тағы басқалар құрастырылады. Үкіметтің отандық тауар өндірушілерді қолдау саясатына сәйкес алда қазақстандық үлес мөлшерін айтарлықтай арттыру міндеттері тұр. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы. Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Ірі құрылыстар біздің белтемірсіз биіктемейді

БезымянныйЕлімізде ірілі-ұсақты құрылыстар қай уақытта да тоқтаған емес. Алайда, оның негізгі материалы – арматуралар Ресейден тасылатын. Міне, екі жылдан бері құры­лыстың белі саналатын арматураларды Қостанайда «ЕвразКаспианСталь» зауыты өндіріп келеді. Біздің кәсіпорын үдемелі индустриялы-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының бірінші бесжылдығында қолға алынып, халық игілігіне жараған ірі жобаның бірі болатын. 2013 жылы желтоқсан айында Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде зауыт салтанатты түрде жұмысын бастады. Жоба құны мемлекетке 18,6 миллиард теңгеге түскен кәсіпорын толық қуатына көшкенде жылына 450 мың тонна құрылыс металл илегін шығаратын болады. 256 қостанайлық осы өндірістен жұмыс орнын тапты.

Мұндай кәсіпорын бұрын Қостанай өңірінде болған жоқ. Ол шығаратын жаңа өнімнің түрі А-500СП арматурасы деп аталады. Соның арқасында темір-бетон құрылымының беріктігі 25 пайызға дейін күшейеді. DSC07188-1Өткен жылы межелеген 150 мың тонна арматура өндіру үшін біздің ұжым күні-түні үзіліссіз жұмыс істеді. Біз мұны қиындық деп санамадық, қайта бұл жұмысшылардың барлығына ұнады. Соның арқасында Қостанай облысында ең көп жалақы біздің ұжымға тиесілі. Айына әр жұмысшы 167 мың теңге алады. Өткен жылдың қараша айында түрлі диаметрлі 62 мың тонна арматура шығарсақ, ал бұл көрсеткіш үстіміздегі жылдың қаңтар айында 92 мың тонна болды. Бұл өнімнің құнын сұрасаңыз 11 миллиард теңге тұрады! Сұраныс жасағандарға 75 мың тонна арматура арттық. Оның ішінде 12 мың тоннасын Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан құрылысшыларына жібердік. Биыл 365 мың тонна арматура шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл зауыт қуатының 80 пайызы деген сөз. Бүгінде зауыт тәулігіне 16-20 вагон майда сортты металл илек артады. Бұрын кереғар көріністер көп болды ғой. Жерімізде темір кенінің алыбы бола тұра, құрылыс материалдарын сырттан тасыдық. Әрине, бұл зауытты іске қосу үшін металл илек шығаруда тәжірибесі озық Ресеймен, Украинамен бірлестік, олардан жабдық алдық. Енді «ЕвразКаспианСталь» зауыты арматурамен бүкіл еліміздің сұранысын жабады. Ешкім ешқайдан құрылысқа бірінші қажетті бұл материалды іздеп сарылмайды. Қостанайға келеді де артып кетеді. Әрі арзан, әрі сапалы, әрі жақын. Қай елде, қай жерде болсын қашанда құрылыс жүреді. Сол құрылыстар біздің зауыттың өнімінсіз биіктемейді. Сұранысқа ие өнім шығаратын елде дағдарыстан қорқыныш болмауы тиіс. Бұл күнде зауытта қайнаған жұмыс. Шығаратын өнімге емес, қайта соны артатын теміржол тұйығының ескілігіне байланысты мәселе көтеріп отырмыз. Оның өндірістік-сметалық құжаттарына дейін дайын. Бұл жергілікті жерде шешімін табатынына сеніміміз зор. Біздің бұл проблемамыздың өзі дағдарысқа қарсы қимыл секілді. Сергей СОТНИКОВ, «ЕвразКаспианСталь» ЖШС директоры. ҚОСТАНАЙ.

Жаңғырудан – жасампаздыққа!

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған индустрияландыру бағдарламасы еліміздегі көптеген кәсіпорындардың жұмысына екпін беріп, жаңаруына жол ашты. Бұл бағдарламаның шапағатын көрген кәсіпорындардың біріеліміздегі бірден-бір минералды тыңайтқыштар дайындайтын кәсіпорынАқтаудағы «ҚазАзот» ЖШС. Казазот (2)Индустрияландыру бағы­тындағы мемлекеттік бағдарлама аясында жаңғырту мен қайта құрылымдаудан өткен зауыт заманауи құрал-жабдықтар орнату нәтижесінде жаңа технологиямен жұмыс жасай бастады, зауытта жұмыс жасайтындар саны 30 адамға артты. «ҚазАзот» ЖШС синтети­калық сұйық және газ тү­ріндегі мүсәтір және мүсәтір селитра­сын, сондай-ақ әлсіз азот қыш­қылын  өндірумен айналысады. Сұйық мүсәтір еліміздегі «Қазатомөнеркәсіп» бөлімшелеріне, Тараздағы «Қаз­­­­­­фосфат» ЖШС-на техно­ло­гиялық қажеттіліктер үшін жіберілсе, мүсәтір селитрасы ауыл шаруашылығы саласында минералды тыңайтқыштар ретінде және тау-кен өндіріс саласында қопару жұмыстары үшін қоспалар дайындауға қолданылады. Жаңару мен жаңғыртудан өткен зауытта еңбек өнімділігі артып келеді. Бүгінгі таңда Әзербайжан, Түрікменстан, Венгрия, Латвия, Литва, Молдавия, Польша, Эстония, Болгария, Ресей, Украина және Қырғызстан нарықтарына экспортталатын өнім сапа жағынан әлемдік нарықта бәсекелестікке төтеп бере алады. Соңғы айлардың өзінде 50 мың тоннадан астам өнімді шет мемлекеттерге шығарған зауыттың қуаты арта түседі деп күтіледі.  Жаңғырту аясындағы құны 5 610 млн. теңге құрайтын жоба толық қуатына енгенде мүсәтір өндіру көлемін жылына 200 мың тоннаға, әлсіз азот қышқылын осындай уақыт мерзімінде 270 мың тоннаға, мүсәтір селитрасын 330 мың тоннаға жеткізу межеленген. Маңғыстау даласы арқылы «Жезқазған-Бейнеу» және «Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» жаңа теміржол желі­лерінің ашылуы, сондай-ақ Ақтау халықаралық теңіз портындағы мүмкіндікті арттыру жұмыстары «ҚазАзот» ЖШС-ның жұмыс көлемін арттырып, экспорттық әлеуетін кеңейтуге жол ашады. Қазір Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Парсы шығанағына жету жолдарын қарастыру бағытында Түрік­менстанмен келіссөздер жүруде. Кәсіпорын жұмысы өз ыр­ғағын табысты жалғастырып келеді. Мемлекет тарапынан жасалған қолдауды мамандардың тәжірибесімен лайықты ұштас­тырып, қызмет ету арқылы көкжиегімізді кеңейтіп, өнім сапасын арттырып, сапалы «Қазақстандық өнімнің үлгісі» бола аламыз деген ойдамыз.  Кеңес ОРАҚОВ, «ҚазАзот» ЖШС директоры.  Маңғыстау облысы. Суретті түсірген  Серік  МАЙЕМЕРОВ.