01 Тамыз, 2015

Бәсеке күшейді. Бизнесмен, сен де күшей!

417 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ВТО-2Адамзаттың алдында тұрған ауқымды да асқаралы міндет – бұл, сайып келгенде, саяси тұрақтылық, әлемдегі бейбітшілікті, өзара алыс-берісті, барыс-келісті, ынтымақтастықты нығайту. Бұл әлімсақтан бері келе жатқан адамзаттың арманы. Данышпан Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегенде ұлы ойшылдың нені меңзегені қай қырынан алып қарасақ та түсінікті. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің болашағы үшін үлкен күрескер әрі сара саясаткер екенін тағы да дәлелдеп, тағы да тың қадам жасады. Қазақстан қуатты ел ретінде Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келісімдерді сәтті аяқтады. Мемлекет басшысы осыған орай қазақстандықтарға Үндеу арнады. «Біз жаһандық нарық шарттарына сай болу үшін үлкен дайындықтан өттік. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасадық. Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістікте шыңдалдық. Алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бәсеке күшейді. Оған дайын болуымыз керек. Себебі, шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз, тауар Қазақстанға көптеп келетін болады. Сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық көптеп тұтынып, осыдан, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным сондықтан: бәсекеге сай болу керек» деп атап көрсетті Елбасы Үндеуінде. Сабырбек ОЛЖАБАЙКәсіпкер де, бизнесмен де емеспіз, қарапайым қатардағы журналист, барлық саладан там-тұмдап хабары бар маман ретінде біздің де айтарымыз болса керек. Үнемі қайнаған қызу еңбектің, көпшіліктің көз алдында жүргендіктен, ой түйеміз, қорытынды жасаймыз, көрген-білгенімізді халыққа жеткіземіз, пікір алмасамыз. Демек, адам деген үлкен қауымдастықтың біз де бір бөлшегіміз. Ендеше, бізден де бір пікір. Кешегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын көз алдымызға елестетіп көрелікші. Тоқырау жылдары атанған осы бір алмағайып кезеңде қыз-келіншектер, әйелдер қауымы белсенділік танытып, қоржын, қапшық арқалап, жүк машиналарымен, пойызбен шетел кезіп кеткен жоқ па? Талай рет жолаушылап пойызға біз де мінгенбіз. Сонда аяқ асты жүк салынған қапшыққа толып тұратын. Жаратылысы нәзік әйелдер тең-тең жүкті басынан асыра вагондарға лақтырғанда «япырай, мынандай күшті қайдан алды?» деп таңдай қағатынбыз. Сөйтсек, отбасы жауапкершілігі, балаларына деген махаббат оларды осындай орасан зор күшке ие етеді екен ғой. Жасырып-жабулаудың қажеті жоқ, Қытайдың арзанқол тауарлары Қазақстан нарығын сол кезден бастап жаулай бастады. Базарлар мен дүңгіршектерде, сауда нүктелерінде сапасы сын көтермейтін тауарлар сықасып тұрды. Табылғанына қуандық, арзандарына алдандық, сол тауарларды түгелге жуық тұтындық. Ес жия бастағанда дәрігерлер, ғалымдар қытай ойыншықтарында, киім-кешектерінде адам ағзасына зиян қоспалардың шамадан тыс көп екенін айтып дабыл қақты. Тауар тапшылығынан сонда да олардан тартына қоймадық. Бұл аздай шетелдерден әкелінген тамақ түрлерінен де шикілік шықты. «Біреудің қаңсығы біреуге таңсық» деген, осы құрамында қитұрқысы бар азық-түліктерді әлі де қаптап алып жатырмыз. Базарға барыңызшы, торсиған-торсиған алмалар, жеміс-жидектер толып тұр. Құрт түспеген, сырты сұлу, дәмсіз, сөлсіз алма, жүзімдерді дастарқаннан әлі де алған жоқпыз. Еуропадан әкелінген деген киімдерді тұтынушылар да толып жатыр. Ұжым ұсынатын шарттардың бірі адамзат тұрмысының жақсаруына жәрдемдесу деп білсек, ендігі ретте осындай адам ағзасына зияны көп тауарларды ел шекарасынан бері асырмау керек деп ойлаймын. Бүкіл жер жүзінде тек сапалы киімдердің таралуы және олардың бағасы қолжетімді болуы маңызды. Біз шығарған тауарлар да шетелдіктер үшін көп сұранысқа ие болады. Жуырда жақын шетелге жүк таситын бір жүргізуші танысым кездесе кетпесі бар ма. «Оңтүстіктің астықты аудандарынан үш «КамАз» бау-бақша өнімдерін сықап тиеп, Ресейге тартып кеттік. Жыл сайынғы барып жүрген жеріміз ғой. Бірақ, бұл жолғы сапар ауырлау болды. Қарбызда да, қауында да, қырыққабатта да диқандар қосқан дәрі көп екен. Арнайы лабораториялық зертханаларда өнім сапасын тексерген мекемелер тауарымызды түсіртпей қойды. Содан қауын-қарбыз іріп-шіріп кететіндіктен зертхана, лабораториясы жоқ бір аудан орталығына көтерме бағасына өткізіп, кері қайттық», дейді ол. Әне, көрдіңіз бе, жеміс-жидекке, көкөніске деген сұранысы көп Ресей де қоспасы көп өнімнен қаша бастады. Сонда біз құрт та жемейтін торсиған алмадан, басқа да жеміс-жидек, көкөністен неге тартынбаймыз? Оңтүстіктің өзінде соңғы жылдары мыңдаған гектар жерге бау отырғызылғанын білеміз. Таулы аудандарымызда алма, өрік, жаңғақ, жүзім, алмұрт, алқоры көп өседі. Бүгінде тропикалық өсімдіктерді де өзіміз өсіріп жатырмыз. Ендеше, шетелдік шіріндіге неге құмармыз? Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің алдымызға да көптеген міндеттер жүктейтіні белгілі. Бұл ДСҰ ережелерінде жан-жақты қарастырылған. Сол қағидаларға жауап беруіміз керек. Егер өндірген өніміміз шетелдіктердің сұранысына көбірек ие болсын десек, ең әуелі оның сапасын ойлаған жөн. Тауар неғұрлым арзан бағада өндірілсе, соғұрлым пайдалы. Жалпы, Дүниежүзілік сауда ұйымы бұл жағына ерекше мән береді. Иә, Елбасы атап көрсеткендей, бәсеке күшейеді. Ендеше, кәсіпкер, бизнесмен сен де күшей. Тауарың сапалы болсын. Шетелдерден шектеусіз мөлшерде келетін тауарлардың сапасы жоғары, бағасы төмендеу келіп, біздің киімдер шетке ығысып қалмауын осы бастан ойластырайық. Жасыратыны жоқ, кейбір зауыттар мен кәсіпорындар ДСҰ-ға мүше болмай тұрып-ақ тоқтап қалып, кейіннен қайта құрылып жатты емес пе? Демек, сол олқылықтарға ендігі жерде жол жоқ. Жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалу – бұл, сайып келгенде, Қазақстанның, оның көреген Көшбасшысының жеңісі. Мәдениет пен өнер саласының бір өкілі ретінде айтарым, мынадай айы оңынан туып тұрған кезеңде қазақ зиялыларының шығармашылық туындылары да әлем нарығын жаулап жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.