05 Мамыр, 2015

Қостанайда «Ұрпақтар алғысы» атты акция басталды

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
05.05.2015 QostanayҚОСТАНАЙ. 5 мамыр. «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасының бастамасымен  «Ұрпақтар алғысы» атты ұзақ мерзімді әлеуметтік жобаға Қостанай да қосылды. Бұл туралы  egemen.kz тілшісі хабарлады. Қазақстанның барлық шалғайындағы бизнесмендер, кәсіпкерлер Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне көмек қолын созуға дайын екендігін білдірді. Қостанай тұрғыны Надежда Михайловна Жукова соғыс басталғанда 9 жаста ғана болатын. Ол  анасымен бірге партизандарға көмектесті,  оларға  ақпарат, кейде тамақ тасыды. Осыдан 70 жыл бұрын ол қиындықты нәзік иығымен көтеріп жүріп,  Жеңіс туралы  армандады. Қазір  қария нашар естиді, нашар көреді. Оның қызы  ұлттық палатаның  байланыс орталығынан анасының дәрі-дәрмегіне көмектесуді сұраған болатын. Дәрі-дәрмегін үйіне әкеліп берген Ұлттық палата өкіліне Надежда Михайловна алғысын айтты. Демек, тыл ардагері Надежда Жукова «Атамекен» ұлттық палатасы бастамасымен өмірге келген республикалық «Ұрпақтар алғысы» жобасының қатысушысы болып отыр.  Мұндай көмекті алған тыл ардагері Николай Сидоренко да алғысын айтты. Николай Сидоренко: «Соғыс басталғанда мен 8 жаста  едім. Үлкендер секілді еш жұмыстан қалған жоқпын, егін де ектім, жер жырттым, Қызыл армияға азық-түлік дайындадым» деді. Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, ардагерлерге көмек мұнымен шектелмейді, ол жалғасатын болады. Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасы адам капиталын дамыту және әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Сұңқар Сұлтанов: «Кәсіпкерлер халықтың мұндай бөлігін ешқашан назардан тыс қалдырмайды. Федоров ауданында кәсіпкерлер Жеңіс қорын құрып,  ол қаржыға ардагерлердің үйін  жөндеуден өткізді. Облыста  280 адам «Милх», «ИволгаХолдинг», «Баян Сұлу» , «Қостанай ұн комбинаты» секілді ірі шаруашылықтар мен компаниялардан жыл сайын сыйлықтар алып тұрады», деді. Қостанайлық кәсіпкерлер  «Ұлы Отан соғысының ардагерлері» сайтының үздіксіз жұмыс істеуі үшін көмектеседі. Оның үздіксіз жұмыс істеуіне 70 000 теңге ақы керек болды. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: alau.kz