
– Қой, балам, олай айтпа, көкең оңайлықпен ешкімге ақысын жібере қоймайды, – деген шешесі ұлына күлімсірей қарап, – әкең туралы бұлай ой түюіңе не себеп болды?
– Қай күні көрші ағаға дарбазаның бір-екі жерін дәнекерлеткенге бақандай 30 мың теңге берді. Негізі, көрші ақысы деп тегін істеп бере салатын болмашы жұмыс. Оны кез келген дәнекерлеушіні шақырып істетсең, жұмыс ақысы ары кеткенде 10 мың теңгеден аспайды.
– Тағы басқа себептер бар ма?
– Көп қой. Көкем сол көрші ағаға үнемі ақысын жібереді де жүреді. Анада шатырдың бір бұрышын дауыл көтеріп кеткенде, соны бүтіндеу үшін көрші ағаны көмекке шақырып, кетерінде 20 мыңдай ақша берді. Ол түк те істеген жоқ, тек жоғарыға шифер шығарысып көмектескен болды. Жұмыстың көбін көкемнің өзі атқарды. Қанша жыл болды осылай... Айта берсең кө-ө-өп.
– Әкеңнен бұл әрекетінің себебін сұрамадың ба?
– Сұрадым. Кейін түсінесің дейді де қояды. Бұл жерде бас қатырып түсінетін не бар?
– Онда мен айтайын, құлақ сал. Өзің білесің, көрші ағаң үйінен ұзап жұмыс істей алмайды, өйткені әйелі дертті, шиеттей бала-шағасына өзі қарайды. Табысы аз, күнкөрісі төмен, қаржыға мұқтаж. Сондықтан көкең көршіміздің жағдайын түсініп, реті келсе үйге жиі шақырып, оны-мұнысын істеткізген болып, солардың ақысын молынан төлейді. Ал былайша қолына қаржы ұстатайын десе, оған көрші ағаң көнбейді, намысшыл жігіт. Әкеңнің көршіге сен айтқандай жем болуы оған қайырымдылық көрсетудің сыпайы амалы ғой, балам, – деді шешесі.
Шеше сөзінің төркінін түсініп, әкесі туралы әлгі ойы әнтек болғанын біліп қызарақтап қалған бала:
– Мен енді ұқтым, – деді көзі жайнап, жайраңдап.
– Нені? – деді шешесі ұлына мейірлене.
– Бәрін, бәрін... Көкем базарға барғанда сауда-саттықты көбіне қария кісілерден жасайды. Базарға кіреберісте тұратын орыс кемпірдің дәмі келіспеген тұздалған «капустасын» үнемі килограмдап алып кетеді. Базардың аяқ жағында тұратын қазақ кемпірге ерінбей барып, дәл содан «нәски» сатып алады ғой көкем ылғи. Көкемнің мұнысына кейде күліп, кейде ызаланып жүрсем...
– Иә, солай балам. Әлгі орыс кемпірдің тұздалған қырыққабатын өзіміз тауыса алмай, содан көршілерге үлестіріп жүрмін. Қазақ кемпірдің «нәскиінің» өзімізден артылғанын таратпаған адамым жоқ. Ана бір мүгедек кісіден сатып алатын құрт пен талқан үшін арнайы қойма салатын уақыт та болды, – деді шешесі күліп. – Көкең олардың мәселесін түбегейлі шешіп тастай алмайды. Бірақ ізгі ниетімен әлгілер бір күн болса да саудасы жүріп көңілдері жайлансын, бір күн болса да көңілдері тоғайып үйлеріне ерте қайтсын деп, олардан зат сатып алып тұрады. Түсіндің ғой, қайырымдылықты осылай жасауға да болады. Адал еңбекпен күн көруге талпынған жанға ақшалай көмек бере салғаннан гөрі әкең сияқты әдіспен қолдау білдірудің пайдасы да, сауабы да әлдеқайда көп.
Бала басын изеп, шеше сөзін мақұлдаумен болды.