Бейбітшілік және келісім сарайында өткен “Астана” атты мюзиклдің премьерасына Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысты
Осыдан бірер жыл бұрын Францияның астанасы – Париж қаласына жолымыз түскені бар. Әрине, қыдырыстап барғанымыз жоқ. Мақсатымыз – Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық мерейтойын өз елімізде атап өтіп жатқан тұста дала ойшылын Еуропа жұртшылығымен де кеңінен таныстыру болатын. Бұл – айыбы тұлпар болып туғаны үшін, көргені азап пен мазақ болған аяулы тұлға мұрасының сырт елде тұңғыш рет насихатталуы еді.
Бір ғажабы, Парижде де Шәкәрім қажының баға жетпес мұрасымен жете таныс оқымыстылар аз емес екен. Солар шетінен суырылып шығып, қазақ ғұламасының данышпандық қырлары, ойлы шығармалары жайлы өзіндік пікірлерін ортаға салған кезде, төбеміз көкке тигендей болып еді. Алайда, айтайын дегеніміз бұл емес. Сол сапар барысында, әрине, Париждің біраз жерлерін аралап көргенбіз. Осы жолғы қазақстандық делегацияны бастап барған ҚР Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Дулатқызы бізге теңдессіз Луврды көрмей, Мулен-Руждағы қойылымдарды тамашаламай қайтқан адам Парижде болдым деп қалай айтады деп әзілдей отырып, осы орындарға қайткенде де бару қажеттігін айтқан. Алайда, Луврды көргенімізбен, Мулен-Ружға билет табу оңай емес екен. Бұл арада да Жанна Дулатқызы бізге көмекке келді. Бір топ адамды өзі бастап барып, сол күні осы театр өнерін тамашалауымызға мүмкіндік тудырды. Айтса айтқандай-ақ екен. Сол күні осы театрдан бір ғаламат әсер алып қайттық. Тіпті өнері дамыған, өскен-өнген елдің сахнасынан көрген сол музыкалық туындыдан кейін өз елімізді еріксіз еске алғанбыз. Шіркін, қазақ елінде бұл өнер жанрын дамытуға мүмкіндік қашан туады екен деген ойға да келгенбіз.
Содан да шығар, Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында композитор Алмас Серкебаев пен либретто авторы Юрий Кудлачтың “Астана” атты мюзиклі өтеді екен дегенді естігеннен-ақ дегбір кеткен. Дегбіріңнің кететіндей-ақ жөні бар. Неге десеңіз, ең алдымен өнердің бұл жанры елімізде тұңғыш рет қойылғалы отыр. Екіншіден, бүгінде әлемге әйгілі Астана қаласы өнер туындысының арқауына айналып жатса, қалайша желпінбейсің. Әрі мюзикл дегеніміз – синтездік өнер. Ендеше, сан өнерді тал бойына жинаған кімдер болды екен деген қызығушылықпен қатар, жаңаның аты жаңа ғой, сол басты рөлдерде ойнайтын таңдаулыларымыз дүйім елдің алдында өз кейіпкерлерінің жан әлемін жарқыратып аша алса жарады деген қобалжу да жоқ емес. Содан да ғой, шымылдықтың түрілуін асыға күткенбіз. Әдетте, ең алдымен театрға келген адамның сахна декорациясына көз жүгіртетін әдеті. Байқаймыз, сахнада басы артық ешнәрсе көрінбейді. Кәдімгі заманауи ғимараттардың ішін көзге елестететін айқыш-ұйқыш темір жақтаулар. Әне, сахна төріндегі алып экраннан Қазақстанның картасы көрінді де, Астана деген жазудан кейін ізінше қонуға бет алған алып лайнер қалықтап келеді. Сөйтіп, бұл Астана халықаралық әуежайының іші екені белгілі болды. Әуежайда біреуді қарсы алып, екіншісін шығарып тұрғандар да аз емес. Олардың арасында әлемнің әр түкпірінен келген қала қонақтары да жүр. Ерсілі-қарсылы ағылған осынау жұрттың қарбалас тірлігінің бәрі би тілінде бейнеленген. Осы сәтте бір шеттен алматылық дәрігер жігіт Арман Тәжиевтің келе жатқанын көресіз. Ол осы туындыдағы бас кейіпкердің бірі. Арман дәл осы әуежайдан кездейсоқ бала күнгі досы Сержан Бекбаевты кездестіреді. Сержан Астанада тұрады. Касушико Тамура деген жапондық ірі кәсіпкердің хатшысы. Көптен кездеспеген екі дос құшақ айқастыра тұрып, өткен балалық шақтарын еске алып, біраз аялдап қалады. Осы сәт ұшақтан енді түскен жапон қызы Асами Савагучи ортаға озады. Оны Касушико Тамура қарсы алып тұр. Міне, осы тұста сол қызды көзі шалған Арманның оған бірден көңілі ауады.
Асамидің Астанаға келуінің де өзіндік мәнісі бар. Бүгінде сонау тарих қойнауына кеткен соғыс кезінде, яғни Ұлы Отан соғысының аяғына қарай жас жапон солдаты Кеңес елінің тұтқынына түскен екен. Тағдырдың жазуымен Қазақстанға тап болған ол басынан адам төзбес қиындықтарды өткізеді. Алайда, көрер жарығы бар екен, баласы соғыста өлген қарапайым қазақ әйелі күнін өзі әзер көріп жүрсе де сол солдатпен бір жапырақ нанын бөлісіп, оны ажал тырнағынан аман алып қалады. Қазақ әйелінің жан жомарттығына қайран қалған сол солдат тірі болсам, бұл елге қайта айналып бір соғармын деп, өзіне-өзі уәде береді. Алайда, оның маңдайына бұл елдің дәм-тұзын қайта тату бұйырмапты. Дегенмен, ол қазақ сынды дархан халықтың жер әлемде жоқ екендігін ұлы мен немере қызының құлағына сіңіре беріпті. Содан да оның немере қызы Асами қайткенде де Қазақстанға келіп, қиын-қыстау кезде атасына сүйеу болған қазақ халқын, осы халық мекен ететін жерді бір көруді армандайды. Сөйтіп, Астанаға келеді. Жапон қызының бұл сапары оның өміріне түпкілікті бетбұрыс жасайды. Ол да осы әуежай басында кездейсоқ жүздескен Арман атты қазақ жігітіне бір көргеннен ғашық болады.
Алайда бірін-бірі қалтқысыз сүйген қос жүректің табысуы оңайға түспейді. Екеуінің арасына жапондық кәсіпкер Тамура тікендей қадалады. Өйткені, Тамураның да Асамиді жар етсем деген дәмесі бар. Осы кезде Арманның тауы шағылмас үшін оның бала күнгі досы Сержан мен оның сүйген қызы Марина көмекке келеді. Әрі қарай оқиға барысы Шекспир туындыларындағыдай амал мен айла арқылы өрбиді. Ақыр соңында екі жас мұратына жетіп, Астана төрінде қазақы жолмен жар-жар айтқызып, шалқытып той жасайды.
Жарайды, “Астана” мюзикліндегі оқиға белгілі болды. Байқауымызша, мұнда бір-біріне ынтық болып қалған екі жас жайлы айтылатын сияқты. Олай болса, оны неге “Астана” деп атаған дейтін шығарсыз. Өзіміз де сол атаудың мән-маңызын айта кетсек деп отырмыз. Ең алдымен, Астана – жастардың қаласы. Бұл сөзімізді дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Оның шындығына көз жеткізгіңіз келсе, бір сәт жан-жағыңызға қарасаңыз, жетіп жатыр. Және аз ғана жылдар ішінде Арқа төсінен бой көтерген жас қала жаңа әрі тың идеялар тынысын әлемге таратып жатқаны да шындық. Иә, дәл осындай күш-қуатпен буырқанған, бір күнінен бір күні қызық қаланы әлемнің еш нүктесінен таба алмайтыныңыз да күмәнсіз десем, дәл біздің елордамыздай кіл жастар мекен ететін, жастық пен махаббат мекені еш жерде жоқ. Оны өзіміз ғана емес, сырт көз – сыншылар да осы күні жиі айтатын болды. Астана – болашақтың қаласы дейді олар. Бұл жәй сөз емес. Болашақтың қаласы деген сөз – ертеңі бұдан да жарқын, бұдан да нұрлы деген сөз. Ендеше, осындай қалада сандаған тағдырлар тоғысып, сандаған жастар өз арман-мұраттарына жетіп жату заңды емес пе?! Олай болса, мюзиклдің аты да, оқиғаның желісі де өзін-өзі әбден ақтап тұр.
Әдетте кім де болса жаңаға жатырқай қарайды ғой. Сондай жатырқаушылар осынау лирикалық комедияны тамашалап шыққандар арасынан да табылатыны анық. Олардың сөзіне құлақ түрсеңіз, осындай дүние бізге керек пе еді. Өзгеге еліктеудің қажеті қанша? Оның үстіне режиссерді де, суретшіні де, балетмейстерді де сырттан шақырыппыз. Ондай мамандар өзімізде жоқ па дейтіні сөзсіз. Мұндай ешнәрсеге қуана алмайтын, бәріне жатырқап қарайтын адамдардың бірі өзімізге де жолыққан.
– Әрине, керек – дедік біз оған.
– Ал сөзіңді дәлелде, – деді ол бізге.
Біз осы арада қалың оқырманға да ой түюге қажеті болар деген оймен әлгі кісіге шама-шарқымызша берген жауабымызды қайталай кетсек, ең алдымен мұндай көңілді, думанды туындылар бүгінде біздің еліміз үшін ауадай қажет демекпіз. Өздеріңізге мәлім, қазақ халқы мың өліп, мың тірілген халық. Басымыздан небір нәубетті де өткізгенбіз. Бодандық қамытын да кигенбіз. Сөйтіп, еңсеміз езіліп жүргенде Құдай жарылқап, өз алдымызға тәуелсіздік алдық. Жаңа елордамызды салдық, тұрмысымызды түзеп, өнерімізді өркендеттік. Өнер демекші, ұрпақ қамы үшін халқымыз кешкен сан қиындықты да кино, театр тілінде сөйлеттік. Өйткені, өткенді білу арқылы ұрпақтар арасындағы сабақтастықты санада пісіру бізге қажет еді. Содан да шығар, көп жағдайда біздегі өнер туындылары халқымыз бастан кешкен ауыр жайттарды көбірек баяндайды. Міне, осындай дүниелерді көбірек көрген бір жасөспірімнің: осы бізде сәулелі, шуақты шығармалар неге жоқ. Театрға барсаң да, киноға барсаң да қайғы мен қасірет. Адам аяғандай алба-жұлба қазақтар. Тіпті қарап отырып, біздің халық неткен сорлы еді деп ойлайсың – деп күйінгенін де естігеніміз бар. Егер ойға салып қарасақ, сол жасөспірімнің сөзінің шындығы да жоқ емес. Үсті-басының өрім-өрімі шыққан өз ағайындарымыздың өлмелі тірлігі, өзгенің оларды басынып мал орнында көруі, бас көтергендерін жұрттың алдында масқаралап, тіпті атып тастауы бәріміздің де талай рет жүрегімізді қан жылатқан жоқ па еді. Бұл жерде мен осындай дүниелерді көрсетудің қажеті қанша деп отырғаным жоқ. Қалай болғанда да бұл халқымыз бастан кешкен ащы шындық. Мұның бәрі намысымызды түрткілеп, жігерімізді жануға толайым еңбек сіңіргені де анық. Әлі де сіңіре беретіні күмәнсіз дей отырып, бүгінгі тәуелсіздік тұсында бір ет, бір май дегендей, сол дүниелермен қатар, еңсе тіктеген тәуелсіз еліміздің тыныс-тіршілігін, жастарымыздың жарасымды шаттығын өнер тілінде сөйлете білсек айып па? Айыбыңыз не, бұл тіпті қажеттілік қой. Иә, қазақтың да барын жарқыратып, жайнатып көрсететін кезеңі келді. Ендеше, мұндай дүниелерді, көңілге шуақ себетін елордамыздың барша жұрттың бақытты ордасына айналып отырғанын, яғни бүгінгі өмір көркін сахна төрінен айтуға тиіспіз.
Ал енді өзге жұртқа еліктеу дегенге келсек, қазақ “үйрен де жирен” деген ғой. Осы сөздің түп тамырына үңілсеңіз, бұл дүниеде мынау тек орыстікі, мынау тек қытайдікі деп қатып қалған ешнәрсе жоқ. Жұрттың бәрі бір-бірінен үйренеді. Жақсысын жетілдіріп, жасығын тастайды. Сөйте-сөйте бір халықтың дәстүр-салты екінші бір халықтың бойына сіңеді. Тіпті, оның әу бастағы тегінің қайдан шыққаны да ұмытылып кетуі әбден мүмкін. Алысқа бармай-ақ, осы арада қазіргі голландиялық жауқазын деп әспеттеп жүрген гүлдің арғы тегі қазақ даласында өсетін кәдімгі қызғалдақ екенін бүгінде жұрттың бәрі біле ме? Өнер де сол сияқты. Рас, мюзикл алғашында Америкада көктеген өнердің бір жанры. Анықтап айтсақ, өткен ғасырдың бас жағында, яғни 1930 жылдардан бастау алған осындай көңілді, шуақты қойылым Америка халқына мейлінше ұнаған болатын. Айталық, 1943 жылы Р.Роджерс пен О.Хаммерстайнның Бродвейде қойылған “Оклахома” атты лирикалық комедиясының көпшілікке ұнағаны соншалық, Нью-Иорктің драма лигасы оған “Ғасырдың ең таңдаулы мюзиклі” деген атақ берген болатын. Осылайша “Оклахомадан” басталған өнердің бұл жанры өрістей келе У.Шекспирдің, М.Сервантестің, Ч.Диккенстің, Б.Шоудың және т.б. әлемге танымал қаламгерлердің туындыларын мюзиклге айналдырған болатын. Мюзиклді өзге жұрт та бұл америкалықтардың ғана еншісі деген жоқ, жапатармағай осы жанрды өз елінде дамыта бастады. Бұл арада осы өнер түрімен бүгінде әлемді аузына қаратып отырған жұрттың бәрін санамалап жатпай-ақ, көршілес жатқан Ресейде осынау ойнақы да отты жанрдың бүгінде жолы болып, көрермені де азаймай отырғанын көзіміз де көріп жүр. Сондықтан да елімізде алғашқы мюзиклді қоюға, осы жанрдың қыр-сырын жете білетін, мол тәжірибе жинақтаған мамандарды да осы елден шақырып отырмыз.
Атап айтқанда, “Астана” мюзиклінің қоюшы режиссері Юрий Александров та, қоюшы суретшісі Вячеслав Окунев те, қоюшы балетмейстері Владимир Романовский де Санкт-Петербург қаласынан келіп отыр. Және бұл олардың біздің еліміздегі алғашқы ізашары емес. Ю.Александров пен В.Окунев Алматыны айтпағанда, тек Астанадағы К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының сахнасында оншақты классикалық туындыларды қойып, кәсіби шеберліктерімен көп көңілінен шыққанын бәріміз де білеміз. Сондай-ақ осынау театр мамандарының бұдан бірнеше жыл бұрын Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Е.Рахмадиевтің “Абылайхан” операсын қойғаны да есімізде десек, осы спектакль үшін олар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған болатын. Міне, қазақтың болмыс бітімінен, ұлттық психологиясынан толық хабары бар осындай кәсіби шеберлерден біздің мамандарымыздың үйренуіне, тәлім алуына бұл жолы да зор мүмкіндік туып отыр деп білеміз.
Әрине, өнердің қай түрінде болса да өз халқыңның тыныс-тіршілігі, мінез-құлқы сайрап жатқанына не жетсін. Десек те ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. “Астана” мюзиклінде бас кейіпкер Арман айтатын “Құсни Қорлан” әні, сол әнді тыңдаған Асамидің “Неткен ғажап тіл” деп таңдай қағуы да қазақ халқының бітім болмысын бір көтеріп кеткендей. Жоғарыда біз сахна декорациясы мүлдем жоққа тән екенін айтқанбыз. Сөйтсек, декорацияның бар міндеті – сахнадағы алып экранға жүктелген екен. Ең ұтымды тұс та осы болған сияқты. Өйткені, сахна төрінде өрбіген әр оқиғаның тынысын экрандағы көріністер бірінен кейін бірі алмасып, одан әрі айшықтай түскені ақиқат.
Сөз басында біз актерлер құрамы күткен үдеден көріне білсе жарады деп қобалжығанымызды да айтқан едік. Себебі, өнердің бұл жанры ән айтып, би билеу, әрі сахна шеберлігін жетік меңгеруді талап етеді. Олай болмаған жағдайда, жұрт көңілінен шыға алмайсың. Ал көп көңілін қалдыру – өнер адамы үшін өліммен тең. Бекер обалы не керек, бұл мюзиклде ойнайтындар талай сыннан өтіп, әбден іріктелген жастар екен. Былтыр, яғни 2009 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі өнердің әр саласын дамытуға арналған “Тәуелсіздік толғауы” атты байқау жариялағанда, композитор Алмас Серкебаев пен драматург Юрий Кудлачтың осы “Астана” мюзиклі гран-приді жеңіп алған болатын. Міне, содан көп ұзамай, бұл дүниені сахнаға қою үшін жастар арасында іріктеу жұмысы жүргізілгенінен де, бұған Алматы, Астана, Шымкент театрларынан және қос астанадағы өнер ордаларынан көптеген талантты жастарымыздың қатысқанын да естігенбіз. Енді, міне, солардың арасынан ерекше көзге түскендер, яғни бас кейіпкердің бірі Арман (Нұржан Баженов, Ерлан Жандарбаев, Асами (Айгүл Ниязова, Әсем Сембинова), Сержан (Талғат Мұсабаев, Андрей Трегубенко, Талғат Ғалиев), Марина (Гүлжанат Сапақова, Елена Гонжа, Оксана Давденко), Тамура (Болат Есімхан, Евгений Чайников) рөлдерін сомдаған жастар оны өз биігінде алып шыққанына бәріміз куә болдық. Былайша айтқанда, жастардың тілегі бір, жібектің түйіні бір дегендей, олар өздерін өздері ойнап жүргендей сөздері де нық, қимыл-қозғалыстары да жатық, ән-билері де әуезділігімен, әсемділігімен жүрек тербеген.
Тек көңілге кірбің ұялатқан тұс, Асамиді қызғанып, Тамураның жандайшаптарына Арманды соққыға жыққызатын сәті. Өз елінде жүрген, өз төрінде отырған адамды сырттан келген келімсектің шаңыраққа қарамай соққыға жыққызып, басынуы бір түрлі ішіңді қыз-қыз қайнатып жібергендей болады. Сондай-ақ, Тамураның алдында Сержанның тізе бүгіп, жалынуы да (мейлі, өз амал-айласын іске асыру мақсатында болса да) біздің халықтың болмыс-бітіміне келіңкіремейтін сияқты. Жалпы, қазақ нендей жағдайда да біреудің алдында құлдық ұрып, бас имеген ғой. Олай болса, сол иілмеген басты еңкейтпей-ақ қойғанымыз жөн емес пе дей отырып, алдағы уақытта сол көріністерді басқаша беруді де ойлансақ артық болмас еді деген ойдамыз. Әрине, бұл менің жеке өз көзқарасым.
Көңілде жылылық үйірген тұстың бірі – Арман мен Асамидің үйленіп, Бәйтеректің басына көтерілуі, ал жан-жағындағы күннің шапағындай күміс ленталарды сандаған ұлт жастарының киіз үйдің керегесі тәріздес етіп, керіп тұруы бұл бірлігі жарасқан еліміздің бүгінгі тынысын көзге елестетер көріністер десек, спектакль соңынан жасөспірім қыз бен жігіттің жұрт алдына шығуы – қазақ елінің келешегі бізбіз деген ойды айтып тұрғандай. Жалпы, мюзиклдің айтар ойының түп қазығы да осы. Елдің иесі де, Астананы көркейтетін де сол жастар.
Әрине, алғаш қойылып отырған мюзиклдің қазақша сөйлемегені де көңілге дық салған. Алайда, үміт те жоқ емес сияқты. К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиевтің айтуынша, бұл дүниенің қазақша нұсқасы дайындалып та жатқанға ұқсайды. Құдай бұйыртса, күзге қарай бұл туынды қазақ тілінде көрсетіліп, одан әрі оны облыстарға апарып, шет ел жұртшылығының назарына ұсыну да ойдағы іс екен.
Біз лирикалық комедиядан кейін осы туындының композиторы Алмас Серкебаев пен либретто авторы Юрий Кудлачқа және қоюшы режиссер Юрий Александровқа жолығып, осы қойылым жөнінде ой бөлісуді сұрағанбыз.
Суретті түсірген Игорь Бургандинов.
Лебіздер
Алмас СЕРКЕБАЕВ, композитор:
– Мен өз елімнің бүгінгі тыныс-тіршілігін, сәулелі де, жарқын сәттерін бейнелейтін мюзикл жазуды көптен армандап жүретін едім. Сол арманыма Мәдениет министрі, ұлт жанашыры Мұхтар Құл-Мұхаммед өткен жылы түрткі салды. Тіпті, негізгі идеяны да өзі айтып берді. Бар оқиға Астана, Бәйтерек, қазақ жігіті мен жапон қызы арасындағы махаббат жайында өрбуі тиіс деді ол. Сөйтіп, бұл дүниені тезірек бітіріп, “Тәуелсіздік толғауы” байқауына қатысуға да кеңес берді. Міне, осыдан кейін-ақ менен дегбір кетті. Германияда тұратын ескі досым Юраға телефон шалып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырдым. Бүгінде телефон, интернет байланысы жолға қойылған ғой. Арадағы жер шалғайлығы да байқалмады. Сөйтіп, өткен жылдың қыркүйегінен желтоқсанның басына дейін жатпай-тұрмай, екеуміз жұмыс істедік. Енді осы дүние өз отандастарымның көңілінен шықса, бір арманымның орындалғаны, бір міндетімнің жүзеге асқаны деп білемін. Сенесіз бе, Америкада тұрсам да мен түсімде тек қазақтың жерін көремін, шамасы қазақтың кіндігінен байланған дегені осы шығар.
Юрий КУДЛАЧ, суретші:
– Мен біраз елді аралап, талай жердің дәмін татқан адаммын. Бірақ, осы Астана тәрізді буырқанған бояулы қаланы еш жерден кездестірген емеспін. Иә, мұндай жастық жалыны лаулаған қаланы әлемнің қай түкпірінен іздесең де таппайсың. Өзіміз жиі айтып жүретін әйгілі қалалар асарын асап, жасарын жасаған қартаң адамды көзге елестетсе, Астана білігіне білімі сай, күш-қуаты тасыған жас жігіт тәріздес. Демек, бұл болашақтың қаласы. Ал осындай қала жайлы, оның жарқын жүзді, мақсаты айқын жастары жайлы еңбек жазу бақыты өзіме бұйырғанына мен де дән ризамын. Ендігі тілегім, сол еңбегім ақталып, көп көңіліне шуақ сыйласа екен деймін.
Юрий АЛЕКСАНДРОВ, қоюшы режиссер:
Мен біраз жылдан бері ҚР Мәдениет министрлігімен, қазақстандық әріптестеріммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келемін. Өзіңіз білесіз, Абай атындағы және К.Байсейітова атындағы опера және балет театрларының сахнасына біраз шығармаларды да қойдым. Оны дәл қазір санамалап айтып жатуды, әрине, артық көріп отырмын. Ол еңбектерім үшін даттау емес, мақтау естіп жүрмін. Сол дүниелерді құлшына қолға алуыма қазақ халқына деген менің ізгі ниетім себеп болып отырған да болуы керек. “Астана” мюзиклін қоюға да қуана келістім. Қазақстанда талантты адамдар көп екенін көзім көріп жүр ғой. Солардың арасынан осы дүниенің ішкі мән-мазмұнын ашуға лайық жастарды таңдау да қиынға түспеді. Оның тағы бір себебі, сол жастардың бәрі Астананың келешегіне, оның бақыт пен бірліктің ордасы екеніне нық сеніммен қарайтындығы болса керек. Расы да осы, жастардың өз қаласына деген жүрек лүпілі осы туындыда да айқын көрініс тапты десем де болады. Әлгінде өзіңіз көрдіңіз ғой, екі жастың жолына тосқауыл болған Тамураның өзі де бақытын Астанадан табады. Бұл дегеніңіз, Астананың ешкімді жатырқамайтын, құшағы кең, жүрегі ашық қала екендігін, елдіктің, бейбітшіліктің символына айналғанын білдіреді.