Вьетнам «ЭКСПО-2017»-ге қатысатынын ресми растады
29-30 шілдеде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына сапары өтті.
Сапар аясында Рәпіл Жошыбаев Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ву Дык Даммен, Мәдениет, спорт және туризм министрінің орынбасары Хюинь Винь Аймен, Сыртқы істер министрінің орынбасары Буй Тхань Шонмен, сондай-ақ, жергілікті ірі компаниялар басшыларымен кездесті.
Вьетнам Премьер-министрінің орынбасарымен кездесу барысында екі елдің ынтымақтастығы мен келешегі мәселелері талқыланды. Ву Дык Дам әртүрлі деңгейде сапарлар алмасу Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қарым-қатынастың дамуына мүмкіндік туғызатынын және Вьетнам үкіметінің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу туралы ресми шешімін қабылдағанын мәлімдеді. Өз кезегінде, Рәпіл Жошыбаев Вьетнамның Астанадағы халықаралық көрмеге қатысуы Қазақстан-Вьетнам серіктестігінің күшеюіне жаңа мүмкіндік туғызатынын атап өтті.
Вьетнам Мәдениет, спорт және туризм министрлігінде ведомство басшысының орынбасары Вьетнамның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатыны туралы уағдаластыққа қол қою және елдің Ұлттық комиссарын ұйымдастыру мәселелерін талқылау үшін өз елінің өкілін Қазақстанға жіберуге дайын екенін айтты.
Сұхбаттастар, сонымен қатар, туризм саласында бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы, екі ел астанасы арасында әуе қатынасын ашу мен Қазақстанның Вьетнамда туризм әлеуетін жақсарту мүмкіндігі мәселелерін талқылады. Бұл ретте, қазақстандық туристердің Вьетнамға қызығушылығы артып келе жатқаны атап өтілді. Бұған қазақстандық «Эйр Астана» әуе компаниясының 2013 жылдан бері іске қосылған Алматы – Хошимин бағытындағы әуе қатынасы ықпал еткені көлденең тартылды.
Вьетнам Социалистік Республикасының сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасарымен кездесуде Р. Жошыбаев Вьетнамның қайта құру жолындағы жетістіктерін, әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүргізіліп жатқанын және нарықтық экономикалы мемлекет құру жолындағы іс-қимылдарды Қазақстанның жоғары бағалайтынын атап өтті. Буй Тхань Шон Вьетнам мен ЕАЭО елдері арасындағы қол қойылған еркін сауда аймағы туралы келісім аясында Вьетнам үкіметі жақын арада Қазақстан азаматтарына біржақты визасыз тәртіп енгізу мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады.
2015 жылы 30 шілдеде «ЭКСПО-2017» комиссары 70-ке жуық вьетнамдық компаниялар қатысқан «Doing Business in Kazakhstan» атты бизнес-форумда сөз сөйледі. Р. Жошыбаев Қазақстанның инвестициялық ахуалы, вьетнамдық бизнес үшін сауда, инвестиция және туризм мүмкіндіктері мен Қазақстанның «ЭКСПО» көрмесіне дайындығы туралы хабардар етіп, Вьетнам іскер топтарын көрмеге қатысу шарттарымен таныстырды.
Форум шеңберінде «ЭКСПО-2017» атты тақырыптық тұсаукесер мен Қазақстанның халықаралық көрмеге дайындығы жайлы бейнеролик көрсетілді.
Форум қорытындысы бойынша «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ пен Вьетнамның «Saigontourist» жетекші туристік компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Р.Жошыбаев, сонымен қатар, вьетнамдық «VTV1» және «VTV4» ірі мемлекеттік телеарналарына сұхбат берді.
Осы арада атап көрсететін жайт, Вьетнам Халықаралық көрме бюросының (ХКБ) мүшесі болып табылады. Елдің ХКБ аясында ұйымдастырылған «ЭКСПО» көрмелерінде жинақтаған тәжірибесі мол. Вьетнам павильондары соңғы 4 көрмеде мына қалаларда: Сарагоса (Испания), Шанхай (ҚХР), Ёсу (Оңтүстік Корея) және Милан (Италия) ұсынылған болатын.
Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 2015 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы көрсеткіш бойынша 73,7 млн. долларды құрады (Қазақстаннан экспорт 495,3 мың доллар, Қазақстанға импорт 73,3 млн. доллар), 2014 жылы 271,9 млн. доллар (экспорт – 1,7 млн., импорт – 270,2 млн.), 2013 жылы 233,3 млн. доллар, ал 2012 жылы 121,9 млн. доллар.
Сәулебек БІРЖАН.